«Мен суретшімін. Нейрографика бағытында сурет салуда айтарлықтай тәжірибем бар. Сөйтіп сурет сала бастадым. Кейін нейрогимнастика жаттығуларын жасадым. Осы бағыттарда көптеген онлайн курстарды оқыдым. Осындай сабақтардан алған білімімді күнделікті өмірде қолдану арқылы денсаулығымды қайта қалпына келтіре алдым. Тіпті, жадым қалпына келді. Әрине, инсульт алған адамға дер кезінде сапалы медициналық көмек те көрсетілуі қажет. Кейін оңалту кезеңінде адамның өз-өзімен жұмыс істеуі өте маңызды», – дейді Нина Петрова.Осылайша, Нина өзі сияқты қиналып жүрген адамдарға көмек көрсетемін деп шешеді. Сөйтіп, Жапония, АҚШ, Ресей елдерінің тәжірибелері негізінде жинақтаған бағдарламасын іске қосты. Нина ашқан оңалту орталығында емделушілерге дәрі-дәрмекпен ем көрсетілмейді. Келушілер арт терапия арқылы ем қабылдайды. «Ең алдымен адам медициналық емді қабылдауы қажет. Және инсульт алған науқастың барлығы бірдей әп дегеннен арт терапиядан өте алмайтынын да ескеруге тура келеді. Біз психолог, невропатолог, реабилитолог мамандардың кеңесін алған науқастарды да әрі қарай оңалтуға қабылдаймыз. Арт терапия расымен де ғаламат нәтижелер алып келеді. Оның шынайы мысалы менмін» дейді Нина Петрова. Сонымен орталыққа келген науқас қандай терапиядан өтеді? Ауруханада науқас әдетте дәрі-дәрмек қабылдап, психологтан көмек алатын болса, бұл орталықта барлық күш адамның өзіне түседі. Яғни, науқас нейрографика әдісімен сурет салу, бисер тоқу, ойыншықтар тігу арқылы қол моторикасымен жұмыс істейді.
«Мұндай қол еңбегі адамның ойын бөледі. Адам ауыр ойларға берілмей, жасап отырған жұмысын жоғары деңгейде атқаруға тырысады. Өзінің мүмкіндіктерін бағалай бастайды. Сонымен бірге, біз адаммен психологиялық, мотивациялық тұрғыда әңгімелесеміз. Нейрогимнастика жасаймыз. Орталығымызға келген адам осылайша, бір мезгілде денсаулығын жақсартады, әрі жаңа кәсіп түрін меңгереді. Және орталық келушілері үшін түрлі шеберлік сағаттарын өткіземіз. Осылайша, орталық адамға ауру туралы ауыр ойдан арылуға, сергіп, ойын позитивті арнаға бұруға көмек беруде», – дейді Нина Петрова.Арт терапия арқылы өмірге қайта келгендердің бірі – атыраулық Айсәуле Қайыржанқызы. Ол ерекше баланың анасы. Инсульттан кейін денесінің оң жақ бөлігі қозғалыссыз қалған Айсәуле оңалту орталығының терапиясы арқылы жаңа тынысының ашылғанын айтады.
«Бұл жердегі атмосфера мүлде басқаша. Ауруханадағыдай сұр қабырғалар, құлазыған ахуал жоқ. Орталыққа келу арқылы қолымның моторикасымен жұмыс істедім. Суреттер салдым, бисерлер тоқыдым. Керемет дүниелерді тіктім. Арт терапия өз-өзімді жинақтауға, ойымды жаңа арнаға бұруға көмектесті. Қозғалыссыз қалған оң жақ бөлігіме ақырындап жан бітіп келеді. Бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын керемет сезім. Қазіргі уақытта денсаулығымды түзеумен бірге, еңбек етіп, табыс тауып жүрмін. Балаларға физика пәні бойынша қосымша білім берудемін», – дейді Айсәуле.Орталық алға қарай арт терапияны шалғай ауылдарға жеткізуді де жоспарлап отыр. Сайт ашып, онлайн сабақтар жүктеу арқылы, қимыл-қозғалыссыз қалған алыс аймақтағы адамдарға көмек көрсету және науқастардың қолынан шығып жатқан керемет қолөнер бұйымдарын тапсырыс арқылы жеткізетін онлайн дүкен ашу жоспарда. Инсульттан кейін өмір тоқтамайды. Бастысы, адам өз-өзін қолға алып, алға қарай ұмтылуы керек. Адам өзіне сенген кезде, оның бойында бәрібір күш-жігер пайда болады. Бүгінде қырыққа жуық адам денсаулығын түзеуге келіп жүрген Арт терапия орталығынан түйген ойымыз осы болды...
Баян ЖАНҰЗАҚОВА