Ел экономикасын не күтіп тұр?
Ел экономикасын не күтіп тұр?
782
оқылды
Әлемдегі геосаяси дағдарыс Қазақстан экономика­сының осал тұсын айқара ашып берді. Бұл жағдай ұлттық құрылымдарды аумалы-төкпелі кезеңге бейімдеу және даму үрдісін ең құрығанда бұрынғы деңгейде ұстап тұру үшін икемді экономикалық саясат қалыптастыруды талап етеді. Рас, кейінгі бес жылда елімізде шикізат өндірісі үздіксіз артып келеді, әсіресе азық-түлік тауарлары мен құрылыс материалдары бойынша айтарлықтай ілгерлеу бар. Әйтсе де, өңдеу өнеркәсібі тұсауы кесілмеген бала құсап әлі шатқаяқтап тұр. Импортқа тәуелділік қандай? Ұлттық статистика бюросының ресурстар, тауар өндіру және тұ­тыну туралы статистикалық жина­ғына үңілсек, көп жағдайға көзіміз жете түседі. Оның дерегін шартты түрде екіге бөліп қарастыруға бо­лады: біріншісі – ішкі нарықты жеткілікті түрде қамтамасыз ететін өндіріс түрлері, екіншісі – им­портқа тәуелді салалар. Бұл жиын­тықта «Ресурстар» бағанын бірінші топқа жатқызу керек. Себебі ті­зімдегі минералдық шикізат негі­зінен экспортқа бағдарланған. Мә­селен, былтыр республикада өнді­рілген шикі мұнайдың 77 па­йызы (65,7 млн тонна) экспорт­талып, 23 пайызы (19,9 млн тонна) ішкі нарықта қалған. Бұдан бес жыл бұрын энергетикалық отын­ның 81 пайызы шетелге шығары­лып, 19 пайызы отандық зауыттар­да өңделетін. Сондай-ақ қырға шығарылған көмірдің 28 пайызы сыртқа тасымалданса, 72 пайызын өзіміз тұтынамыз. Бұл көрсеткіш кейінгі бес жылда өзгерген жоқ. Қара металлургияның негізін құ­райтын темір кені туралы да осыны айтуға болады: оның төрттен үш бөлігі ел аумағында қалады. Был­тыр өндірілген 63,7 млн тонна те­мірдің 49 миллионы ішкі нарықта тұтынылса, 14,5 миллионы Қытай мен Ресейге өткізілді. Айта ке­терлігі, соңғы екі жылда темір өн­дірісі 40 пайызға артты. Ал азық-түлік бойынша жік­тейтін болсақ, бұл салада ішкі на­рық бірнеше өнім түрлері бойынша экспортқа тәуелді емес. Бұл тағам­дардың қатарында ет, сүт, нан-тоқаш, жұмыртқа, ұн, жарма, тұз, т.б. бар. Кейінгі бес жылда оларды тұтыну мөлшерінің артуымен бірге өндіріс көлемі де ұлғая түскен. Егер 2017 жылы отандық фермер­лер ішкі нарықта тұтынатын ет пен ет өнімдерінің 82 пайызын өндірсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 86 па­йызға жеткен. Яғни, былтыр Қа­зақ­стан шетелден еттің тек 14 па­йызын импорттаған. Ол негізінен АҚШ-тан, сосын Ресей мен Бе­ларусьтен әкелінген. Сондай-ақ жергілікті өндіру­шілер сүт пен жұмыртқаның 95 па­йызын өзі жауып отыр. Ұн мен жарма өнімдері бойынша да ішкі нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз етеді. Былтыр Қазақ­станда өндірілген 2,8 млн тонна ұнның жартысы экспортқа шыға­рылса, жартысы ел аумағында қал­ды. Дәнді-дақылдар бойынша да осыны айтуға болады. Шикізат өндірісінің жағдайы біршама тәуір болғанымен, өңдеу өнеркәсібі керісінше тұсаулы аттай кібіртіктеп келеді. Мәселен, 2021 жылы қалбырдағы ет өнімдерінің 39 пайызы, шұжықтың 46 пайызы шетелден тасымалданған. Соңғы екі жылда ет өнімдері бойынша импорттық үлестің ұлғая түсуі бұл салада қайта өңдеу саласының ады­мын аша алмай жатқанын айғақтайды. Сондай-ақ биыл көк­тем туа қанттың қымбаттауы да оған деген импорттық тәуелділіктің үлкен екенін көрсетті. Құмшекер өндірушілер ішкі сұраныстың тек 42 пайызын ғана қанағаттандыра алған. Тәтті өнімнің дені Ресейден тасымалданады. Соңғы бес жыл ішінде қант өндірісі 27 пайызға кеміген. Мәселен, 2017 жылы 306 мың тонна қант өндірілсе, былтыр оның көлемі 224 мың тоннаға дейін төмендеді. Алкогольдік ішімдіктер – арақ, коньяк, сыра өндірісінің жағдайы біршама жақсы. Жергілікті сыра қайнатушылар ішкі нарықтың 90 пайызын, ликер-арақ өндірушілер 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жерде қазақстандықтардың жылдан жылға алкоголь өнімдерін тұтыну көлемі арта түскенін, соған сәйкес оның өндірісі де ұлғайып келе жатқанын айта кеткен де жөн шығар. [caption id="attachment_219217" align="aligncenter" width="1340"]экономика © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ал енді азық-түлік емес тауар­лар туралы айтсақ, оның Ұлттық статистика бюросының статжина­ғында берілген 19 түрінің тек біреуі ғана – тыңайтқыштар (99%) им­портқа толық тәуелсіз болып шық­қан. Сондай-ақ ішкі нарықтың портландцемент бойынша 93 па­йызын, құрылысқа арналған ме­талл құрылғылардың 87 пайызын, жеңіл көліктің 51 пайызын қам­тыған. Азық-түлік емес тауардың басқа түрлері импортпен бәске­ле­суге қабілетсіз. Айталық, жергілікті жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің на­рықтағы үлесі 3-ақ пайыз. Мәсе­лен, былтыр отандық компаниялар 1,4 млн жұп аяқкиім шығарған, ал оның ішкі нарықтағы сұранысы бұдан 35 есе көп. Тығырықтан шығар жол қайсы? Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстан экономи­ка­сы­ның тынысын тарылтып тұрған елеулі екі фактор бар. Біріншісі – халықтың төлем қабілеттілігінің төмендігі. Тіпті, ресми статистика бойынша үй шаруашылықтары тапқан табыстарының 54 пайызын ас-суға жұмсайтын көрінеді. Ал шынайы жағдай мұнан да сорақы болуы мүмкін. Салыстыру үшін айт­сақ, ЕО елдерінде ол 10-20 пайыз аралығында. Екіншісі – инфляция. Бұған дейін инфляцияның жылдық мөл­шері 7-10 пайыздан аспайтын, қазір Ұлттық банктің дерегі бо­йын­ша инфляция 15 пайызға жет­кен. Сондай-ақ азық-түлік бағасы – 19,7 пайызға, басқа тауарлар – 14,2 пайызға, ақылы қызметтер 9,2 пайызға қымбаттаған. Одан бөлек, экономикада сыртқы төлем тең­герімі теріс мәнге түскен. Бұл де­геніңіз – егер шетелдік инвесторлар мен кредиторлар өз кірістерін шы­ғаратын болса, оның көлемі Қазақстанның шикізатты экспорт­тағаннан түскен табыс мөлшерінен асып кетеді. Мұндай жағдайда да­му туралы бірдеңе айтудың өзі ұят. Ал әлемдік жағдай мұнан да күр­делене түскен сайын экономи­ка­лық ахуал одан бетер ушыға беруі ықтимал. Экономист Айдархан Құса­йыновтың айтуынша, санкциялар мен қарсы санкциялардың сал­дарынан америкалық және еуро­палық экономикалар құлдырауға ұшыраған, Қытай экономикасы да дамуын баяулатты. Бұл өз кезегінде мұнайға сұранысты төмендетеді. Ал бұл фактор инфляция мен тенгенің құнсыздануына апарып соқтыратыны анық.
– Экономика үлкен дағдарыс­тың алдында тұр. Мұндай жағдайда бәрі өздігінен қалпына келеді деп жайбарақаттыққа салынудың еш жөні жоқ. Сондықтан қазір эконо­микалық саясатты түбегейлі өз­герту керек, яғни бюджет шығын­дарының бағытын өзгертіп, дағ­дарысты өз ыңғайымызға қарай дұрыс пайдалану керек. Әйтпесе, әдеттегідей жаланың бәрін сыртқы факторларға жауып қойып, жай­барақат отыра берудің заманы өткен. Келер жыл қалай болғанда да бізге оңай тимейді, дағдарыс ұзаққа созылады, – деп сақтан­ды­рады сарапшы.
А.Құсайынов Үкіметтің песси­мистік болжамды есепке алмай отырғанын айтады. Оның ойынша, инфляцияның кесірінен доллар бағамы 500 теңгеден де асып ке­теді, тіпті 600-700-ге дейін жетуі мүмкін. Өйткені Ұлттық қордың оны ұстап тұратын шамасы сар­қылған. Сондай-ақ ол егер Үкімет экономикалық саясатты сауық­тыру бойынша түбегейлі өзгертетін болса, екі-үш жылдан кейін Қа­зақстанның жағдайы түзеліп, тұрақты даму жолына түсетінін де еске салды. Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов керісінше, төтеннен төніп тұрған қауіп жоқтығын айтады.
– Біріншіден, алдағы күзгі жиын-терім азық-түлік қорын ай­­тарлықтай молайтып, көкөніс пен жеміс-жидектің бағасын арзан­датады. Екіншіден, им­порт­пен айналысатын бизнес­мендер әлем­дегі аумалы-төкпелі жағдай­ға бе­йімделіп, тасымалдың жаңа дә­ліз­дерін пайдалана бас­тады. Үшін­шіден, мемлекет тара­пынан отан­дық бизнеске елеулі көмек­тер көр­сетіліп жатыр, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Үкімет нау­рыз айынан бері мұнай экспор­тының баламалы жолдарын қа­лып­тастыра бастаған. Бұл тек мұ­найға ғана емес, басқа тауар түр­лерінің бәріне тән үрдіс. Қарап тұрсақ, екі сарапшының пікірі екі түрлі, бірақ бір анығы, қалай бол­ғанда да, жаңа Қазақстан үшін жаңа экономи­ка­лық саясатты ұс­танатын күн туып отыр. Бұл енді даусыз.