Көкшетауда қоғамдық көліктерге жолақы құнының тарифі тағы қымбаттамақ. Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, осыған дейін жолақы үшін транспорт картасы арқылы ересектер – 80 теңге, ал 15 жасқа дейінгі балалар 40 теңге төлем жасаса, енді бірден 40 теңгеге көтеріліп, 120 теңге болмақ. Ал жолақы картасыз қолма-қол төленсе, ересектер 200 теңге, балалар 100 теңгеге дейін төлейді. Жолақы тарифінің күрт көтерілетіні туралы әлеуметтік желілер мен пабликтер жарыса жариялады. Қала тұрғындары тарифтің қымбаттауына байланысты наразылықтарын білдіріп жатыр. Белгілі болғандай, қоғамдық көлік жолақысы тарифін көтеруге арналған Көкшетау қаласы әкімдігі мен мәслихат сессиялары қаулысының жобасы әзір. Көкшетау қалалық әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта аталған қаулы қалалық Әділет басқармасының қарауында жатыр. Аталған қаулыға сәйкес, жолақы билеті үшін дифференциялық тариф қойылмақ. Яғни жолақы үшін төлем құны жолаушының қолма-қол төлем жасауды яки көлік картасы арқылы төлеуіне байланысты болмақ.
«Қазіргі уақытта Көкшетауда қоғамдық көліктерде тариф құнын қымбаттауына қатысты қаулы Әділет басқармасының қарауында жатыр. Әзірге қаншаға және қай уақыттан бастап қаулының күшіне енетіні белгісіз. Тариф құны заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады», – дейді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әбдірахманова.Халықтың қалтасын қашанғы қағады... Жолақы құны тарифінің күрт қымбаттайтынына наразылық білдірген тұрғындар шағын қала болса да автобустардың уақытында жүрмейтінін, сондай-ақ қызмет сапасының сын көтермейтінін алға тартты.
«Алдымен автобустарды жөндеп уақытында жүргізіп, жолақы туралы содан кейін неге ойламайды?! Бұл не деген сұмдық?! Адамдар жұмысына, мектеп пен балабақшаларына қалай жетпек? Мәселен №21 бағыттағы автобус жүргісі келсе жүреді, жүргісі келмесе тіпті желіге шықпай да қалады. Үш сағаттап тоқтап тұратын кездері аз болмайды. Қалада жалақы да басқа қалаларға қарағанда өте төмен. Елорданың өзінде жолақы үшін 90 теңге ғана төлейді. Ал бізде бірден осылай 40 теңгеге қымбаттатпақ. Нені негізге алады? Халықпен санасу деген атымен жоқ. Қарапайым халықтың онсыз да таяз қалтасын қағудың амалын ғана жасап отыр. Автобустар таңертеңгілік және кешкісін үнемі ине шаншар жер қалмай толып кетеді. Халық иін тіресе сығылысып әзер тұрады. Ал автобустар кешкі сегізге дейін ғана жүреді. Жұмыстан әбден шаршаған адамдар кешкісін үйлеріне жаяулап қайтуға мәжбүр. Көкшетауда баға да Астанадан бірде-бір кем емес. Ал оны реттеп жатқан ешкім жоқ», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Наталья Лапшина.Жолақы құнының өсуіне қатысты тұрғындардан бұдан да өзге ондаған пікір айтылды. Бәрі оның қымбаттауына өздерінің қарсылықтарын білдірген. Бұл мәселе жөнінде Жолаушылар тасымалы ассоциациясының төрағасы, әрі Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Рүстем Қалышевтан анықтамақ болдық. Мәслихат хатшысының айтуынша, қаулы бекітілмеген, тек жоба күйінде тұр. Ал оның қашан және қандай бағада белгіленетіні әзірге белгісіз. Қаулы әзірге тек жоба ғана
«Қалада қоғамдық көліктің тарифін көтеру туралы жоба әзірленді. Бірақ ол қалалық әкімдік пен мәслихаттың қарауына түскен жоқ. Тек жоба күйінде тұр. Сондықтан жолақы құнының қаншаға және қалай көтерілетіні әзірге белгісіз. Көкшетау қаласында жолаушылар мен бағажды тұрақты қалалық автомобильмен тасымалдау маршруттарына сараланған тарифті белгілеу туралы «Көкшетау бүгін» газетінің 22 қыркүйектегі №37 санында қаулы жобасы жарияланды. Қолданыстағы заң мен тәртіпке сәйкес жоба алдымен қоғамдық кеңестің талқысына түсіп, мәслихаттың сессиясына шығарылып қаралып, одан кейін ғана нақты шешім қабылданады. Тариф бекітілгенше бірнеше процедурадан өтуі тиіс. Сондықтан жолақы тарифі қанша және қалай көтерілетіні белгісіз», – дейді Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Рүстем Қалышев.Жанармай мен қосалқы бөлшек тым қымбат... Біз жолақы тарифінің көтерілуіне қатысты қаладағы ең ірі «Көкшетау автобус паркінің» басшысы Әсия Шәрімованың пікірін білуге ұйғардық. Ол жанармай мен қосалқы бөлшектердің қымбатшылығы мен бюджеттен бөлінетін субсидияның толық төленбейтінінен осындай қадамға мәжбүр болғандықтарын жеткізді.
«Көкшетауда тариф бірнеше жылдан бері өзгерген жоқ. Қазіргі жолақы тарифі белгіленген кезде жанармай (солярка) құны небары 150-160 теңге болатын. Ал қазір кемінде 255-257 теңгеден саудаланады. Заңға сәйкес, егер жанармай, қосалқы бөлшектер, салық, басқа да шығындардың құны 10 пайыздан асқан жағдайда тарифті көтеруге болады. Сондықтан былтырғы қарашада тарифті көтеруге қалалық әкімдіктің қарауына құжаттар мен есепті бергенбіз. Бірақ одан кейін мораторий жарияланып әрі қаңтар оқиғасынан кейін бәрі тоқтап қалды. Қоғамдық көлік қатынасы – Кеңес заманынан бері мемлекеттік шығыны көп бизнес. Қазіргі жолаушылар аз жүретін автобустарда тариф құны өзін-өзі мүлде ақтамайды. Оларға кемінде 180 теңгеден 400 теңгеге дейін шығын келеді. Дегенмен әлеуметтік маршруттар болғандықтан, бағаны ұстап тұруға тура келеді. Бір автобус дөңгелегінің өзі қазір 162 мың теңгеге жетті. Қытайдан келген 74 жаңа автобус бар. 3-4 жылдың ішінде көпшілігі жөндеуді қажет етеді. Ал қосалқы бөлшектерді 1-2 айға дейін күтуге мәжбүрміз. Сондай-ақ 12 автобус жүргізушілердің жоқтығынан паркте қаңтарылып бос тұр. Жалақысы 318 мың теңге болса да жүргізуші таппай отырмыз. Жалақысын көтеріп жүргізушілерді жұмысқа тартудан басқа амалымыз жоқ. Бюджетте қаржы болмағандықтан субсидия да уақытында түспейді. Қазірдің өзінде 15 миллион теңгедей субсидияны ала алмадық. Сондықтан да осындай қадамға баруға мәжбүрміз», – дейді Әсия Шәрімова.
P.S. Сонымен әр тараптың айтар өз уәжі бар. Қымбатшылық қос өкпеден қысқан тұста халықтың да, салаға қызмет ететін кәсіп иесінің де шығыны шаш-етектен. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмас үшін қайтпек керек? Түйінді мәселе алдағы кезекте қалалық қоғамдық кеңес пен мәслихат депутаттарының қарауына беріліп, одан кейін тиісті шешім шығарылмақ.
Ақмола облысы