Қазір жатақхана салу қонақүйден де табысты бизнеске айналып барады: Қаржы орталығы төсек-орын ұсынатын бизнесмендерге әрбір студент үшін төленетін ақыны көтеріп жатыр. Жазда шәкірттер оны босатады, бірақ мемлекет бәрібір ақы төлей береді. Содан жатақханалар басқаға жалға берілетіні жасырын емес. Дегенмен бұл тетік те жатақхана тапшылығын шеше алмады. Ғылым министрлігі елде 87 мың жатақхана орны тапшы дейді. Бұл бизнес қалай дамуда? Жаңа министр қандай жаңалық әкелмек? 87 мың студент далада жүр Жалпы, жатақхана орындарына деген тапшылық статистикасы жыл сайын әткеншек сияқты әрлі-берлі құбылып тұрады. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы 75 мың студентке баспана жетіспейтінін хабарлаған. Былтыр ведомство бұл қажеттілік 63 мың орынға дейін азайтылғанын мәлімдеді. Енді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек республикада жатақхана тапшылығы 87 мыңнан астам орыннан асқанын хабарлады. Бұған тегін оқи алатын студенттер қатарының өсуі де ықпал еткені сөзсіз. 2018-2019 оқу жылында 53 мың білім гранты ғана бөлінсе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022-2023 оқу жылында ол көрсеткіш 73 мың грантқа дейін артты. Министр С.Нұрбектің айтуынша, бүгінде 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар. Онда 101 мыңнан аса студент тұрады. Мұның сыртында университеттер 14 309 орынға арналған 100 жатақхананы жалға алған. Студенттер тұратын хостелдерді Қаржы орталығы қаржыландырады.
«Қосымша қажеттілік 87 мыңнан астам орынды құрайды. 2018 жыл мен 2022 жыл аралығында студенттер үшін 15 482 орындық 50 жатақхана қолданысқа берілді. Биыл 5 мыңға жуық төсек-орынға арналған 17 жатақхана іске қосылады деп жоспарлануда. Жатақханалар салу үшін жеке инвесторлардың қаражаты да тартылып жатыр. Дегенмен шешілмей тұрған проблемалар жетерлік. Президенттің тапсырмасы бойынша жатақхана ашатын бизнес өкілдері үшін рәсімдерді жеңілдету жолдарын пысықтап жатырмыз», – деді Ғылым және жоғары білім министрі.Министр С.Нұрбек жатақхана түйткілі бір күн немесе бір жылда туындамағанын алға тартты. Ендеше оны шешуге де министрлік тағы біраз жылды сарп етуі ықтимал. Министр, әсіресе Алматыдағы жағдай күрделі екенін мойындады.
«Онда 36 жоғары оқу орны бар. Оларда оқитын студенттердің басым бөлігі – басқа қалалардан келгендер. Алматыда осы салада ауқымды іс-шаралар кешені қолға алынды. Жатақханалар құрылысына, академиялық инфрақұрылымды кеңейтуге жеке капиталды тарту үшін инвесторлармен кездестік. Алматыда жеке штаб құрылды. Таяуда қиын жағдайға тап болған, баспанасыз қалған 130 студентке уақытылы көмек көрсетілді. Келесі жылдан бастап университеттерге қатаң талап қоямыз. Университет жаңа мамандық ашқысы келсе, оған студенттердің белгілі бір санын қабылдағысы келсе немесе жаңадан университет ашылса, онда ол мұқтаж студенттерін жатақханамен 100 пайыз қамтамасыз етуге міндетті болады», – деді Ғылым министрі.Жасыратыны жоқ, Ресейден келушілер легінің артуы бұл проблеманы ушықтыра түсті. Пәтер иесі баспанасын соларға жалға беріп, арзан жалдап келген студент қыздар мен жігіттерді сыртқа қуып шыққанына шағымдар әлеуметтік желіні кезіп кетті. Ведомствоның дерегінше, Алматыда университеттер шәкірттерін далада қалдырмау үшін хостелдер мен қонақүйлерді жалға алып жатыр. Олармен министрлік те келіссөз жүргізуде.
«Біріншіден, хостелдердің өкілдерін жинап, оларға екі жаққа да тиімді ұсыныс жасадық. Олар ай сайынғы тұру құнын қолайлы бағаға дейін төмендетеді, ал біз оларды жыл бойы студенттермен қамтамасыз етеміз. Екіншіден, Алматы әкімдігімен бірлесіп, барлық университет өкілдерімен кездестік. Оларға жатақханаларды реконструкциялау, кеңейту қажеті айтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен де жұмыс жүргізудеміз. Үшіншіден, Алматыдағы ескі бизнес орталықтарын, басқа да бос ғимараттарды жатақханаға айналдыру мәселесі пысықталады. Оларды қысқа мерзімде жатақханаға қайта жабдықтауға болады», – деп түйді министр Саясат Нұрбек.Тұрақты табыс көзіне айналды Мемлекет 2022 жылы студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамту үшін 33 440 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырды. Бұл сан тек өсе береді. Ең көп тапсырыс пен қаржы ала алғаны қатарында «МегаСтройСервис» ЖШС (2 464 орын), «Халықаралық білім беру корпорациясы» ЖШС (1 200), «Абдулла атындағы қазіргі заманғы білім беру академиясы» ЖШС (1 000), «Реактивные фосфорные соединения» сауда үйі (975), «Мастер-2007» ЖШС (700), «Кентау трансформаторлық зауыты» (500) бар. Бір ғажабы, өз студенттерін панамен онсыз да қамтуы тиіс университеттер жатақханаларына мемлекеттен ақы алады. Арасында Қызылорда «Болашақ» университеті (742), Қазақ технология және бизнес университеті (680), Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті (670), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (645), Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті (600), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (550), Алматы технологиялық университеті (491), Қарағанды медицина университеті (400), Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті (400), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (372), М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ (370), Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (198) сияқты 26 ЖОО табыс тауып отыр. Биыл жалпы саны 109 бизнес нысаны жатақхана орнын ұсыныпты. Көбі жеке кәсіпкерлер. «Қаржы орталығы» АҚ түсіндіруінше, мемлекет оларға әрбір студент үшін жыл сайынғы мемлекеттік тапсырысқа, яғни тұрақты табысқа кепілдік береді. Сонда қанша төлейді? Егер жатақхана ғимараты жаңадан салынған болса, онда жыл бойы 1 студент үшін 122 АЕК-тен (2022 жылы 373 686 теңгеден) төленіп тұрады. Ал егер жатақхана жөндеу, реконструкция жүргізілген ескі ғимаратта ашылса, онда 1 студент үшін төлем 47 АЕК (143 961 теңге) болады. Бұл жерде ең ірі мегаполисіміздегі жатақхана иелеріне артықшылық берілді: Алматы қаласы үшін бірінші жағдайда – 144 АЕК (441 072 теңгеден), реконструкциялағанына 92 АЕК (281 796 теңгеден) беріледі. [caption id="attachment_219566" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Барлық өңірде бұл мемлекеттік тапсырыс бірден 8 жыл мерзімге (алда 6 жылға азаяды) орналастырылады және төлемдер ай сайынғы негізде жүргізіледі. Яғни, егер жаңа хостел бір бөлмеге кем дегенде 6 студентті сыйдыра алса, онда сол бір бөлме үшін ғана мемлекеттен жылына 2,7 миллион теңгеге жуық ақшаны кепілді түрде алып отырады. Инвесторларды өз жылжымайтын мүлкін жатақханаға айналдыруға ынталандыру үшін Үкімет 8 жылдың алғашқы жылы (12 айы) үшін «2-ге тең түзетуші коэффициентпен» төлеуге барды. Нәтижесінде, жатақханада іс жүзінде 100 студент қана тұрса, жатақхана иесіне мемлекет 200 студентке барабар, екі еселенген төлем аударады (200 болса, 400). Яғни, алғашқы жылы бір бөлмеден 2,7 емес, шамамен 5,4 миллион теңге кіріс көреді. 1 мың студентке орын ұсынатындар жылына жарты миллиард теңгеге жуық табысқа кенеле алады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 704 миллионға дейін өсуі мүмкін. Мұндай ауқымды табысты ортанқол қонақүйлер әкелмейтіні мәлім. Оның үстіне, қонақүйден айырмашылығы сол, студенттерді тамақтандыру, дәретханада гигиеналық заттармен қамту қажет емес әрі жастар өз бөлмесін өздері жуып, тазалайды. Атап өтер жайт, студенттер бұл жатақханаларда тегін тұра алмайды: қожайын белгілеген мөлшерде қосымша ақы төлеуі шарт. Тұтастай алғанда, жеке сектордан жастар үшін жатақхананы жалдауға республикалық бюджеттен 152 млрд теңге бағытталыпты. Негізі, бұл саладан пайда тапқысы келетін кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар саны арта берері даусыз. Өйткені салаға алдағы уақытта қомақты қаржы құйылады. Әр студент үшін аударылатын төлем көлемі күрт артады. Демек, табыс жеткілікті. Ғылым министрлігінің хабарлауынша, жаңа жатақханалар салу үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін қазіргі 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке арттыру қарастырылып жатыр. Бұл биыл 597 285 теңгеге тең. Ал келесі жылы АЕК мөлшері тағы артқанда, осы сома да автоматты түрде тағы өседі. Алматы қаласында әрбір студент үшін төлем 230 АЕК-ке дейін күрт ұлғаяды. Яғни, биылғы айлық есептік көрсеткішпен есептегеннің өзінде, бір орын үшін жылына 704 490 теңге аударылады. Оларда жататын әрбір студент нағыз алтын балаға айналатын түрі бар. Министрдің мырзалығында шек жоқ: мұны азсынса, жекеменшік жатақхананың жөндеу шығындарын да мемлекет көтеруі мүмкін. С.Нұрбек министрлігінің мәліметінше, 6 жыл өткеннен кейін инвестор студенттерді қуып шығып, нысанды қайта форматтамауы, шәкірт жастар жатақханаларда ары қарай тұруы үшін мемлекет жатақхана қожайынының келесі 14 жылдағы операциялық шығындарын бюджеттен өтейтінін болады. Жатақхананы жаңадан салатындарға мемлекеттен басқа да қолдаулар бар. Кәсіпкерге оның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге шығындалудың қажеті жоқ. Бүгінде Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қаржы орталығы әр өңірде студенттік жатақханалар құрылысына инвестиция салу мәселесін талқылау үшін түрлі кездесу ұйымдастырып жатыр. Ол жиындарда кәсіпкерлерге шарттар жасасу рәсімі, мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі, инвестициялық ынтымақтастық аясында төлемдердің сомалары мен мерзімдері түсіндіріледі. Сонымен бірге әкімдерге жатақхана салатын жеке және заңды тұлғаларға басымдықты түрде жер беру, олар сұраған жер учаскелерінің бастапқы нысаналы мақсатын жедел өзгерту жүктелді. Тапсырыс иеленген компания менеджері, кәсіпкер Алмат Жандосов кепілдендірілген мемлекеттік тапсырыс – осындай нысанның табысының тек бір көзі ғана екенін айтады. Біріншіден, оның сыртында студенттердің өзінен аренда ақысы алынады, оны әр жатақхана иесіне өз бетінше белгілеуге рұқсат етілген, тек тым жоғары баға қойса, ақылы мол, қалтасы таяз студенттер онда тұрудан қашады. Сондықтан Алматыда – 25-40 мың, Астанада – 15-25 мың, өңірлерде 6-15 мың теңге шамасында болып келеді. Бұдан бөлек, төменгі қабатта асхана, буфет орналастырылған, олар да біраз табыс әкеледі. Түрлі терминал, тауар сататын автоматтар қоюға болады. Кәсіпкер егер нысан ауданы мүмкіндік беріп жатса, шаштараз, жаттығу залдарын, ксероксы бар ойын залдарын және басқасын ашуға болатынын қосты. Ол бір жайтқа назар аударды: әр студент үшін бөлініп жатқан қаражатты Қаржы орталығы да, басқасы да тексермейді. Ол қаражат қайтарымсыз негізде беріледі. Тек 6 жыл бойы объектінің нысаналы мақсатын өзгертпесе, яғни жатақхана қалпында қалдырса болғаны. Содан кәсіпкерлер шығып қалған студенттердің орнын жетімбұрыш жағалаған өзге жұртқа, мысалы қаптап келіп жатқан ресейліктерге жалға беріп, екі жеп биге шығуы мүмкін.