Әлемдік өркениеттегі Мұхаң феномені
Әлемдік өркениеттегі Мұхаң феномені
692
оқылды
Мұхтар Әуезов – әлем өрке­ниетін терең игеріп, қазақ то­пы­рағына әкеліп жерсіндірген және оны әлемдік өркениеттің биік деңгейіне көтере білген бірегей талант иесі. Төрткүл дүниенің бі­лі­мі мен өнерінің озық үлгілерін шығармашылықпен меңгере отырып, ол қазақ сөз өне­рінде әлемдік классикамен иық ті­рес­тірген туын­ды­ларды дүниеге әкел­ді. Сол арқылы ұлттық әде­биетті ұлықтады, оның дүниежүзі әдебиеті алдындағы беделін биікке көтерді. Сөйтіп, адамзат мәдениетіне қайталанбас қол­таңба қосып, әлемдік өркениет­тегі Әуезов феномені деген құ­былысты қалыптастырды. Қазіргі заман Мұхтар Әуезов феноменін заманауи әдебиеттану ғылымының тұрғысынан мүлде жа­ңаша қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл арнадағы ең үлкен мә­селенің бірі – мұхтартануды социа­листік реа­лизм стереотиптерінен арылту. Ұлы қаламгер шығарма­шылығының еш­қандай «измге» де, саяси қалыпқа да сыймайтынын тарих көрсетіп берді. Сондықтан Әуезовтің көркем мұрасын адам­заттық құндылықтар тұрғысынан әлемдік өркениет арна­сында ке­ңінен қарастыратын уақыт келді. Мұндағы Әуезов фе­номенінің адастырмас темірқазы­ғы – ақиқат, жазушының айнымас ұстанымы – ар алдындағы адал­дық! Бүгінгі мұх­тар­танушылардың адастырмас темір­қазығы осы екі ұлы ұғым болуы тиіс. Бөріліде дүниеге келіп, өнері әлемге мәшһүр болған Мұхтар Әуезов феномені бұралаңы мол аса күрделі жолдардан өтті. Сол бұра­лаңда адаспай жол табуда, ең алды­мен, оның туған топырағы, өскен ортасы іргетас болды. Абайдай алып бәйтерегі, Шәкәрімдей шынары мәуелеген құнарлы орта жас Мұх­тардың санасында ұлттық ұстаным ділін қалыптастырды. 1917 жылы жиырма жасында жазылған «Қазақ­тың өзгеше мінездері» мен «Адам­дық – негізі әйел» атты алғашқы мақалалардан-ақ біз ұлт болашағын ту етіп көтерген жас таланттың толықсыған тегеурінін айқын се­зінеміз. Міне, Әуезовтің дүние­та­нымын қалыптастырған, келешек өміріне таймайтын тұғыр, солмай­тын тамыр болған қазақ қоғамының Абай орнықтырған мәйекті мәдени ортасы Әуезов феноменін зерттеу­дегі құнарлы тақырып деп білеміз. Бұл орайда, бала Мұхтардың дүние­ні көркем қабылдау түйсігін қалып­тастырудағы Абай қалыптастырған ортаның бүкіл ішкі табиғатын қайта ақтарып саралау қажет. Ол жиырмаға толар-толмас жас шағында-ақ өз заманындағы адам­заттық ірі мәселелерге ден қойды. «Абай», «Таң» журналдары мен қа­зақ газеттерінде жарияланған «Адам­дық негізі – әйел», «Ғылым», «Ғылым тілі», «Мәдениет һәм ұлт», «Философия жайынан», «Япония», «Қазақтың өзгеше мінездері» сияқ­ты мақалаларының өзі-ақ жас Мұхтардың терең білімін, серпінді тегеурінін, таным-талғамын әйгі­леп тұрды. Осы тырнақалды туын­ды­ларының өзінде қазақ тұрмы­сы­ның көкейкесті мәселелерін адам­заттық проблемалармен ас­тастырып қарастыра білді. Әуезовтың адамзаттық құнды­лықтарға ерте ден қойып, тез есе­юінде екі үлкен тұғырдың болған­дығын атап айтқан жөн. Оның алғашқысы – сол кездің өзінде қазақ халқының рухани мұрасын терең игеріп, оны Шығыс, Ислам өркениетімен