Жылу маусымына дайындық қалай?

жылу маусымы Қызылорда

Жылу беру маусымына жақында ғана тұста әлеуметтік нысандарда коммунал­дық жүйелердің апаты мен ақауларын бол­дырмау аса маңызды. Бұл тұрғыда қыс мезгіліне қысылмай кіру үшін тың­ғы­лықты дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Соған орай Қызылорда облы­сы­ның әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері және сала басшыларымен бірге жылу беру маусымына дайындық мәсе­лелерін пысықтады.

Жиында Қызылорда облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмаған­бетов алдағы маусымға дайындық барысын баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, әлеу­меттік нысандардың жылыту маусымына әзірлігі 100 пайызға жақын. Негізінен, облысқа алдағы жылу беру маусымына жоспар бойынша жалпы 176,1 мың тонна көмір қажет. Оның ішін­де тұрғындар 142,5 мың тонна, әлеуметтік ны­сандарға 33,6 мың тонна қатты отын тұтынады.

Бұл тұрғыда аймақ басшысы тиісті орын­дарға алдағы жылу беру маусымы іркіліссіз жүруі керек екендігін қатаң ескертті. Сондай-ақ әкімдер уақыт оздырмай, көмірдің 3 айлық қорын алдын ала жасап алуы қажет екендігін жеткізді. Сонымен қатар жанар-жағармайдың тиісті көлемде жеткізіліп, бекітілген бағада босатылуын бақылауға алуын міндеттеді.

«Жыл сайын ауа райы суытқан кезде облыс орталығындағы көмір қоймаларында қатты отынға сұраныс артып, халық арасында қар­ба­лас туындайды. Тұрғындардың шағымы кө­бейеді. Мұны болдырмауымыз керек. Себебі қалаға жақын орналасқан Сырдария, Жалағаш, Шиелі аудандары өздеріне қажетті көмірді қаладан тасымалдайды. Биыл да осы көрініс қайталануы мүмкін. Өйткені аудандарда отын қоры әлі де аз. Осы мәселеге жете көңіл бө­ліңіздер!» – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі көмір қорын жет­кізуде Арал, Жалағаш, Сырдария аудандарының көрсеткіші көңіл көншітпейтінін айтып, әкімдерге 1 қазанға дейін жұмысты үйлестіруді қатаң тапсырды.

Отырыста облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы қала, аудандардағы көмір қорына деген қажеттілік пен нақты жұ­мыстарды тізбелеп, қатты отынды тасымалдау мәселесіне тоқталды.

Жиында коммуналдық қызмет көр­сететін мекемелердегі қарыз берешегі мә­селесі де ашық талқыланды. Бұл тұрғыда аймақ басшысы жұмысты тиімді ұйым­дастыра алмай отырған сала басшыларын сынға алып, төлем түсіру мәселесіне жет­кілікті деңгейде мән беріп, жұ­мысты жандандыру қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларындағы нысандардың жылумен қамту процесінде ақау туындамауы керек екенін ескертті.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.