Иран қазағының бір күні
Иран қазағының бір күні
301
оқылды
Қарыштап дамып, қана­тын кеңге жайып келе жат­қан Қазақстан халқы үшін қасиетті де қастерлі мере­ке Тәуелсіздік күнін был­тыр әуе кеңістігінде қарсы алдық. 2019 жылғы 16 жел­­тоқсанда Ақпарат және қо­ғамдық даму министр­лігі, «Отандастар» қоры КЕАҚ-ның қолдауы­мен Дүние­жүзі қазақтары қа­уым­дастығының өкілі Қар­лы­ғаш Бекпатшақызы екеу­міз Иран Ислам Рес­пуб­­­ликасына іссапарға ат­тан­дық. Мақсатымыз – Иран­дағы қандастары­мыз­­дың тұрмыс-тіршілігі­мен танысу, шетелдегі қан­­­дастармен қоғамдық, әде­би-мәдени байланыс ор­нату. Бізді Иранда тұратын қанда­сы­мыз, кәсіпкер Жапарбай Шат­­­қам деген азамат құшақ жая қар­сы алды. Жапарбай – Қа­зақ­­станда өткен іс-шараларға бір­­неше мәрте қатысып, екі ел ара­­сындағы қандастарымыздың руха­ни сабақтастығына дәнекер бо­лып жүрген іскер қазақтың бірі. Кеңес үкіметі кезінде күштеп жүргізілген отырықшыландыру мен ауыр алым-салық, байларды жап­пай тәркілеу сынды саяси қысымға шыдамаған Маңғыстау жұрты 1925 жылдан бастап амал­сыз атамекенін тастап, Ауған­стан, Түркіменстан, Иранға үдере көшуге мәжбүр болады. Кейбір деректерде сол аласапыранда ауған елдің саны 10-15 мың адам болған дейді. Жан төзгісіз аш­тық, ауыр еңбек пен дауасыз дерт дендеген халық жаппай қыр­­ғынға ұшырайды. Тұқымы тұз­дай құруға шақ қалып, жұ­та­ған жұрттың аман қалған ұр­пақ­тары бүгінде 5-6 мыңның ай­на­­ласында. Парсылармен дәм-тұзы жарасып, өмір сүріп келе­ді. Көнекөз қариялардың ай­туын­ша, Иранға ауып барған ал­ғашқы жылдар адамдар ауа ра­йына үйренбеу, жерсінбеу сал­дарынан кәрі-жас демей, алды­мен қызуы көтеріліп, іштері кеуіп, бірнеше күннен кейін қы­на­дай қырылып, шетінен өле бас­таған. Ұрпағымен құрып бара жат­қанын сезген олар Горганнан Бен­дер-Түркімен, Гонбед Кавус сынды өзге аймақтарға көше бас­тайды. Өмір мен өлім ара­сын­да арпалысты тірлік өткізіп, жергілікті тұрғындар өміріне бір­­­тіндеп бейімделе бастаған бос­қын қазақтың тағы бір қасіреті – ұрпақсыз жылдардың өтуі еді. Ара­да он жылдай уақыт өт­кен­де барып, шыр еткен шикі өк­пе­ге зарыққан ел шақалақтың дауы­сын ести бастайды. Келмеске кет­­кір күйзелісті ауыр жылдарды қа­риялар: «Қасіреттің үлкені осы бол­ды. Өміріміз тоқтап қал­ған­дай сезіндік. Дүниеге келген нәрестенің дауысы тірі екеніңді, ертеңге деген үмітіңді оятады екен» деп егіле еске алады. Осы­лай­­ша, тағдыр тәлкегіне түсіп, туған жерінен босып, үдере көш­кен елдің көз жасын Тәңір кө­ріп, кем-кетігі толып, өшкені жа­н­ған­дай күй кешеді. Бірте-бірте Иран қазақтары деген тағ­дырлы қауым осылайша қа­лып­тасады. Горганда бізді көнекөз таны­сы­мыз, сол елдегі Қазақстанның Бас консулы Айтжан Айдашов мыр­за арнайы күтіп алып, ақ дас­тар­қан жайып, қонақжайлылық көр­сетті. Қазақ елінің тыныс-тір­ші­лігін сұрастырып, арқа- жарқа болып қалдық. Иран мемлекетінің діні – ис­лам­ның шииттік тармағы болға­ны­мен, аздаған түркімендер мен қазақтар сунниттік бағы­тын ұс­­та­нады. Сондықтан олар қо­­­ныс­­танған аудандарда өзде­рі­не ар­­налған мешіттер бар. Қа­зақ ау­даны деп аталатын бір ау­­­мақ­та да қазақ мешіті бар екен. Жи­налыс, басқосу сол жерде өте­ді. Біз де жоспарлы іс-ша­­ра­мызды аталған мешітте өткі­зе­тін болып келістік. Бұл күні кешкісін Юсуп Жеменей деген азамат шаңырағына шақырып, дәм татырды. Иран қазақтары да қонақжай екен, негізінен бір-бірімен етене таныс. Көрші-қо­лаңы үйіне сұраусыз кіріп-шығып, емін-еркін араласып тұ­ра­ды. Қонақ күту дағдысы ұқ­са­­мағанымен көңілі дарқан, пейі­лі кең, бауырмал, туысшыл еке­нін айқын аңғардық. Олар – Маңғыс­тау­дан ауа көшкен он бес мыңдай қазақтың Түркіменстан арқылы Иранның Гүлістан аймағына аман жеткен бір бөлігінің ұрпақ­тары. Осында орын тепкен 90 жыл­ға жуық уақыт ішінде ілуде бірі болмаса, өзге ұлттармен құ­да-құдандалы болмаған текті ұр­­­пақ­тар. Ол жерде де елді, жер­­­ді сағынып қаумалаған қан­дас­­тарымызбен емен-жарқын әң­­гіме-дүкен құрып, түн жары­мы­­­на дейін шүйіркелестік. Гор­ган­дағы алғашқы таңымызды Жапарбайдың шаңырағында қар­сы алдық. Үш қабатты тұрғын үй­дің үшінші қабатында тұратын Мұ­рат деген азамат таңғы асқа үйі­не шақырды. Мұрат (Шам­ұрат) ағамыз осы өңірге белгілі хи­­рург, білікті дәрігер екен. 52 жа­сында зейнетке шығыпты, қа­зір жеке кәсіппен айналысады. Екі ұлының үлкені Испанияда оқи­ды, кішісі университет бітіріп, әскери борышын өтеуде. 