және орыс, Батыс мәдениетімен тоғыстыра толғаған Абайдың даналық мектебі болатын. Екінші тұғыр – қазақ даласында азаттық идеясын көтеріп, жас тол­қынның жүрегіне дүниежүзінің ілімі мен білімінің ұрығын сеуіп, «Оян, қазақ» деп ұран тастаған Алаш арыс­тары болды. Ол Әлихан Бөкей­ханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржа­қып Дулатұлы сияқты ұлт көсем­деріне шәкірт бола жүріп, қазақтың еуропалық демократиялық әде­биетінің басында тұрған Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты тұлғалармен тығыз қарым-қаты­наста болды. Демек, М. Әуезов шығармашы­лығында ерекше орын алатын кезең бұл –«Алаш қозғалысы» дәуірі. Бұл ұлы қозғалыстың темірқазық ор­талығы Семей қаласы болғаны белгілі. Кеңестік кезеңде бұл ортаның Мұхтартану ғылымынан мүлде аласталып келгені де бар­ша­мызға аян. Ал сол Алаш арыстары­ның ақталғанына да отыз жылдан асып барады. Бірақ Мұхтар Әуезов­тың «Алаш» кезеңіне қатысты шығармашылығы әлі күнге келелі әңгімеге айнала қойған жоқ. Мұх­тар Әуезовтың Ә. Бөкейханұлы­мен, А.Байтұрсынұлымен, М.Ду­­лат­­­ұлымен, Ж. Аймауыт­ұлы­мен, М.Жұма­баймен шығарма­шылық байла­ныстары жөнінде тарау-тарау тұ­щымды зерттеулер жасалмай ке­леді. Бұл – Мұхтартану ғылымын­дағы әзірге ашық тұрған ақтаң­дақтың бірі. Оның «Мен Мағжан­ның Еуропалығын сүйемін» деп жүрген кезі де дәл осы уақыт. Со­лармен бірге ол өзі де Еуропа әде­биетін құлай сүйіп, қазақ әдебиетіне мүлде тың тақырыптарды әкеліп, жаңа көркем құндылықтардың өр­негін салды. «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» сияқты алғаш­қы классикалық әңгімелері сол дәуірдің жемісі. Міне, «Абай жолы» сияқты ұлы тақырыпқа Мұхаң осындай берік тұғырлар арқылы көтерілді. Әуезов феноменологиясының арналы бір саласы оның драма­тургиясы, сценарийлер мен либе­ротталары екендігі белгілі. Клас­сикалық қазақ драматургиясының алтын қорына енген шығармаларға деген ықылас соңғы кезде суи бас­таған сыңай танытады. Биылғы мерейтой кезінде республика театр­ларының осы тақырыпқа жан сала кіріскені жөн болар еді. Соның ішінде қайраткер қаламгердің «Хан Кене» сияқты ұлт-азаттық тақы­рып­ты қозғаған рухты шығарма­ларын сахналау бүгінгі «Жаңа Қазақстан» жағдайында аса өзекті мәселе деп білеміз. Сондай-ақ ұлы қаламгердің алып тұлғасы мен шығармашылығын әр қырынан ашып көрсететін кинофильмдер түсіру мәселесі де күн тәртібінде. Жас кезінен қазақ тілінің уы­зына жарып, орыс тілінің нәріне сусындап өскен бала Мұхтар өмір бойына оқумен, ізденумен болды. Ташкентте, Петерборда білім алды, аспирантурада оқып, ғылым қуды. Соның нәтижесінде «Көк серек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» сияқты дүниежүзі әдебиеті­нің алтын қорына қосылған сүйекті шығармаларын дүниеге әкелді. Осы ізденістер ақыры «Абай жолы» сияқты ұлы роман-эпопеяны тә­мам­дауға тиянақ болды. Әуезов әуелі Абай арқылы батыс мәдениетін меңгерсе, «Абай жолы» романымен Абайды, шығысты, нақтырақ айт­қанда, қазақты еурокеңістікке алып шықты. Жастайынан ақынды жү­регіне жаттап өскен Әуезов қаламы қолынан түскенше, Абайды шығыс пен