Санаға да, салаға да серпіліс керек
Санаға да, салаға да серпіліс керек
© коллаж: Елдар Қаба
568
оқылды
Адам жанына араша түсу оңай емес. Енді медицина саласында жүрген ақ халаттылар лицензиялаудан өтеді. Яғни, әрбір дәрігер өз лицензиясы үшін «басымен» жауап береді. Онсыз да медицина мамандары арасында тапшылық болып жатқанда бұл жығылғанға жұдырық емес пе? Әлде саланы сапасыз дәрігерлерден тазарта ала ма? Ақ халаттылардың мәртебесін көтеру үшін тағы не істеледі? Заң жобасы қабылданса, ли­цен­зиясыз дәрігерлер ешқайда жұмысқа тұра алмайды. Бұл саладағы қызмет сапасы мен дәрігерлердің мәрте­бе­сін арттыру үшін жасалмақ. Ден­сау­лық сақтау министрі Ажар Ғиният жыл сайын медицина қыз­меткер­лерінің үстінен шамамен 300-ге жуық қыл­мыс­тық іс қозғала­тынын айтты. Оның көбі хирургия­лық бейіндегі мамандарға қатысты екен. Себебі бұл бағытта өлім-жітім деңгейі жоғары.
– Жұмысын дұрыс ат­қара алмаған кейбір дәрігерлер бір ұйымнан шығып келесі ұйымға жұмысқа тұрып жатады. Бұл заң жобасы бойынша әр медициналық қызметкер өзінің лицензиясымен жауап береді. Яғни, лицензиясы болмаса, жұмыс істей алмайды. Ешқайда жұмысқа тұруына мүм­кіндік жоқ, – деді Ажар Ғиният.
Заң жобасын әзірлеу үшін ми­нистрлік 2018-2020 жылдары жеке әрі заңды тұлғалардан келіп түскен және қаралған өтініштерге, сондай-ақ 2017-2020 жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерге талдау жүргізген. Осылайша, министрлік Мәжіліске «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне денсау­лық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Бұл – медицина қызметкерлерінің мәр­тебесін арттыруға, науқастардың құқықтарын қорғауға және меди­циналық көмектің сапасын артты­руға бағытталып отырған жоба. Дәрігерлердің жеке өмірін шектеуге болмайды Медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игі­лігі үшін үнемі қауіп-қатермен бай­ла­нысты мамандықтарға жата­ды. Яғни, күрделі әрі жауапты ма­ман­дық. Алайда бұл ауыр еңбек қоғамда тиісті деңгейде бағаланбай отыр. Сондықтан пациенттерге қатысты келтірілген зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін ме­дицина қызмет­керлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйе­сін де кезең-кезең­мен енгізу көзделген.
– Бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және жалпы Қазақстан денсаулық сақтау саласының халықаралық аренада­ғы жақсы рейтингіне ықпал етеді. Қазір «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 270-бабында медици­налық көмек көрсету кезінде па­циенттің өміріне немесе денсау­лы­ғына зиян келтірілген жағдайда ме­дицина қызметкерлерінің кә­сіп­тік жауапкершілігін сақтандыру құ­қығы заңнамалық түрде бекі­тіл­ген. Ондай норма бар, ал заң жоба­сы осы қадамдарды іске асыру жол­дарын бекітеді,– деді Ажар Ғиният.
Ал заңгер, қоғам белсендісі Анна Димитриевич Парламентке енгізілген жаңа заң жобасында медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеттемелерін лайықты орындамағаны үшін жазаны гума­низациялау, сонымен бірге Қыл­мыстық кодекстің 317-бабының («Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») жазасын жеңілдету ұсынылып отырғанын, бұған өзінің қарсы екенін жеткізді. Өйткені ол кәсіби жұмыс бабында дәрігерлер денсаулығынан айырған сырқаттарды қорғайды. Бүгінде қателік жіберген ақ халаттылар өзін айыпты санамақ түгіл, тіпті кешірім сұрамайтын көрінеді.
– Министр денсаулыққа абай­сызда орташа және ауыр зиян кел­тіргені үшін айыппұл мен тұтқындау мерзімін төмендетуді ұсынды. Нау­қасты өлтірсе, «бас бостан­ды­ғы­нан айыруды» бостандыққа шы­ғаруға ауыстырмақ. Ол заң жоба­сында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізі­летінін қосты. Бірақ сақ­тан­дыру тү­­рінде ұсынылған жауап­кершілікке тарту әдісі ха­лыққа ештеңе бермейді, азаматтар­ды қор­ғамайды. Бұл – жай көзбояу­шылық. Қазірдің өзінде заң жұмыс істемейді, 10 жағдайдың бі­ре­уінде ғана дәрі­гердің қателігін дә­лелдеу мүмкін болады,– дейді заңгер.
А.Димитриевичтің айтуынша, қаншама адам жыл сайын дәрігер­лердің қателігінен «дертті» болып жатады. Біразы өмір бойы мүгедек болып қалды. Адам өлтірсе де, жа­задан құтылып кеткен дәрігерлер де бар. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі осы арқылы саладан кадрлардың кетуіне тосқауыл қоюға ниетті. Бірақ мұны халықтың ден­саулығы есебінен жасауға болмайды. Саладағы мамандарды жалақыны көтеру арқылы да көбейтуге болады. Қазір ақ халаттылардың басым көпшілігі мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана ала алмайды. Сол себепті дәрігерлерге де үй кезегінде тұруға мүмкіндік жасау керек. Ал медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеевтің пікірінше, адам өлтірген дәрігер­лердің сотталмай, тек караокеге, түнгі клубтар мен той-томалаққа бару бостандығының шектелуі дұ­рыс емес. Маманның бұлай деуіне заң жобасында дәрігерлердің түнгі клубтарға, караокелер мен барларға баруына тыйым салынғалы жатқаны туралы пікірлер себеп болса керек.
– Дүниежүзі бойынша дәрі­гер­лердің жасаған қателігінің шығы­нын өтейтін арнайы сақтандыру компаниялары бар. Егер дәрігер білместікпен қателік жасаса, оны кешіруге болады. Ал өзі біле тұра, білігінің жетпейтініне көзі жетіп тұрып қателік жасаса, оны кешіруге болмайды. Қателік жасаған дәрі­гер­ді тұрмыстық жағдайда шектеуге болмайды. Дәрігерлер де қарапайым азамат. Олардың кәсіби өмірі мен жеке өмірі бір-бірімен араласпауы керек, – дейді Қайырғали Көнеев.
Лицензиялау сапалы кадрларды іріктейді Қазір сабаққа бармаса да, бір­­неше жыл ілініп жүріп оқып, дип­лом алатын мамандар бар. Мұндай дәрігерлер күрделі ота жасамақ түгіл алдына келген науқасқа дұрыс диагноз қоя алмайды. Сондықтан да дәрігерлерді лицензиялау сала­дағы сапасыз мамандар мен қыл­мыстық жағдайлардың азаюына әкеледі. Қайырғали Көнеевтің ай­туынша, медицина кадрларын даяр­лау сапасын арттыру үшін дипломға дейінгі кезеңде де, дип­ломнан кейін де үлкен жұмыс жүр­гізуі керек. Дә­рігерлер мен медби­келерді лицен­зия­лау сияқты бүкіл әлемде мұндай функция бар. Ме­дицина қызмет­кері, дәрігер немесе медбике жұ­мыс­қа кіріспес бұрын және қызметті жүзеге асыруға, па­циентке медици­налық қызмет көр­сетуге құқығы бар. Оған лицензия алуы қажет. Лицензия үшін күрделі емтихан тапсыру керек. Бірқатар елде меди­цина қызметкерлері үш кезеңді ем­тиханнан өтеді. Содан кейін ғана дәрігер немесе медбике дипломы болса да, тәуелсіз емтихан арқылы медицина қызметкері өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге құқылы.
