Жетістікке бастайтын жүгіру марафоны
Жетістікке бастайтын жүгіру марафоны
733
оқылды
Апта соңында «Астана қаласының Ішкі саясат басқарма­сы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры мүмкіндігі шектеулі балалар арасында жүгіру марафонын өткізді. Аты айтып тұрғандай, іс-шара мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларды тұрақты дамыту, қолдау және көмек көрсетуге бағытталған. Марафонға бастамашыл топ­тар, азаматтық сектор өкілдері, мемлекеттік мекемелердің бас­шы­лары қатысып, мүмкіндігі шек­теулі топтағы жеткіншек­тердің жігерін оятып, белсенді болуға шақырды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен марафонға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі. Сонымен бірге елдегі танымал спортшылар да шараға қатысып, балаларға қолдау көрсетті. Өз кезегінде спорт­шылар қимыл-қозғалысы қиын балаларды қолдау және ынталандыру, сондай-ақ спортта үлкен жеңіске жетуге ынталан­дыру мақсатында олармен бірге 2,5 шақырымға жүгірді.
«Талап пен таңдау, ынта мен жігердің жолы түйіскен жерде же­тістікке жету оңай», – дейді дзю­додан спорт шебері, парадзюдошы Ақмарал Науатбек. Денсаулығына байланысты парадзюдоға ауысқан спортшы: «Бүгін қозғалысы шек­теулі балаларға арналған мара­фонға қатысып жатырмын. Мен дзюдодан еліміздің ұлттық құрама командасының қатарында бол­дым, кейін парадзюдоға ауысқан болатынмын. Спортта шектеу жоқ. Кез келген адам өзінің мүм­кіндігіне қарамастан қалаған спорт түрімен айналыса алады. Мен соның дәлелімін», – деп өз ойымен бөлісті. Ал марафонды өткізу идеясы­ның авторы әрі қоғамдық қордың қызметкері Салтанат Рақышева­ның сөзінше, елордада мұндай ша­ра алғаш рет өткізіліп жатыр. Өзінің де баласы осы шараға қа­тысып жатқанын жеткізген ол: «Балалар үшін спорттық дәрежесі бар танымал спортшылармен бірге мұндай шараға қатысу үлкен ша­быт беріп, қуаныш сыйлады. Ең бастысы, балалар дән риза», – деді.
Осылайша, 18 жасқа дейінгі балалар арасындағы қимыл-қозғалысы төмен топ өкілдерінің бірінші марафоны сәтті өтті. Марафонның қаншалықты ма­ңызды болғанын жарыс соңында балалардың балбұл жанған жүзі­нен байқау қиын емес еді. Шара соңында жарысқа қатысқан бар­лық қатысушыға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.