ЕҰУ блокчейн-технологиялар бойынша жетекші компаниямен меморандумға қол қойды
ЕҰУ блокчейн-технологиялар бойынша жетекші компаниямен меморандумға қол қойды
802
оқылды
Еуразия ұлттық университеті мен Prometeo Chain System KZ Ltd технологиялық компаниясы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Тараптар Индустрия 4.0 перспективалық технологияларын әзірлеу мақсатында бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға уағдаласты. Меморандумға «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы–ректор Ерлан Сыдықов  және PrometeoChain System KZ Ltd  Бас директоры Дамира Кенесарина мен компанияның коммерциялық директоры Андреа Кадамура қол қойды. Тараптар бірлескен Research&Development зертханасын құруға мүдделі. Онда профессорлар мен студенттер Индустрия 4.0 перспективалық технологияларын құрып, мемлекет пен бизнестің технологиялық міндеттерін шешуге үлестерін қосады. Меморандум блокчейн, IoT, навигация, жасанды интеллект, деректерді сымсыз жіберу және ақпараттық қауіпсіздік технологиялары негізінде бірлескен ғылыми, білім беру және коммерциялық жобаларды іске асыруды көздейді. Жобаларға жас ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысады. ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университеттің бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға және жетекші ІТ компаниялармен ғылыми ынтымақтастық құруға мүдделі екенін атап өтті.
«Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында заманауи цифрлық технологиялар трансферті мен жоғары білікті ІТ-мамандарды даярлаудың маңыздылығын атап өтті. ЕҰУ университет ғылымын күшейту жолында жетекші компаниялармен ғылыми ынтымақтастық құруға мүдделі. Біз жастарға білім және ғылым бойынша мүмкіндіктерді кеңейтіп, оларды ғылыми қызметке белсенді түрде тартамыз. Бүгінгі меморандум зерттеу қызметін дамытуға және Индустрия 4.0 элементтерін құруға жаңа серпін береді», - деді ЕҰУ ректоры.
Өз кезегінде PrometeoChain System KZ Ltd негізін қалаушылардың бірі Андреа Кадамура Қазақстан блокчейн-технологиялар үшін хаб бола алатынына сенім білдірді.
«Көптеген адамдар блокчейнді тек қаржылық өнім деп санайды, бірақ  шын мәнінде ол кең спектрді қамтиды. Оның арқасында біз үлкен мәліметтер базасын басқарамыз. Мемлекет пен компаниялар қауіпсіздік пен дамуға негізделген жаңа технологияларды қажет етеді. Қазір біз университеттермен серіктестік құрып жатырмыз. Біздің командада Еуразия ұлттық университетінің 2 профессоры және 3 түлегі еңбек етеді. Сондай-а, ЕҰН 8 магистранты тәжірибеден өтіп жатқанын атап өткім келеді», - деді Андреа Кадамура.
ЕҰУ-да цифрлық технологиялар мен ақпараттық-коммуникалық технологияларды 4 мыңға жуық студент игеруде. Білім беру бағдарламасында ауқымды деректерді басқару мүмкіндіктерін зерттеу  қарастырылған. Оның ішінде блокчейн мен жасанды интеллект технологиялары да бар.
«Менде жақсы оқуға қосымша ынталандыру бар. Технологиялар тез өзгеруде, жаңалары құрылуда. Студенттерге ірі компаниялардың қызметімен танысып, озық зерттеулерге қатысуға мүмкіндік берілгені қуантады. Біз өз білімімізді тереңдетіп, оны тәжірибеде қолдана аламыз», - деп өз ойын ЕҰУ студенті Ади Исламхан білдірді.
Айта кету керек, PrometeoChain System KZ Ltd компаниясы блокчейн технологияларын, заттар интернеті, жасанды интеллект құру саласына маманданған.