18 желтоқсанда түс ауа қазақ мешітінде қандастарымызбен кездесу жиынын өткіздік. Негізі осында қазақ мәдени орталығын ашуды жоспарлағанбыз, оның орайы келмеді. Себебі Иран елі­нің 1981 жылғы Консти­ту­циясы бойынша елде саяси және діни емес ұйымдар ашу­ға ты­йым салынған екен. Атал­ған жи­налыста қазақ тілін қа­шық­тық­тан оқыту жобасы аясын­да Online режимдегі QAZAQ KLASY сыныбын ашып, аға­йы­н­­ның ұсынысын, талап-ті­ле­гін тыңдадық. Қарлығаш Бек­­­пат­шақызы жиналған қан­да­с­­­тарымызға Қазақстанның Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев төрағалық ете­тін Дү­ниежүзі қазақтарының қа­уым­­дастығы атқарып жатқан жұ­мыстар туралы кеңінен баян­­­­дап берді. «Отандастар» қо­ры қолға алған ілкімді іс­тер­­ді тәп­тіштеп түсіндірдік. Бас­­қо­суға Бас консул Айтжан Ай­да­­шов та қатысып, Горган қа­ласындағы қандастардың та­лап-тілегін тыңдады. Осы бас­қосуда іш тартып, жақын та­ныс­қан жанның бірі – Ирандағы зиялы қазақтардың бірі, аудар­ма­шы Қажы Мұхамед Шатқам (Қара кедей) деген ақсақал. Ол кісі ұзақ жылдар Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін, Абай Құнан­бай­ұлының шығарма­лары­ның толық нұсқасын және қазақтың түсіндірме сөздігін парсы тіліне аударып, қолжазба күйінде да­йын­даған білікті маман. Енді осы еңбектері ескерусіз қалмай, мем­лекет қолдауымен басылып, жа­рыққа шықса деп үміттенеді. Осы күні кешке қандастары­мыз қоныстанған аймақтың бірі – Бендер -Түркімен қаласына бар­дық. Оған бізді Maзандаранда отба­сымен алдымыздан шығып, ар­найы күтіп алған Мұса Уәли бас­тап барды. Мұса желтоқсан айының басында «Отандастар» қо­рының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Отан­дастар. Болашаққа бағдар» ха­лықаралық форумында қонақ бо­лып арнайы шақырылған, Иран қазақтарының рухты, ұлт­шыл, белсенді азаматтарының бірі. Өзі Иран – Ирак соғысында қан майданға қатысқан жауынгер екен. Мұсаның тағы бір жетістігі – Иранның ең биік Дамаванд шы­­ңы­на шыққан тұңғыш қа­зақ. Қазір зейнеткер. Бұл елде біз­дегідей бейне­ті­нің зей­не­тін қау­сап қал­ған қарт­тық шақта көр­мейді. Жұ­мыс істе­ген еңбек өті­ліне қа­рай 25-30 жылда зей­нет­­керлік де­ма­лысқа шы­ға­ды. Бен­дер-Түр­кі­­мен де қан­дас­тары­мыз қалың шо­ғыр­лан­ған жайлы қо­ныстың бірі. Бұл күні сол өңірде шағын шаш­тараз ашып, жеке кәсіппен айна­лысатын Нұрпейіс деген аза­­матпен таныстық. Жеке сән са­лоны да бар екен. Өзінің ай­туын­ша, осы қаладағы шаш­та­раз атаулының барлығын ретке кел­тіріп, жеке салон ашуға рұқ­сат беретін де өзі. Осы кәсібін қа­зақ елінде де ашып, аясын кеңейт­кісі келеді. Үш баласымен бір­жо­ла қоныс аударуға бел буып отыр екен, тек кәсіптен нә­сіп та­уып, күн­көріс көзін ата­жұртта жал­ғас­тырсам дейді. Өзіне қыр-сыры мә­лім осы сала бойын­ша кез кел­­ген тірлікті істей алаты­нын, қо­лынан бәрі келе­ті­нін, тарихи Отан­ға оралып, осы кәсіп­ті өріс­тет­­кісі келетінін айта­ды қан­да­сы­мыз. Қысқасы, Иранға жасаған бір­­­неше күндік сапарымыз бары­сын­да ондағы қандас­тары­мыздың тұрмыс-тіршілігімен біршама жақыннан танысудың мүмкіндігі туды. Әрі еліміздің шетелдегі қан­дастарды қолдау бағытында жасап жатқан істерінің маңызына тағы да көз жеткіздік. Бұл да тә­уел­­сіздіктің жемісі болса керек.   Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ, «Отандастар» қорының менеджері