– Тұран даласының алтын тәжі Түркістан қаласына Мемлекет басшысының арнайы жұмыс сапарымен баруы – шын мәнінде айтулы оқиға. Бұл шаһар біздің тұтас елдігіміз, терең тарихымыз үшін айрықша маңызға ие екені әлімсақтан аян дүние ғой. Түркі әлемінің ортақ олжасы болған қала жұртшылығының алдында Мемлекет басшысы елдегі елеулі оқиғалардың барлығына делік тоқталып өтті.
Бұл орайда Президентіміз еліміздегі елеулі өзгерістер туралы, тың реформалар мен мемлекетіміздің идеологиялық бағыттары туралы нақты әрі бүкпесіз ойларын жеткізді.
Осындай төңірегіміз түгел шытынап тұрғанда шын мәнінде еліміз үшін ең маңыздысы – береке-бірлігіміз. Бұл – қазіргі сын-қатерлерге төтеп бере алатын жалғыз құндылығымыз.
«Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы біз үшін бәрінен маңызды. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Шекарамыз бүтін болса, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Бұл – мемлекетіміз үшін, мен үшін аса маңызды міндет әрі басты мақсат», – деді Президент.
Мемлекет басшысы сонымен қатар елдегі реформаларға да кеңінен тоқталды. Осы орайда ел Конституциясына енген өзгерістер туралы, оның ішінде 7 жылдық бір ғана мерзімге сайлауға түсу құқығы туралы да айтты.
«Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек», – деп нақты шегеледі Мемлекет басшысы.
Иә, бұл сапардың саяси тұрғыдан бөлек рухани өлшемі де бір төбе. Киелі топыраққа барып, медет қылу – жақсылықтың, иісі қазақылықтың айқын белгісі деп білемін. Мемлекетіміз үлкен өзгерістің алдында тұр. Бұл орайда біз реформалардың бір сағаттық не болмаса біркүндік дүние емес екенін ескеруіміз керек.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!