Адамзат пен әлемді ілгері сүйреуші қай сала? Қазақ «алдың – ұттың, саттың – жұттың» деп бірауыз сөзбен түйген сауда секторы. Сауданың дүниежүзілік ЖІӨ-дегі үлесі бақандай – 58,6%. Айтпақшы, «мен – державамын!» деп кеуде қағатын ел көп. Бірақ оның шын мәніндегі жаһандық рөлін сауда-саттықтағы үлесінен байқауға болады: АҚШ – 17%, Қытай – 11%, Германия – 7%, Ресей небәрі – 1,7%. Ал Қазақстанның үлесі – 0,13%.
Көк түріктен қалған мұра
Сауда саласы ежелден мемлекеттегі және экономикадағы ахуалды айқындаған. Көк түрік баба тарихынан білетініміз, Алтайды мекендеген теле-тірек тайпасы V–VI ғасырда өзгеден бұрын металл құю индустриясын озық меңгереді. Шикізатты терең өңдеу арқылы одан әртүрлі бұйымдар жасап, алыс-жақын жұртқа сатып әбден байыған. Оның үстіне темірден қару-жарақ жасап, мұздай қаруланады. Ақыры өзі боданы болған жужандарды (Жуаньжуань) талқандап, 552 жылы Бумын қаған сол кездегі планетамыздағы ірі империяның бірі Түрік қағанатын құрды.
Кейін қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы қалаларымыздың дәуірлеуіне мүмкіндік берді. Тарихымызда жазылғандай, атақты шаһарлардың жойылуына моңғол шапқыншылығы кесірінен керуен жолдарының жабылуы себепкер болды.
Қазіргі Қазақстанда да сауда секторы – басты бір драйвер, ескіше айтқанда, экономика локомотиві. Республикада ол құрылыстан кейінгі екінші жетекші сала. Салыстырсақ, саудагерлер қолынан 1 жылда мемлекеттік бюджеттің бүкіл шығысынан 3 еседей көп ақша өтеді.
«Кейінгі жылдары ішкі тауар айналымының тұрақты өсуі байқалады. Құрылыс саласымен қатар сауда да экономиканы дамытуға ең үлкен серпін береді. Бұл ретте ол көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығын басып озды. 2019 жылдың қорытындысында бөлшек және көтерме сауда көлемі 10,6%-ға өсіп, 37,5 триллион теңгені құрады», – деп мәлім етті Сауда және интеграция министрлігі.
Соның ішінде былтыр бөлшек сауда көлемі 11 триллион 345,7 млрд теңге болды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 12,9% артық. Ал көтерме сауда көлемі 26 триллион 127 млрд теңгеге жетті.
Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі ең үлкен үлеске Алматы қаласы ие – сауда-саттықтың 31,3%-ы Алатау бөктеріндегі шаһарда жүреді. Одан кейінгі орындарға Нұр-Сұлтан қаласы (11,6%), Шығыс Қазақстан облысы (8,8%) және Қарағанды облысы (8,7%) жайғасты.
Дағдарыс қыспаққа алса да, жұртшылықты девальвация діңкелетсе де, сауда тегершігі еш тоқтаған емес, көрігі барған сайын қызып, тек өркендеп келеді.
Алпауыттар жерсінбейтін мекен
Өзге елдермен салыстыра қарасақ, бізде қызықты бір жайт бар. Қазақстан – ұсақ саудагерлер елі екен. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметінше, көтерме сауданың құрылымы негізінен, алыпсатарлар өзара «средне-мелкий опт» деп атайтын орта және шағын көтерме саудадан тұрады. Оның барлық көтерме сауда көлеміндегі еншісі – 87,3%!
Рас, Кең март, Metro Cash&Carry, Magnum және басқа да ірі гипермаркеттерге бас сұқсаңыз, касса алдында ұзынсонар кезек түзіп, құжынаған адамды көресіз. Дегенмен, зерттеушілерге сенсек, нағыз клиент тасқыны басқа бағытпен ағындауда.
Маркетингтік өлшеу-бағалау жүргізуге маманданған жаһандық аса ірі тәуелсіз фирма – Американың Nielsen компаниясының зерттеуі көрсеткендей, Қазақстанда халықтың ең жиі бас сұғатын жері – тұрғын үй кешеніндегі немесе үй жанындағы дүкен (магазины у дома): оған 17,8% тиесілі. Екінші орында – супермаркеттер. Гипермаркеттер тек үшінші орында – 3,7%. Онысы базарлармен теңдес – 3,6%.
Қазақстанда барлық сауда орындарының жалпы санындағы кішкентай дүкендердің жалпы үлес салмағы – 38%. Даладағы ашық базарлар үлесі – 18%, орташа дүкендер – 15%, дәріханалар – 11%, дүңгіршектер – 6%, косметика және иіссу-парфюм дүкендері – 5%. Ірі гипер және супермаркеттер үлес саны – бар-жоғы 3%. Олар негізінен, ірі қалаларда ғана жұмыс істейді.
Дамыған елдер беталысы бөлек
Дүниежүзіндегі аудиторлық компаниялардың «үлкен төрттігіне» кіретін, ал мамандарының саны жөнінен алдына қара салмайтын Deloitte дерегінше, бүгінде әлемдегі бөлшек саудада ірі желілік ритейлер рөлі артып келеді. Олар басты ойыншы ретінде өткізу нарықтарын бақылауға алып жатыр.
Делойттың «2019 жылғы әлемдік бөлшек сауда секторы» атты есебіне жүгінсек, 250 аса ірі жаһандық ритейлердің айналымы бұрын-соңды болмаған 4,53 триллион долларға жеткен. Бұлардың жиынтықты сауда айналымының ауқымы жыл өткен сайын артып барады. Демек, бұл салада алда сарапшылар миллиардер емес, триллионер компаниялар туралы әңгіме қозғауы әбден мүмкін.
«Тауарды Walmart-тан алуға тырысамын, өйткені ол жеткізушілерді әрдайым ең төменгі бағамен әкелуге мәжбүрлейді. Америкалықтар осындай ритейлерді керемет жақсы көреді. Онда акциялар күн сайын жүреді. Тіпті, бренд киімдерді Уолмарттан әлдеқайда арзанға табуға болады. АҚШ-та осының арқасында қымбатшылық жоқ», – дейді Құрама Штаттарда оқитын қазақ студенті Әнуар Әділбек.
Аса ірі ритейлерлер – АҚШ, Германия және Франция компаниялары. Өйткені осы елдердің бөлшек сауда бизнесін үздіксіз дамытудағы тәжірибесі терең әрі мол. Нәтижесінде, дамыған елдерде бөлшек нарықта ритейлизация деңгейі орташа есеппен 80%-ды құрайды.
Бұл үрдіс Еуразиялық одақтың екі мемлекетінде жоғары қарқынмен ілгері басуда: Ресейде – 69%, Беларусьте 61% межесін бағындырды.
Euromonitor International хабарлауынша, Австрияда заманауи форматтағы сауда орындарының үлесі 86%, дәстүрлі форматтағысы – 14%. Францияда да, Оңтүстік Кореяда да бұл көрсеткіш тиісінше 81% және 19%. Қазақстанда заманауи түрінің үлесі – 31%, дәстүрлісі – 69%.
Заманауи форматтағы дегені – интернет-сауда, «сатушысыз кассалар», BigData және басқа да заманауи озық технологияларды енгізген сауда желілері. Ал базар, үй жанындағы дүкен, дүңгіршек секілді дәстүрлі форматтағы сауда орындарында еңбек өнімділігі төмен, жоғары технологиялардан жұрдай. Үкімет онда басқа түгіл, тіпті қарапайым кассалық аппаратты енгізе алмай әуре.
Бүгінде отандық нарыққа кіруге ресейлік «Аникс», X5 Retail Group, Дикси, француздың «Carrefour», БАӘ-нің MAF Group және басқасы әзірленіп жатыр. Әйтсе де, сарапшылардың байламынша, өзіңдікін өсірмесең, шетелдік сауда желілерінің келуі тек импорттың артуына соқтырады. Астанада Метро ашылғанда сондай болған. Себебі ірі халықаралық ритейлерге шетелдік өндірушілердің жеткізілімі жолға қойылған, ұзақмерзімді контрактіге отырады.
Қазақстанда қаншама дәріптелген электронды сауда, интернет-дүкен де қанатын кеңге жая қойған жоқ. Әрине, 2017 жылғы көрсеткішпен (174 млрд теңге) салыстырғанда, электронды сауда нарығы екі еседей өсіп, 300 млрд теңгеден асқан. Алайда дәстүрлі сектордың 11,3 триллионы қасында мұны ауызға алудың өзі ұят. Бөлшек тауарайналымның жалпы көлеміндегі e-Trading еншісі 2,9% ғана.
Енді сауда саласын басқару ісі жеке министрлікке бөлініп шықты. Бақыт Сұлтанов басқаратын бұл ведомство «Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын» дайындады. Құжат бұл сектордағы түйіні әбден шиеленіскен түйткілді мәселелерді анықтап қана қоймай, оның шешімін ұсынады. Тек бәрі әдеттегідей қағаз жүзінде қалмаса етті. Егер заманауи сауда жүйесін дамытқан елдер клубына қазақ елі көнерген сауда жүйесімен кірер болса, оларға босқа жем болады.
Айхан ШӘРІП