«Негізі, бұл мұражай ғимараты 1927 жылы салынған. Сол кездері ғимарат интернат ретінде бой түзеп, балалар білім алған екен. Кейіннен мәдениет үйі негізінде жұмыс та жасаған. Бүгінде мұражай ретінде ауданның кешегі мен бүгінгі тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерін сақтап келеміз. Ғимараттың өте ертеде салынғанын ескере келе, осыдан біраз жыл бұрын апатты деп танылған. Алайда әлі күнге бұл мәселе шешімін таппай келеді. Қазір жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджет есебінен 600 млн теңгенің үстінде қаржыға жаңа ғимарат салу көзделген. Ғимарат салуға арнайы жер телімі де берілді. Алайда облыс әкімі тарапынан қаржы мәселесі шешімін таппай тұрғаны айтылып отыр. Соның салдарынан апатты ғимаратта жыртығын жамап, күн көріп келеміз», – дейді бұл жайында музей директоры Мәди Жасекенов.Осынау тарихи құндылықтарға толы мұражай ғимаратының бүгінде апатты деп танылып, жарамсыз күйде тұрғаны жұртшылықты да толғандырып жүр. Көптің көкейінде апатты деп танылғанына біраз жыл өтсе де, әлі күнге мұражай ретінде жұмыс істеп тұрған ғимарат бір-ақ сәтте опырылып құлап, құнды жәдігерлер күл-қоқыстың астында қала ма деген қорқыныш басым. Заманауи үлгідегі кітапхана қашан салынады? Сонымен қатар аудан орталығындағы №1 қалалық кітапхананың күйі де мәз емес. Көптеген кітап қоры салынған ғимараттың да апатты жағдайда тұрғанына көп уақыт болыпты. Өткен ғасырдың 1937 жылы іргесі қаланған бұл ғимарат көп жылдан бері қала тұрғындарына кітапхана ретінде қызмет жасап келеді. Жалпы ауданда орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 39 кітапхана бар. Бүгінде бұл кітапханалардың барлығы заман талабы негізінде жұмыс істеуде. Соның ішінде аудандық орталық кітапхана, №1 кітапхана, орталық балалар кітапханасы мен қалалық №3 кітапханалар 2014 жылы апатты деп танылған. Сараптама қорытындысы нәтижесімен қайта салу қажеттілігі көрсетілген. Соған орай 200 мың кітап қорына арналған жаңа кітапхана ғимаратын салуға 1 гектар жер телімі де беріліпті. Алайда жұмыстар тек жоба-смета құжаттарын әзірлеумен ғана шектеліп тұр. Бұл жолы да қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.
«№1 кітапхана ғимаратын салу үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл құжаттар тиісті басқармаларға тапсырылды. Алдағы уақытта қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде. Жаңа ғимаратқа екі кітапхана ғимараты біріктіріледі деп жоспарланып отыр», – деп түсіндірді бұл жайында Арал аудандық әкімдігінен.Қазір кітапхана қызметкерлері апатты ғимаратта әрбір күнін қорқынышпен өткізіп, жұмыс істеуге мәжбүр екен. Жағдай бұлай жалғаса кітапхана қоры құрдымға кетіп, оқырмандардың рухани жүдеуіне соқтыруы мүмкін. Осылайша, әзірге аудан көлеміндегі апатты ғимараттарды жою бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі жоба-смета құжатын дайындаудан әріге аспай тұрған сияқты. Бюджеттің мүмкіндігін күтіп жүргенімізде рухани жұтаңдыққа бой алдырып, ұлттың келешегіне кедергі келтірмесек болғаны. Құзырлы орындар қол қусырып отыра бермей, бір нәтиже шығаратын кез келді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы