Студенттік жатақхана: жаңа оқу жылына дайындық көңіл көншітпейді
Студенттік жатақхана: жаңа оқу жылына дайындық көңіл көншітпейді
«AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында студенттік жатақханалар құрылысының мониторингі мәселесі қаралды. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жыл сайын 10 мың орындық жатақхана құрылысы қарастырылған. Жатақхана құрылысының қазіргі жағдайы туралы, қанша орын жылдың басынан бері салынып бітті ма, жылдың соңына дейін жол картасының индикаторы орындала ма деген сұрақтарға жауап бүгінгі отырыста ізделді. Кеңеске төрағалық етуші ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше ауылдан келіп, оқуға түсіп жатақханадан орын таппай, пәтер жағалап, хостес аралап күн көрісін ойлаумен әлек болған студент білікті маман атануы екіталай.  width=
«Жыл сайын қыркүйек айында елімізде жатақхана мәселесі өрши түседі. Биылғы оқу жылының басында болған жағдай да күрделі болғаны бәріміздің есімізде. Бұл проблема жыл өткен сайын ушықпаса, басылмайтыны айдан анық. Сондықтан да, біз бұл мәселені келесі оқу жылы басталмастан бұрын көтеруді жөн көрдік. Айтылған баяндамаларға сүйенсек, «Қаржы орталығы» АҚ 2018-2021 жылдар аралығында 30 630 орындық 124 жатахана пайдалануға берген. Бұл жоспардың тек 67% ғана. Орындар санына шақсақ 40%», – деп атап өтті ол.
Бұл тақырып былтырғы жылы да кеңес төңірегінде көтерілген болатын, Мәжіліс қабырғасында да біздің партияның депутаттары бірнеше рет айтты, бірақ мәселе толығымен өз шешімін тапқан жоқ деп атап өтті «AMANAT» партиясы Жастар қанатының Төрағасының орынбасары Айсұлу Ерниязова.
«2022 жылы Қаржы орталығының ақпараты бойынша 10 мың орындық 31 жатақхана салынуда. Оның 7-і қайта жөндеуден өтіп жатыр, 31 жатақхана жаңадан салынуда. 2018 бен 2022 жылғы көрсеткіштерді қоса алғанда 40 мың орындық жатақхана беріледі деген сөз. Сонда 35 мың орындық жатақхананың құрылысын Министрлік орындамады деген сөз», – деп тоқталды өз баяндамасында Айсұлу Ерниязова.
Ал, Білім және ғылым вице министрінің айтуынша министрлік жыл сайын жатақханалардағы орындарға қажеттілік туралы деректерді жаңарту бойынша жұмыс жүргізуде дейді.
«Студенттерді жатақханаларда орындармен қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бүгінгі күні бұл қажеттілік – 84 129 орынды құрайды, оның ішінде ЖОО – да-69 437 орын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 14 692 орын. Жатақханаларға деген қажеттілік өткен жылмен салыстырғанда 20 444 орынға артты, бұл халықтың табиғи өсуіне, урбанизацияға және аймақаралық көші-қонға байланысты талапкерлер санының өсуіне байланысты», – деді Қуаныш Ерғалиев.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, Жастар қанатының өкілдері, Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі, Отбасы және жастар ісі комитетінің төрағасы, Қаржы орталығы АҚ басқарма төрағасы және өңірлердегі «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау қоғамдық кеңесінің облыстық деңгейдегі төрағалары, орынбасарлары қатысты. Айта кету керек, аталған мәселені шешу мақсатында 2018 жылдың наурыз айында «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жарияланды. Бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық 184 жаңа жатақхана салу тапсырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджет есебінен 118 млрд теңге қаржы қарастырылған. Әлеуметтік бастама жоспарға сай жүзеге асатын болса, жатақханаға мұқтаж студенттердің 85%-ы орынмен қамтамасыз етіледі.