Мұхтар Әуезов – әлем өркениетін терең игеріп, қазақ топырағына әкеліп жерсіндірген және оны әлемдік өркениеттің биік деңгейіне көтере білген бірегей талант иесі. Төрткүл дүниенің білімі мен өнерінің озық үлгілерін шығармашылықпен меңгере отырып, ол қазақ сөз өнерінде әлемдік классикамен иық тірестірген туындыларды дүниеге әкелді. Сол арқылы ұлттық әдебиетті ұлықтады, оның дүниежүзі әдебиеті алдындағы беделін биікке көтерді. Сөйтіп, адамзат мәдениетіне қайталанбас қолтаңба қосып, әлемдік өркениеттегі Әуезов феномені деген құбылысты қалыптастырды. Қазіргі заман Мұхтар Әуезов феноменін заманауи әдебиеттану ғылымының тұрғысынан мүлде жаңаша қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл арнадағы ең үлкен мәселенің бірі – мұхтартануды социалистік реализм стереотиптерінен арылту. Ұлы қаламгер шығармашылығының ешқандай «измге» де, саяси қалыпқа да сыймайтынын тарих көрсетіп берді. Сондықтан Әуезовтің көркем мұрасын адамзаттық құндылықтар тұрғысынан әлемдік өркениет арнасында кеңінен қарастыратын уақыт келді. Мұндағы Әуезов феноменінің адастырмас темірқазығы – ақиқат, жазушының айнымас ұстанымы – ар алдындағы адалдық! Бүгінгі мұхтартанушылардың адастырмас темірқазығы осы екі ұлы ұғым болуы тиіс. Бөріліде дүниеге келіп, өнері әлемге мәшһүр болған Мұхтар Әуезов феномені бұралаңы мол аса күрделі жолдардан өтті. Сол бұралаңда адаспай жол табуда, ең алдымен, оның туған топырағы, өскен ортасы іргетас болды. Абайдай алып бәйтерегі, Шәкәрімдей шынары мәуелеген құнарлы орта жас Мұхтардың санасында ұлттық ұстаным ділін қалыптастырды. 1917 жылы жиырма жасында жазылған «Қазақтың өзгеше мінездері» мен «Адамдық – негізі әйел» атты алғашқы мақалалардан-ақ біз ұлт болашағын ту етіп көтерген жас таланттың толықсыған тегеурінін айқын сезінеміз. Міне, Әуезовтің дүниетанымын қалыптастырған, келешек өміріне таймайтын тұғыр, солмайтын тамыр болған қазақ қоғамының Абай орнықтырған мәйекті мәдени ортасы Әуезов феноменін зерттеудегі құнарлы тақырып деп білеміз. Бұл орайда, бала Мұхтардың дүниені көркем қабылдау түйсігін қалыптастырудағы Абай қалыптастырған ортаның бүкіл ішкі табиғатын қайта ақтарып саралау қажет. Ол жиырмаға толар-толмас жас шағында-ақ өз заманындағы адамзаттық ірі мәселелерге ден қойды. «Абай», «Таң» журналдары мен қазақ газеттерінде жарияланған «Адамдық негізі – әйел», «Ғылым», «Ғылым тілі», «Мәдениет һәм ұлт», «Философия жайынан», «Япония», «Қазақтың өзгеше мінездері» сияқты мақалаларының өзі-ақ жас Мұхтардың терең білімін, серпінді тегеурінін, таным-талғамын әйгілеп тұрды. Осы тырнақалды туындыларының өзінде қазақ тұрмысының көкейкесті мәселелерін адамзаттық проблемалармен астастырып қарастыра білді. Әуезовтың адамзаттық құндылықтарға ерте ден қойып, тез есеюінде екі үлкен тұғырдың болғандығын атап айтқан жөн. Оның алғашқысы – сол кездің өзінде қазақ халқының рухани мұрасын терең игеріп, оны Шығыс, Ислам өркениетімен және орыс, Батыс мәдениетімен тоғыстыра толғаған Абайдың даналық мектебі болатын. Екінші тұғыр – қазақ даласында азаттық идеясын көтеріп, жас толқынның жүрегіне дүниежүзінің ілімі мен білімінің ұрығын сеуіп, «Оян, қазақ» деп ұран тастаған Алаш арыстары болды. Ол Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы сияқты ұлт көсемдеріне шәкірт бола жүріп, қазақтың еуропалық демократиялық әдебиетінің басында тұрған Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты тұлғалармен тығыз қарым-қатынаста болды. Демек, М. Әуезов шығармашылығында ерекше орын алатын кезең бұл –«Алаш қозғалысы» дәуірі. Бұл ұлы қозғалыстың темірқазық орталығы Семей қаласы болғаны белгілі. Кеңестік кезеңде бұл ортаның Мұхтартану ғылымынан мүлде аласталып келгені де баршамызға аян. Ал сол Алаш арыстарының ақталғанына да отыз жылдан асып барады. Бірақ Мұхтар Әуезовтың «Алаш» кезеңіне қатысты шығармашылығы әлі күнге келелі әңгімеге айнала қойған жоқ. Мұхтар Әуезовтың Ә. Бөкейханұлымен, А.Байтұрсынұлымен, М.Дулатұлымен, Ж. Аймауытұлымен, М.Жұмабаймен шығармашылық байланыстары жөнінде тарау-тарау тұщымды зерттеулер жасалмай келеді. Бұл – Мұхтартану ғылымындағы әзірге ашық тұрған ақтаңдақтың бірі. Оның «Мен Мағжанның Еуропалығын сүйемін» деп жүрген кезі де дәл осы уақыт. Солармен бірге ол өзі де Еуропа әдебиетін құлай сүйіп, қазақ әдебиетіне мүлде тың тақырыптарды әкеліп, жаңа көркем құндылықтардың өрнегін салды. «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» сияқты алғашқы классикалық әңгімелері сол дәуірдің жемісі. Міне, «Абай жолы» сияқты ұлы тақырыпқа Мұхаң осындай берік тұғырлар арқылы көтерілді. Әуезов феноменологиясының арналы бір саласы оның драматургиясы, сценарийлер мен либеротталары екендігі белгілі. Классикалық қазақ драматургиясының алтын қорына енген шығармаларға деген ықылас соңғы кезде суи бастаған сыңай танытады. Биылғы мерейтой кезінде республика театрларының осы тақырыпқа жан сала кіріскені жөн болар еді. Соның ішінде қайраткер қаламгердің «Хан Кене» сияқты ұлт-азаттық тақырыпты қозғаған рухты шығармаларын сахналау бүгінгі «Жаңа Қазақстан» жағдайында аса өзекті мәселе деп білеміз. Сондай-ақ ұлы қаламгердің алып тұлғасы мен шығармашылығын әр қырынан ашып көрсететін кинофильмдер түсіру мәселесі де күн тәртібінде. Жас кезінен қазақ тілінің уызына жарып, орыс тілінің нәріне сусындап өскен бала Мұхтар өмір бойына оқумен, ізденумен болды. Ташкентте, Петерборда білім алды, аспирантурада оқып, ғылым қуды. Соның нәтижесінде «Көк серек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» сияқты дүниежүзі әдебиетінің алтын қорына қосылған сүйекті шығармаларын дүниеге әкелді. Осы ізденістер ақыры «Абай жолы» сияқты ұлы роман-эпопеяны тәмамдауға тиянақ болды. Әуезов әуелі Абай арқылы батыс мәдениетін меңгерсе, «Абай жолы» романымен Абайды, шығысты, нақтырақ айтқанда, қазақты еурокеңістікке алып шықты. Жастайынан ақынды жүрегіне жаттап өскен Әуезов қаламы қолынан түскенше, Абайды шығыс пен батыс мәдениетінің алтын арқауына айналдыру мұратымен өмір сүрді. Сонымен қатар осы асыл мұратын асыра орындады. Ол жөнінде академик Зәки Ахметов: «Кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүниежүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді» деген әділ тұжырым жасады. Түйіндеп айтар болсақ, қазақ халқының ұлы перзенті, даңқты қаламгері, ғұлама ғалымы, педагогы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов аса құнды еңбектері үшін туған халқының зор құрметіне бөленіп, шығармашылық шыңының шырқау биігіне көтерілді. Ол жасаған асыл мұра қазақ әдебиетін әлемдік озық әдебиеттер қатарына қосып, қазақ халқының тарихын, өмірін, мәдениетін, талантын, ұлттық характерін жер жүзі оқушыларына танытты, сөйтіп кемеңгер жазушы тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлемдік өркениеттің феномен құбылысына айналды. М.Әуезовтің есімі мен еңбегі адамзат өркениетімен мәңгі бірге жасайды. Оның қазақ даналығынан нәр алған, тағылымы мол тартымды шығармалары қайталап оқыған сайын рухани дүниемізді байытып, баға жетпес жан азығы бола бермек. Бүгінде Мұхтартану ғылымының іргесін барынша кеңейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Әдеттегідей Әуезовты тек жазушы ғана деп танып, шығармашылығын әдебиеттану ғылымы тұрғысынан ғана бағалау бері айтқанда, ұлы тұлғаның кең шалқарын тарылту. Сондықтан Мұхтартану ғылымын тарих, философия, психология, мәдениеттану, педагогика сияқты гуманитарлық ғылымның пәнаралық тоғысында өрістетудің уақыты әлдеқашан туған. М.Әуезовтың қоғамдық қайраткерлік қызметі де өз алдына үлкен сала. Оның ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш арыстарының ең жас, талантты мүшесі ретіндегі қызметі өз алдына бір төбе. Ол «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» сияқты отарлық жүйеге қарсы шығармаларын жазуға саналы түрде келді. Сол ішкі ділінен өмір бойына айныған емес. Кейіннен Компартияға мүше болмаса да, ресми мемлекеттік қызмет атқармаса да ол қоғамдық қызметтен ешқашан қалыс қалған емес. Енді бір ескеретін мәселе, біз әдетте «Әуезов әлемге танылған мәшһүр тұлға» дегенді жиі қайталаймыз да, қаламгер мұрасының халықаралық дәрежедегі насихатталуына жете көңіл бөле бермейміз. Ақиқатын айтсақ, ұлы жазушының дүниеге танылуы, әлем тілдеріне аударылып басылуы Кеңестік дәуірде жоғары деңгейде болды. Мәселен, 250 томдық әлем әдебиетінің екі томын иеленген жалғыз қазақ жазушысы – Мұхтар Әуезов. Тек «Абай жолының» өзі ғана әлемнің 116 тіліне аударылып жарық көрді. Бұл орайда, Мұхаңның әйгілі «Америка әсерлері», «Жапон жазбалары», «Үнді очерктері» сияқты еңбектерін де күнделіктерімен қосып басып шығарудың маңызы зор. Ұлы жазушының ұлан-ғайыр мұрасы зәулім ғимарат іспетті, оның ішкі әсемдігінің сыр-сипатын білу, тану, рухани азық ету әлі талай жылдар мен ғасырларға созылады. Әр ұрпақ сол мұраны көздің қарашығындай сақтай отырып жан-жақты зерттелуіне, әр алуан қырларын аша түсуге ат салысады.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы