Өткен аптада АҚШ-тың ауылшаруашылық министрлігі 104 мемлекеттің азық-түлікке қаражат жұмсау көлемі бойынша рейтингін жасады. Қазақстан – 96-орында, азаматтарымыз табысының 45 пайызға жуығын тамаққа бөледі екен. Бұл – әлем бойынша ең нашар көрсеткіштің бірі. Мұның себебі неде? Әне-міне, дамыған отыз елдің арасына кіреміз десек те, жалақымыз неге нан-судан аспай отыр?
Сөз болған рейтингтің көшін АҚШ, Сингапур және Ұлыбритания бастап тұр. Бұл елдердің халқы күнделікті азық-түлігіне қаражаттың 6-8 пайыз ғана үлесін жұмсайды екен. Ал экономикалық одақтас деп жүрген Ресей мен Беларусь елі 28 және 32 пайыз ақшасын тоңазытқышты толтыруға бөледі. Бәлкім, бұл Американың өзін ұлықтау үшін әдейі шығарған рейтингі болар. Мүмкін, біздің көрсеткішімізді әдейі төмендеткен шығар? Жоқ, бұл мәліметті елдің Статистика комитеті де растайды. Олардың дерегінше, қазақстандықтар тамаққа жалақысының 50 пайызын шығындайды. Ресейлік «Рейтинг» агенттігі 2 ай бұрын Еуропа елдерінің арасында дәл осындай тізім шығарған. Онда да біз көш соңында қалдық, ол кезде дастарқанды толтыруға еліміздің азаматтары ақшасының 46 пайызын жұмсайды делінген. Қысқасы, бұл рейтингтер бір нәрсені көрсетіп тұр. Біз табысымыздың тең жартысын қарын тойдыруға бөлеміз және бұл көрсеткіш бойынша Еуропаның да, әлемнің де соңындамыз. Ал сонда бұған дейінгі Ауылшаруашылық министрлерінің «Қазақстан өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етті», «Ең басты өнімдерді өзіміз өндіреміз» деп көкірек жырта көпіргені қайда қалды? Халықтың басым бөлігі тек тамаққа ақша жеткізу үшін ғана жұмыс істеп, өмір сүріп жатқан жоқ па?
Бағаның өсу себебі. 2019 жылдың қараша айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рустам Ахметов 1 жылда жалпы азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттағанын айтып, оның себебін түсіндірген. Мәселен, қарақұмық – 70 пайызға, күріш – 31 пайызға, ұн – 30 пайызға, сиыр еті – 16 пайызға. Себеп неде? Сиыр саны азайды ма, күріштің бітік өсуіне су жетпей қалды ма? Мәселе – неде? Жоқ, даудың басы тағы да Еуразиялық экономикалық одақта екен. Қазақстан Ресей және Беларусьпен бір экономикалық кеңістікте болғаннан соң олардағы баға өсімі бізге де әсер еткен. Бұдан бөлек, биыл бидай аз өнім берген, сиыр тірі күйінде Өзбекстанға көбірек сатылып кеткен. Бұл – былтырғы себептер. Одан басқа сан жылдардан бері бәрі айтып келетін, бірақ шешілмеген фактор да бар. Ол – арадағы алыпсатардың көптігі, егінді ору жұмысының жоспарланбауы, өнімді дұрыс сақтамау, жеткізу жолдарының жүйеленбеуі.
Қарапайым сөзге салсақ, соңғы жылдары 60 теңге болған бір бөлке нан қазір дүкендерде 120 теңге тұрады. Бес жыл бұрын 1 200-1 500 теңгеге бағаланған сиыр етін қазір елорда базарында 2 300 теңгеге сатып аласыз. Бір уақытта 200-250 теңге деп саудаланған қияр мен қызанақ қыс уақытында 1 200 теңгеге жетіп жығылады. Яғни, пайызға шақсақ, 200-250 пайыз қымбаттаған тауар түрлері жиі кездеседі. Ал бірақ қазақстандықтардың табысы соңғы жылдары осынша есе көбейді ме? Оған жауапты өзіңіз беріңіз.
Қысқасы, жоғарыда сөз болған Рустам Ахметов қазақстандықтар азық-түлікке неге табысының тең жартысын жұмсайтынын түсіндіріп берді. Алайда тапқан әр теңгесін санап отыратын отандасымызға шенеуніктің түсініктемесінен гөрі арзан азық анағұрлым қажет, яғни нәтиже керек. Енді сол Ахметовтің берген дерегіне көз жүгіртейік. Егер көлік пен жанармай, азық-түлік бағасы Ресейдегі бағаның әсерінен үнемі өсіп отырса, біз Еуразиялық экономикалық одаққа неге мүше болдық? Өкінішке қарай, бізге бұл сауалды ешкім қоймады. Парламент кезінде бір күнде бір кісідей жаппай дауыс берді, «нәтижесін» енді көріп жатырмыз. Ал Ахметовтің алыпсатардың көптігі, сақтау қоймасының жоқтығы, логистиканың жүйеленбеуі деген түсініктемесін түсіну қиын. Неге? Себебі 2007-2008 жылдары отандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі кеңінен талқылана бастағанда дәл осы факторлар бағаның өсуіне ықпал етіп отырғаны айтылатын. Сонда арада 11-12 жыл өтсе де, ол түйткілдің шешілмеуінің себебі неде? Әлде олардың шешілуіне қарсы мүдделі лоббистер бар ма?
Шешілмеген ескі мәселе. Экономикалық зерттеулер институтының жетекшісі Руслан Сұлтановтың пікірінше, азық бағасының өсуіне ортадағы алыпсатарлар мен тауар жеткізушілер қатты ықпал етеді. Олар әдетте сауда-логистика жүйесі жабық болғанда пайда болады. Сарапшының пікірімен келіспеуге амал жоқ. Жеміс, көкөністерді ұзақ сақтау қоймалары өз алдына бөлек шешілмеген мәселе. Аталған түйткілдерді тарқату үшін кезінде әр өңірде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құрды. Олардың бюджеттері де ауқымды. Бүгінде олар не істеп отыр? Өкінішке қарай, ірі қалалардағы азық бағасын реттеуге ол ұйымдардың әсері бар деп айтуға ауыз бармайды. Себебі базардағы сатушылар жеміс-жидек, көкөністің елдің оңтүстігінен не Өзбекстаннан, не Қытайдан келгенін айтады. Ал ірі супермаркеттер кейбір жеміс түрлерін тек шетелден алдыратынын тауар белгісінен байқауға болады. Сонда әлгі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлі не? Олар бюджет қаражатын қайда жұмсап жатыр?
Оғаш әдіс. Олар түк істемейді демейміз. Істейді. Бірақ амалының тиімділігіне күмән көп. Мәселен, 2019 жылы Алматы қаласы әкімдігі Magnum Cash and Carry супермаркеттер желісіне 1 млрд 780 млн
теңге берген. Мақсат – дүкен белгілі уақыт аралығында пияз, картоп, сәбіз, орамжапырақ бағасын 10-30 теңгеге арзан сатуы тиіс. Мұндай уақытша шаралар тиімді ме? Magnum бағаны белгілі мерзімге дейін ұстап тұрады. Ал кейін ше? Тағы 1 млрд 780 млн теңге сұрай ма? Басқа супермаркеттегі, базардағы, шағын дүкендегі баға ше? Оларды әкімдік қалай бақыламақ? Бәлкім, бюджет ақшасын супермаркеттерге таратқаннан гөрі сол пияз, картоп, сәбіз, орамжапырақты өсіретін шаруа қожалықтарына субсидия не басқа да қаржылық инструмент ретінде беріп, бәсекені арттырып, бағаны нарықтың күшімен ұзақ мерзім қалыпта ұстаған тиімді емес пе еді?
Ғажап Нидерланд агросекторы. Азық-түлік бағасы геометриялық прогрессиямен өскен соң аталған түйткілді өзге елдер қалай шешіпті деген сауал амалсыз туындайды. Алдымен назар Нидерландқа түседі. Себебі жер көлемі бар болғаны – 41 мың шаршы шақырым. Еліміздегі жер көлемі ең кіші өңір – Солтүстік Қазақстан облысына екі Нидерланд сыйып кетеді. Міне, осы ел қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан Еуропада көшбасшы, әлем бойынша АҚШ-тан кейін екінші. 2019 жылы агросектор өнімдерін экспорттаудан 102,3 млрд доллар тапты. Бұл – өте үлкен жетістік. Ендеше аталған шағын ел оған қалай жетті? Әрине, ғылым мен технологияның арқасы. Егер қатардағы фермерлер жарты гектар жерден 9 тонна картоп алса, мұнда 20 тонна алады. Бұл елде жер жыртқан фермерді кездестіру қиын. Себебі көбіне трактор автономды басқарылады. Ал көктегі квадракоптерлер топырақтың құнары мен ондағы су мөлшері туралы ақпарды фермердің компьютеріне жіберіп тұрады. Нидерланд мұндай деңгейге Вагенинген университеті мен отбасылық ірі шаруа қожалықтарының көмегімен жеткен. Өйткені бұл мемлекеттің агросекторында ғылыми жетістіктер кеңінен қолданылады. Оған қоса, бұл елдегі ірі 25 агрокомпанияның 8-і өнімдерді терең өңдеумен айналысады. Бұл – пайданы еселеп әкелетін сала. Ол үшін өздері 60 млрд доллардың агротауарын сатып алады. Кейін оны терең технологиялық өңдеуден өткізіп, құнын арттырып, өзгелерге экспорттайды.
Нидерланд тек дайын өнімдерді ғана экспорттамайды, сондай-ақ жемістердің дәні мен тұқымын
(1,8 млрд доллар), агротехниканы (9,8 млрд доллар) да сатады. Ал ең көп пайда әкелетін – сүт өнімдері мен жұмыртқа, ет, көкөніс және түрлі жемістер. Әр бағыт кемі 6-8 млрд доллар пайда әкеледі. Сондай-ақ Нидерланд – гүлдер мекені. Былтыр гүл экспортының көлемі 10,2 млрд долларға жетті.
Сөз соңында. 18-19 ғасырда ғұмыр кешкен француз кулинары, философы Жан Антельм Брийе-Саварен «Ұлттың тағдыры оның тамағына байланысты» деп қысқа түйіндепті. Біздің халықтың тағдыры болмаса да, отбасылық бюджет шығыны, денсаулығы, мәдени деңгейі жанама түрде азық-түлік бағасына байланысты десек, ағаттық болмас. Себебі 2 ай бұрынғы рейтингте халқымыз табысының 47 пайызын тамаққа, ал мәдени салаға бар болғаны 1,8 пайызын жұмсайтынын көрсетті.
Бұған дейін Үкімет азық-түлік бағасын бақылау үшін талай бағдарламаны іске қосты. Әкімдерге де ұрысып тұрады. Бірақ шаруа қожалықтары субсидия мен несиені қажетті деңгейде алып, өнімнің саны мен сапасын арттырып, баға бәсекенің арқасында әрі нарықтың күшімен реттелмесе, мемлекеттік-әкімшілік инструменттер тиімді болмай тұр... Ал Үкімет қаласа, жауыр болған арадағы алыпсатарлар мәселесін түбегейлі шешуге қауқары жетеді-ақ. Әрине, егер қаласа.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА