Қатерді ескермей құрылыс салады
Қатерді ескермей құрылыс салады
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
364
оқылды
Алматының бейберекет құрылыс­тары жайлы айтылып келе жатқанына біраз жыл болды. Осы мәселеге қа­тыс­ты соңғы уақыттарда ғана бір­шама сең қозғала бастады. Онда да, Мемлекет басшысының құрылыс ны­сан­дарына қатысты қатаң сынынан кейін ғана... Алматыда қанша заңсыз нысан бар? Жалпы, шаһардағы заңсыз құрылыстардың көбейіп кетуіне бірден-бір себеп – көп құрылыс компаниясының қажетті рұқсат құжаттарды алмастан құрылыс бастап кету «мүмкіндіктері» болғаны. Оларға мұндай «мүмкіндікті» кімдер бергені туралы әртүрлі алып-қашпа әңгіме желдей есіп жүр. Сондай әңгіменің дені Алматыны бұған дейін әр жылдары басқарған әкімдердің тұсында болған дегенге саяды. Рас, Бақытжан Сағынтаевтың тұсында бұл кемшілікті жоюға біраз әрекет жасалды. Дегенмен сағызша созылған сот отырыстары мен итжығыс түсіп жататын үкімдер мен қаулылардың кесірінен болар, нақты кесімді қарекеттер көзге көріне қойған жоқ. Әбдірұлы­ның командасы проблеманың бір жағымен алысып жатқанда екінші жақтан дәл сондай заңсыз құрылыстар бой көтеріп жатқанын көз көрді. Сонымен, бүгінде шаһарда неше заңсыз құрылыс нысаны бар? Бұл туралы нақты мәліметті қала басшылығы емес, еліміздің осы саласына жауапты министрлік жетекшісі Қайырбек Өскенбаев маусым айындағы Сенат отырысында айтып берген болатын.
«Жалпы, өз бетімен салынған құрылыс нысандарын сүріп тастау немесе заңдастыру мәселесі заңмен бекітілген. Барлығы сот арқылы шешіледі. Ал Алматының негізгі проб­лемасы сол, соңғы кезде қалаға бірнеше аудан қосылды. Осы елді мекендерде заңдастырылмаған құрылыс өте көп. Шамамен 14 мың үй-жайдың рұқсат қағазы жоқ. Былайша айтқанда, жаппай салып тастаған», – деді Өскенбаев Қайырбек.
Әкімдіктің әрекеті қандай? Әрине, жылдар бойы шиеленіскен мәселені шамалы уақыт ішінде шешіп тастау мүмкін емес. Мегаполистің әрбір тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты қала әкімдігі де соңғы кездерде бұған бел шеше кіріскені байқалады. Бұл сөзімізге мысал ретінде жыл басынан бері, нақтырақ айтсақ, ақпан айынан бастап бірнеше құрылыстың жұмысын тоқтату немесе сүріп тастау туралы шыққан сот шешімдері мен қала әкімінің қаулыларын келтіруге болады. Қаңтар айының соңғы күнінде Алматыға әкім болып келген Ерболат Досаев алғашқы жұмысын осы түйткілді шешуден бастағандай болған: ақпан айында ол 19 құрылыс нысанының жұмысын тоқтату туралы қаулы шығарды. Сол кезде қала басшысы бұл әрекетін Президенттің 2019 жылғы 29 қазанда берген тапсырмасы мен тұрғындардың толассыз шағымы негізінде жасағанын мәлімдеген. Тұрғындардың шағымы демекші, осы қаулыда қамтылған 19 нысанның ішінде көптен бері алматылықтар мен әкімдікті әбігерге салған Самал-3 шағынауданы мен Достық даңғылы 125 мекенжайында орналасқан аумақта жүріп жатқан жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылданған болатын. Алайда Президенттің пәрменімен қабылданған қаулы арқылы құрылыс қарқыны уақытша тоқтатылған осы екі нысанның тағдыры әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Дегенмен соңғы айларда біршама заңсыз құрылыс сот шешімімен сүрілгенін де айта кеткеніміз жөн. Олардың қатарында тараптар арасында біраз уақытқа созылған дауға себеп болған 12 қабатты «Жайсаң» тұр­ғын үй кешені де бар. Бұл нысанның заң­сыздығы анықталған соң құрылысқа жауапты басқарма қалалық сотқа шағым түсірген. Қалалық сот әкімдік келтірген дәлелдерді дәйекті деп тауып, үшінші қабатқа дейінгі қабырғасы көтеріліп қойған «Жайсаңды» түбірімен сүріп тастауға шешім шығарды. Одан кейін Наурызбай ауданындағы Qadam тұрғын үй кешенін сүру туралы шешім шықты. Бұл кешенге қатысты Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы нысанды тексеріп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Төрт қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы рұқсат құжаттарынсыз басталған. Тексеру нәтижелері бойынша Qadam ТК ЖШС-на қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, кейіннен заңсыз салынып жатқан нысанды бұзу туралы талап-арыз жазылды. Нәтижесінде, сот шешімімен заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап қанағаттандырылды. Заңсыздығы анық­­талған басқа да бірнеше нысан жоғарыдағы екі нысанның кебін киюге кезек кү­тіп тұр. Сейсмикалық қауіпке көңіл бөлмейді Мамандардың айтуынша, Алматы өңірі Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы сейсмикалық жағынан белсенді аймаққа кіреді. Шаһар 9 және 10 балдық сейсмикалық қаупі бар аймақта орналасқан. Осы мәселеге қатысты Медеу ауданындағы тау бөктеріне заңсыз салына бастаған тұрғын үйлер жанындағы жер үйлердің тұрғындары алаңдаушылығын білдіріп шағымданды. Олар үйлерінің іргесіне салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің кесірінен қандай да бір апат болса, опат боламыз ба деп қорқады. Тұрғындар «бұл жер құжат бо- йынша саябақ болуы тиіс» деген дәлелдерін де алға тартады. Олардың сөзінше, бұл аумақ тау бөктері болып есептеледі, ал құз-жартас бір кездері жасанды жолмен тегістелген екен.