батыс мәдениетінің алтын арқауына айналдыру мұратымен өмір сүрді. Сонымен қатар осы асыл мұратын асыра орындады. Ол жөнінде академик Зәки Ахметов: «Кең тынысты, сан миллион оқыр­мандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүниежүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді» деген әділ тұ­жырым жасады. Түйіндеп айтар болсақ, қазақ халқының ұлы перзенті, даңқты қаламгері, ғұлама ғалымы, педа­гогы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов аса құнды еңбектері үшін туған халқының зор құрметіне бөленіп, шығармашылық шыңы­ның шырқау биігіне көтерілді. Ол жасаған асыл мұра қазақ әдебиетін әлемдік озық әдебиеттер қатарына қосып, қазақ халқының тарихын, өмірін, мәдениетін, талантын, ұлт­тық характерін жер жүзі оқушы­ла­рына танытты, сөйтіп кемеңгер жазушы тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлемдік өркениеттің феномен құбылысына айналды. М.Әуезовтің есімі мен еңбегі адамзат өркение­тімен мәңгі бірге жасайды. Оның қазақ даналығынан нәр алған, тағылымы мол тартымды шығар­малары қайталап оқыған сайын рухани дүниемізді байытып, баға жетпес жан азығы бола бермек. Бүгінде Мұхтартану ғылымы­ның іргесін барынша кеңейту мә­селесі күн тәртібінде тұр. Әдетте­гідей Әуезовты тек жазушы ғана деп танып, шығармашылығын әдебиет­тану ғылымы тұрғысынан ғана ба­ғалау бері айтқанда, ұлы тұлғаның кең шалқарын тарылту. Сондықтан Мұхтартану ғылымын тарих, фи­лософия, психология, мәдениет­тану, педагогика сияқты гумани­тарлық ғылымның пәнаралық то­ғысында өрістетудің уақыты әлде­қашан туған. М.Әуезовтың қоғамдық қай­раткерлік қызметі де өз алдына үлкен сала. Оның ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш арыстарының ең жас, талантты мүшесі ретіндегі қыз­меті өз алдына бір төбе. Ол «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» сияқты отарлық жүйеге қарсы шығармаларын жазуға саналы түрде келді. Сол ішкі ділінен өмір бойына айныған емес. Кейіннен Компар­тияға мүше болмаса да, ресми мем­лекеттік қызмет атқармаса да ол қоғамдық қызметтен ешқашан қа­лыс қалған емес. Енді бір ескеретін мәселе, біз әдетте «Әуезов әлемге танылған мәшһүр тұлға» дегенді жиі қай­талаймыз да, қаламгер мұрасының халықаралық дәрежедегі насихат­талуына жете көңіл бөле бермейміз. Ақиқатын айтсақ, ұлы жазушының дүниеге танылуы, әлем тілдеріне аударылып басылуы Кеңестік дә­уірде жоғары деңгейде болды. Мә­селен, 250 томдық әлем әдебиетінің екі томын иеленген жалғыз қазақ жазушысы – Мұхтар Әуезов. Тек «Абай жолының» өзі ғана әлемнің 116 тіліне аударылып жарық көрді. Бұл орайда, Мұхаңның әйгілі «Аме­рика әсерлері», «Жапон жазбалары», «Үнді очерктері» сияқты еңбектерін де күнделіктерімен қосып басып шығарудың маңызы зор. Ұлы жазушының ұлан-ғайыр мұрасы зәулім ғимарат іспетті, оның ішкі әсемдігінің сыр-сипатын білу, тану, рухани азық ету әлі талай жылдар мен ғасырларға созылады. Әр ұрпақ сол мұраны көздің қарашығындай сақтай отырып жан-жақты зерт­телуіне, әр алуан қырларын аша түсуге ат салысады.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы