Еліміздің заңгерлер қауымдастығын біріктіру мақсатында кеше «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адал сайлау үшін» атты штаб құрылды.
Ондағы мақсат – сайлау науқаны кезінде конституциялық реформа ережелерін және құқық қолдану тәжірибесін заң қоғамдастығымен қоғамдық салада құқықтық сүйемелдеу. Соның ішінде «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы» сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету, сайлау процесін ұйымдастырудың барлық кезеңінде азаматтық қоғам өкілдерімен, халықаралық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасап, штабтың жұмыс жоспарлары туралы қалың жұртшылықты ақпараттандыру.
«23 қыркүйектен бастап сайлау процесі басталды. Президенттіктен үміткерлер өз кандидатурасын ұсына алады. Міне, осыдан соң біздер бүкіл халыққа «Президенттік сайлау туралы» конституциялық заңның мәселелерін түгел түсіндіруге шешім қабылдадық. Мұндағы негізгі өзгеріс 7 жылдық 1 мерзім екенін баршаңыз да білесіздер. Оның артықшылығы – бұрындары 5 жылдық мерзімнің үш жылын сайлауалды бағдарламасына, қалған екі жылын алдағы сайлауға арнайтын болса, енді бір-ақ мүмкіндігі барын білетіндіктен, осы мерзім ішінде бар күшін салатын болады. Осы мақсатта штаб құрдық. Оған бірлестіктің өңірлердегі филиалдары да атсалысатын болады. Бүгінгі бірінші кездесуімізге олар онлайн қатысып отыр. Жұмыс жоспарын бекітіп алғаннан соң тікелей қабылдаудан бөлек, ақпарат құралдары арқылы да түсіндіру жұмыстарын жандандыра түсетін боламыз», – дейді «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Ақылбай.
Штабтың орталық кеңсесі 7 адамнан тұрады. Олар – штаб жетекшісі Серік Ақылбай, заң ғылымдарының докторы, профессор, Заңгерлер одағының мүшесі Ермек Абдрасулов, заң ғылымдарының докторы, профессор, заңгерлер одағының мүшесі Индира Әубәкірова, заң ғылымдарының докторы, профессор, Заңгерлер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті заңгері Марат Бәшімов, заң ғылымдарының докторы, профессор, Заңгерлер одағының мүшесі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың бірінші проректоры, құрметті заңгер Еркін Оңғарбаев, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ атқарушы директоры Әбдікарым Ақжанов, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы, Қазақстанның құрметті заңгері Серік Беркамалов. Президент сайлауына байланысты «Қазақстанның заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері арнайы Үндеу жариялады.
«2022 жылғы 20 қарашада Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді, бұл оқиға жаңа әділетті Қазақстанды құру мақсатында мемлекеттік институттарды: Президентті, Парламентті, Үкіметті және мәслихаттарды қайта жүктеудің басты сәті болады. Қазақстанның заңгерлер одағының өзінің азаматтық ұстанымын білдіре отырып, құқықтық білімі мен Қазақстан халқы алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, «Адал сайлау үшін» азаматтық штабын құрады.
Штабтың құрылуы еркін, ашық және адал рәсімдерге, саяси бәсекелестікке, сайлау технологияларын іске асыруда заңдылықты сақтауға негізделген Жаңа Қазақстандағы алғашқы сайлау процесін ақпараттық, әдістемелік және консультациялық сүйемелдеу қажеттілігімен байланысты. Штаб әділ, еркін және адал сайлау ғана халықтың еркін анықтауға және бүкіл елдің мүддесі үшін нәтиже алуға мүмкіндік береді деп санайды. Сайлау өткізу барысында процестің ашықтығы мен демократиялығын қамтамасыз ету өте маңызды және бұл мәселеде кәсіби заңгерлер, адвокаттар, ғалым-заңгерлер маңызды рөл мен қолдау көрсете алады» делінген Үндеу мәтінінде.
Штаб қызметінің негізгі мақсаты – сайлау науқанының беделін түсіру тәуекелдерін анықтау, сайлау процесінің барысы мен сайлау нәтижелері туралы объективті қоғамдық пікірді белсенді қалыптастыру. Сындарлы пікірлес заңгерлер қауымдастығын шоғырландыру және оның әлеуетін сайлау тақырыбы бойынша қоғамдық пікірталасқа қатысуға бағыттау. Конституциялық реформа ережелерін және Жолдау басымдықтарын жариялы өрісінде құқықтық сүйемелдеу. Сайлау науқанының барысын мониторингілеу және оған қатысушыларға, сондай-ақ азаматтық белсенділерге, БАҚ өкілдеріне, халықаралық ұйымдарға құқықтық кеңес беру. Байқаушылар, сайлау комиссиясының мүшелері және құқық қорғау органдарының өкілдері үшін сайлау өткізу рәсімдері туралы әдістемелік материалдар дайындау. Сайлау қорытындылары бойынша бақылаушыларға құқықтық көмек көрсетуді қоса алғанда, бақылаушылар штабын қолдауды қамтамасыз ету. Сайлау процесіне қатысушылардың іс-әрекеттерін құқықтық бағалау және ақпараттық алаңда заңнаманы бұзу фактілеріне ден қою. Сайлау процесіне қатысушылармен және азаматтық қоғам өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау. Науқан барысында туындайтын даулы жағдайларды қарастыру және түсініктеме беру. Қоғамдық өрістегі арандатушылық материалдарға жедел әрекет ету, сайлаудың беделін түсіруге заңсыз әрекеттерге қарсы тұру. Сайлау тақырыбы бойынша БАҚ-пен, блогерлермен жұмыс, ТВ және YouTube арналарында ақпараттық бағдарламалар шеңберінде сөз сөйлеу. Қоғамдық пікірде сайлау нәтижелерін объективті бағалауды және сайлау науқанын ұйымдастырудың рәсімдік мәселелерінің заңдылығын бекіту.
«Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адал сайлау үшін» штабы елдің заңгерлер қауымдастығын, сондай-ақ барлық мүдделі тұлғаларды өз бастамаларын қолдауға және адал сайлауды өткізуге, сайлау процесінде заңсыз әдістер мен технологиялардың алдын алуға жәрдемдесу жөніндегі қызметке қосылуға шақырады.