Жақсылардың жалғасымын...
Жақсылардың жалғасымын...
366
оқылды
Қазақ даласын тоталитарлық режимнің уысында ұстау үшін 1920-1930 жылдары жасалған зобалаң әр шаңыраққа, әр отбасына өзінше із қалдырғаны мәлім. Менің атам Тұрарқожа Қабеков те қуғын-сүргінге ұшырап, 84 жасында ату жазасына кесілген екен. Ал әкемнің ағасы Ысқақ Қабеков Кеңес үкіметін орнату ісіне белсене араласады. Сол жолда жүріп, қапияда 27 жасында мерт болды. Оның есімі Семей өңірінен шыққан дәрігер ретінде аталады. Омбыдағы дәрігерлік семинарияны бітірген соң денсаулық саласында жұмыс істеген. Ел-елді аралап халықты шешек, сүзек сияқты жұқпалы індеттен сақтау үшін жаппай екпе алуға шақырған. Сондай-ақ қоғамдық саяси жұмыстарға да белсене араласқан. Өз за­манының озық ойлы жастарының басын біріктірген Қазақ еңбекшілерінің одағын­да қызмет істейді. Бұл одаққа жазушы, драматург Көлбай Төгісов төрағалық еткен. Ал хатшылық міндет әкемнің ағасы Ысқақ Қабековке жүктелген. Кейін олар «Үш жүз» партиясын құруға мұрындық болады. Саяси қызметте Ысқақ Қабеков қазақтың біртуар азаматы Сәкен Сейфул­линмен де жақсы араласқан. Оның «Тар жол, тайғақ кешу» кітабы да Ысқақ Қабе­ков туралы жазылған екен. Кейіннен әкем де Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллиндермен жолығып, әңгі­ме-дүкен құратын болған. Әкем Әбдікәрім Қабеков пен анам Мақыпжамал Асыл­ханқызы үйленген соң Алматыға қыды­рыпты. Осы сапарларында олар жазушы, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы­ның басқарма төрағасы Сәбит Мұқановқа сәлемдесіп барған. Кездесуден соң жазу­шы ата-анама «Адасқандар» кейін «Мөлдір махаббат» аталған кітабын тарту еткен. Сол сәттен анамның аяғының ауыр екенін байқаған Сәбит Мұқанов: «Ұл туса Бүркіт, қыз болса Бәтес қойыңдар» депті. Ата-анам үлкен кісінің сөзін жерге тастамай, сол кездесуден кейін дүние есігін ашқан менің атымды Бәтес деп қойыпты. Сол жолы олар Сәкен Сейфуллинмен де жолығады. Сәкен аға ата-анамды үйіне ертіп апарып қонақ еткен. Кей-кейде ата-анамды қонақ шақырған сол бір үйді көр­гім келеді. Бірақ кейінгілер сонау бір жыл­дары қазақтың атпал азаматы тұрған үйдің мекенжайын білмейтін болып шықты. Бір жылдары Алматы қаласының әкімдігі арнайы автобуспен қала маңын­дағы Жаңалық ауылына апарып, саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу шара­ларын ұйымдастыратын. Сондай шара­лардың бірінде Сәкен Сейфуллиннің туысымын деген бір кісімен кездескенім бар. Кейіннен ұйымдастырушы қыздардан сұрап жүріп әлгі кісінің нөмірін тапқа­ныммен, хабарласа алмадым. Осындай азаматтардың көзін көрген, шарапатын сезінген жанның ұрпағы ретінде мен де тарихимыздың осы бір ақтаңдақтарының ақиқаты ашылғанын қалаймын. Тәуелсіз ел болу жолында жанын пида, басын құрбан еткендердің есімін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың қас­терлі борышы. Күн санап ата-анасы, ту­ған-туысы қуғын-сүргінді бастан өткер­гендердің саны азайып барады. Сондықтан солардың көзбен көргенін, құлақпен есті­генін, қолындағы тарихи құжаттарды пайдаланып, тарихты қайта жазуды қолға алынғаны жөн деп білемін. Бұл – біздің осы күнге жетуімізге себепкер болған жан­дардың алдындағы перзенттік парызымыз.

Бәтес ӘБДІКӘРІМҚЫЗЫ, Астана қаласының тұрғыны