«Үйіміздің төменгі жағындағы төбешіктерді тегістеп тастады. Үстіңгі жақта құры­лыс бастап, ол жақ та жазыққа айналды. Қолымызда бұл жердің жасыл аумақ болуы керегі жөнінде тиісті құжат бар. Демек, саябақ болатын орынға заңсыз құрылыс жасап, біздің де өмірімізге қауіп төндіріп отыр», – дейді қала тұрғыны Алла Медведь.
Жақын маңдағы құрылыс мұндағы үйлерге айтарлықтай зиянын тигізіп тұрған көрінеді. Тіпті, кейбір үйлердің іртетасы біршама отырып кеткен. Мәселен, соңғы рет жер сілкінісі болған кезде үйдегі аспалы шам құлапты. Зардап шеккен ешкім болмағанымен, қауіптің беті сейілмесе, келер зардап үлкен болуы мүмкін деп алаңдайды тұрғындар. Көпшілік көмегіне жүгінген заңгер Ғабит Өмірбеков құрылыс жүріп жатқан аумақ құжат бойынша шаруа қожалығына тиесілі екенін айтады. Яғни, бұл орында жеке тұрғын үй кешенін салудың эскиздік жобасы мақұлданбаған.
«Олар ең алдымен нысаналық мақсатын өзгерту үшін өтініш хат жазып, құжаттар жинауы керек. Бір немесе бірнеше үй салуға рұқсат деген қағаз қолына түскеннен кейін архитекторлармен келіседі. Содан кейін ғана құрылысты бастауға рұқсат. Алайда қандай да бір құжатсыз, өз еркімен істеп жатқан әрекеттері заңға қайшы», – деді заңгер.
Осы мәселе жөнінде Алматы қалалық әкімдігіне хабарластық. Олар «меншік иесі құрылыс-монтаждау жұмысының басталғаны туралы хабар бермеді» деп отыр. Дегенмен сол маңайдағы бірнеше нысанның екеуіне ғана рұқсат берілгенін, онда да жекеменшік жер үй салуға ғана келіскенін, қалғанына рұқсат берілмегенін атап өтті.
«Жекеменшік үй салуға арналған екеуінде рұқсат қағаздары бар. Қалғандарында тиісті орындардан рұқсат жоқ. Сол себептен олар заңсыз құрылыс деп саналады», – деді қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының мамандары.
Қалай болғанда да, апатты аймақта үй тұрғызу жеке бастың да, көпшіліктің де қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін айтады әкімдік мамандары. Осы тұста «Әкімдікке ескертпестен құрылыс бастауға рұқсатты кім берген?» деген сауалымыз тиісті басқарма тарапынан сол күйі жауапсыз қалды. Сейсмикалық қауіп демекші, дәл осы мәселеге Президент те назар аударған болатын. Мемлекет басшысы 2019 жылы қала сейсмикалық қауіпті аумақта орналасқанын айта келіп, қауіптің алдын алу мақсатында Ақсай және Аюсай бөгеттерінің құрылысын бастау қажетін айтқан. Сол жиында Үкімет пен қала басшылығына қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды міндеттеген. Одан бері де үш жыл уақыт өтті, бірақ бөгеттің құрылысы басталғаны туралы хабарды естіген жоқпыз. Мамандар дабыл қағуда Жақында мамандар Алматының жаңа сейсмикалық картасын ұсынды. Жаңартылған нұсқадағы картада қаланың бүкіл аумағы 9-10 балдық қауіптегі аймаққа бө­лін­ген. Осыдан-ақ таулы аймақта орналасқан Алматы еліміздегі сейсмикалық тұрғыда ең қауіпті қала екенін аңғаруға болады. Деректерге сүйенсек, мегаполисте жылына 400-ден астам жер сілкінісі тіркеледі екен.
«Біз жаңа нұсқаны соңғы талаптар мен мәліметтерді ескере отырып жасадық. Қала аумағында 20-дан астам тектоникалық ойық бар, олар барлық ауданды кесіп өтеді. Қаланың барлық аумағы 9-10 балдық сейсмикалық қауіпті аймақтарға жатады. Кеңес заманында 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйі сынақ ретінде салынып, оның өзі арнайы қондырғылармен, берік құрсаулармен бекітіліп бой көтерді. Негізінен, Алматыда 9 қабаттан биік үйлер салуға болмайды. Бұл құрылыстардың өзі қаланың тектоникалық аумағынан тыс жерлерге салынуы тиіс. Өкінішке қарай, қазір бұл қағида ескерілмей отыр», – дейді Сейсмология институтының аймақтық сейсмика зертханасының меңгерушісі Алла Садықова.
Мамандардың пікіріне құлақ салсаңыз, қорқасыз. Бірақ заңсыз құрылыс салушылар мен оған рұқсат берушілер бұл мәселеге елең етпейтін сияқты.

Алматы