Баймырза ауылына ауызсу барады
Баймырза ауылына ауызсу барады
1,034
оқылды
Тоқсан жылдық тарихы бар Біржан сал ауданындағы Баймырза ауылында да ауызсу мәселесі шешімін тапты. Ауылда су құ­быр­лары желісін тарту және жаңарту «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылған. Бүгінде ауылдың екі жағынан ұзындығы 4 шақырымдық ұзын құбырлар төселген. Ауыл әкімінің айтуынша, Баймырзада 76 құдық салу жоспарланып отыр. Қазір оның алтауы са­лына бастаған.
«Су құбыры осыдан 50 жыл бұрын салынған. Әр таяқ тастам жерде колонкалар қойылып, тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандырып тұрған. Дегенмен тұрғындар ауылда болса да қаладағыдай жайлы жағдайда үйлеріне суды кіргізіп алып, өмір сүргенді қалайды. Су құ­бырын салу осыдан бірнеше жыл бұрын жос­парланған. Ауыл тұрғындары аудан әкімінен су мәселесін шешуді сұраған. Міне, көптен күткен ауызсу да ауылға жететін болды», – дейді ауыл әкімі Әлия Сәдуақасова.
Осыған дейін ауылдағы суды халық тек ша­руашылық үшін қолданатын. Жөндеуден кейін жұрт таза ауыз суға қол жеткізбек. Орталық­тандырылған су жүйесіндегі судың сапасы са­ни­тарлық-эпидемиологиялық талаптарға то­лықтай жауап беріп, халықтың ауыз суы мен шаруашылықта пайдалануына мүмкіндік беріл­мек. Қазір суға арналған екі резервуар қоймасын салу мен электрмен жабдықтау жұмыстары қалған. Бүгінде Баймырза ауылда 494 адам тұрып жатыр. Ауылдағы ағайын елде болатын оң өзгерістерге қатты қуанған.
«Ауыл тұрғындарының көбі – төрінен көрі жақын қарт адамдар. Олардың көпшілігі туып-өскен ауылын тастап қалаға көшкісі келмейді. Толықтай сапалы ауызсу тартыл­ғаннан кейін талай жыл қиындық көрген ауылдың жағдайы да жақсаратыны сөзсіз. Біздің бәріміз де ың­ғайлы әрі жайлы жағдайда өмір сүргіміз келеді. Әсіресе, қария адам­дардың суды тасып ішуге қауқары да жоқ. Сондықтан бұл біз үшін аса қуанышты хабар. Тезірек қосылуын күтіп жүрміз», – дейді Баймырза ауылының ақсақалы Ерік Шай­мерденов.
Мердігер ұйымның ақпаратына сенсек, ауызсу осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Желтоқсан айында барлық жұмысты аяқтау жоспарланған.

Ақмола облысы