– Дәрігерлердің сапасын артты­рудың бірден-бір жолы – маман­дарды лицензиялау. Оның арқасын­да дәрігерлердің қызметін бақылауға алуға болады. Дүниежүзіндегі дамы­ған елдерде мұндай үрдіс бұрыннан қалыптасқан. Ал Қазақстанда дәрі­гердің емес, мекеменің жұмысын лицензиялайды. Салдарынан диаг­ноз қоя алмайтын дәрігер де, адам емдеуде қателік жіберетін мамандар да көбейді. Олар бір мекемеден екіншісіне емін-еркін ауысып жүр. Осыны азайту үшін әр дәрігерге жеке лицензия беру керек. Әрине, лицензиялау басталған кезде сала­дағы дәрігерлердің жетіспеушілігі болуы мүмкін. Бірақ бұл уақытша құбылыс. 2-3 жылдан кейін лицен­зиялау нәтижесін беріп, салада са­па­лы мамандардың үлесі артады, – деді Қайырғали Көнеев.
Оның айтуынша, лицензиялау жүйесі жұмысқа сапалы медици­на­лық кадрларды іріктейді. Бұл мүм­кіндікті кезең-кезеңімен қарап, жа­­ңа жүйеге көшуіміз керек. Қазір жо­­ғары оқу орнын бітірген жас ма­ман қолындағы дипломмен бірден жұ­мысқа орналасады. Ал оның бі­лік­­тілігін анықтап жатқан ешкім жоқ? Америка мен Еуропада біліктілік сертификаты мен дипломның заң­ды күші әртүрлі. Диплом маманның оқу орнында теориялық білім ал­ғанын ғана дәлелдейді. Ал оны прак­тикада қаншалықты жүзеге асыра алатынын, біліктілік деңге­йінің дәрежесін сертификат көрсе­теді. Мысалы, АҚШ-та «медици­налық университетті үздік аяқта­дым» деп дипломмен кез келген клиникаға барсаңыз, сізді ешбір жер жұмысқа алмайды. Олар ең бірінші сізден Америка Құрама Штаттарының медициналық ли­цензиялау емтиханының (USMLE) сертификатын сұрайды. Ал лицен­зия алу оңай емес. Ол үшін 3 ке­зеңнен тұратын сынақ тапсырасыз. Америкалық клиникалардың 65%-ы USMLE-ді тапсырмаған үміт­керлерді жұмысқа қабылдамайды. Лицензия сала мамандарына 5 жыл­ға беріледі. Бес жыл өткеннен кейін біліктілігіңізді қайта анық­тауға тура келеді. Ал егер дәрігер қызмет барысында медициналық қателіктерге жол берсе, шығынды сертификат берген кәсіби қауым­дастық өтейді. Кеңес Одағының құ­рамында болған елдерде дәрігер­лердің біліктілігін анықтау бұрын­нан қалыптасқан. Жас маман оқу орнын бітіргеннен кейін ауруха­на­ның сараптаушы тобының алдынан өтіп, біліктілігін дәлелдейді.
– Шетелдегідей барлық сала­дағы мамандарды біліктілік тестінен өткізсек, кейбір салада мүлдем кадр­сыз қалуымыз мүмкін. Сон­дықтан лицензиялауды ең қажет деген бірнеше сала бойынша жүр­гізуіміз керек. Оның ішінде білім беру, медицина салалары бірінші орында. Өйткені дәрі-дәрмек пен емдеу жолдары тез өзгеріп отырады. Сондықтан адам өміріне жауап беретін дәрігерлердің білімі заманға сай болуы тиіс. Дипломның құны қалмаған қазіргі нарыққа біліктілік сертификаты ауадай қажет. Деген­мен тәуелсіз бақылау жүргізетін кәсіби қауымдастықтың сертифи­катты бейберекет таратпауы үшін шетелдегідей қатаң заң керек, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арнұр Қадылбеков.
Лицензиялаудан өтіп, серти­фикат алу – әлемдік деңгейде дә­лел­денген тәжірибе. Бізге де уақыт өткізбей барлық сала бойынша мамандардың білімін тәуелсіз ба­ғалау қажет. Бұл үрдіс бірнеше жыл бұрын білім саласында басталып еді. Көп уақыт өтпей медицина қыз­меткерлерінің де лицензиялаудан өтетінін білдік. Біліктілігі бар дәрі­герге барлық уақытта жұмыс табы­лады. Ал біліктілікті беру, оны ба­ғалау күрделі жұмыс. Сондықтан лицензиялаудың тәртібін, шартын біз дұрыс белгілеп, жүзеге асыра алуымыз қажет.