Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Сабира Адамбекова «Жанар-жағармай» қауымдастығынан келген хатта көптеген қитұрқы әрекеттің болып жатқаны жайлы айтты. Қауымдастықтың хатында бүгінде ішкі нарықта мұнай өнімдерінің тапшылығы мен шиеленіскен жағдай дағдарысты кезеңге жеткені, соның салдарынан қаланың орта және шағын жанармай құю бекеттерінде дизель отынына тапшылық болып жатқаны айтылған. Сонымен қатар осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарының банкротқа ұшырау қаупі туындап отыр. «Тапшылықтың себебі – жанар-жағармай нарығындағы жосықсыз бәсекелестік. Жанар-жағармай бағасының кезекті көтерілуі салдарынан мәселе күрделене түскен. Нарықтың барлық қатысушысы тең болған кезде бәсекелестік құру және бағаны табиғи реттеуге кепілдік беріледі. Бұл шара бастапқы кезеңде мұнай өнімінің бағасын айқын анықтауға мүмкіндік береді. Тексерістер барысында жанармай жетіспеушілігінің қолдан жасалғаны анықталды. Оның кесірінен жанармайдың бағасы да өсіп кетеді. Өңделген мұнай өнімдері тек белгілі бір жанармай бекеттеріне ғана жеткізіліп отырған. Бұл әрекеттер орта және шағын бизнестің дамуына кері әсерін тигізеді», – деп атап өтті Сабира Адамбекова.Жанар-жағармайдың тасымалдануы, дизель жеткіліксіздігінің басты себептері талқыланған жиында Кәсіпкерлік құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі Қайыпбек Қамбаров бұл салада ашықтықтың аз екенін тілге тиек етті. Салдарынан аймақтарға бағытталған дизель қайда кетіп жатыр, оны кім алып, қалай сатылып жатыр деген сұрақтар ашық күйінде қалды. «Бұл процестің барлығын ашық түрде, жіті қадағалау қажет» деген ол мұндай олқылықтарды болдырмау үшін мұнай өнімдерін өндеу барысына қатысты ұсыныстарын да атап өтті. «Энергетика министрі елімізде 5 млн 200 мың тонна дизель отыны қорытылып жатыр дейді. Біз сұрақ қойдық. Ол қайда кетіп жатыр? Кім алып жатыр? Неге ашықтық жоқ? Басынан бастап соңына дейін ашық жүргізу керек». Айта кету керек, Шымкентке қыркүйек айының басынан бері 14 мың тонна дизель отыны келген. Оның басым бөлігі ірі көтерме саудамен айналысатын мекемелерге берілген. Ал қалған 10 пайызы кішігірім жеке кәсіпкерлерге үлестірілген. Салдарынан жанар-жағармай жетіспеушілігі пайда болып, бүгінде кейбір бекеттер жабылып қалудың аз алдында тұр. Сондай-ақ Энергетика министрінің биылғы жылғы 21 тамыздағы №278 бұйрығымен дизель отынына шекті бағалар литріне 450 теңге, жүргізуші куәлігінің ұсынымы кезінде тәулігіне 100 литрге дейін, жүк көліктеріне 230 теңгеден 300 литрге дейін белгіленгені белгілі. Айтса айтқандай-ақ, осы бұйрықтың өзі болғанымен, оны жүргізудің кестесі дұрыс жолға қойылмағаны тәжірибеде байқалып отыр. Себебі дәл осындай мәселелер жуырда Түркістан облысының Жетісай ауданында да туындаған болатын. Тіпті, онда қазақстандық жүргізушілерге де дизель отыны 450 теңгеден сатылғаны жайлы деректер шыққан. Әйтеуір, осы салаға келгенде жібі түзу жүйе құрылмай-ақ қойды.
Шымкент қаласы