Қарыштап дамып, қанатын кеңге жайып келе жатқан Қазақстан халқы үшін қасиетті де қастерлі мереке Тәуелсіздік күнін былтыр әуе кеңістігінде қарсы алдық. 2019 жылғы 16 желтоқсанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар» қоры КЕАҚ-ның қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Қарлығаш Бекпатшақызы екеуміз Иран Ислам Республикасына іссапарға аттандық. Мақсатымыз – Ирандағы қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен танысу, шетелдегі қандастармен қоғамдық, әдеби-мәдени байланыс орнату. Бізді Иранда тұратын қандасымыз, кәсіпкер Жапарбай Шатқам деген азамат құшақ жая қарсы алды. Жапарбай – Қазақстанда өткен іс-шараларға бірнеше мәрте қатысып, екі ел арасындағы қандастарымыздың рухани сабақтастығына дәнекер болып жүрген іскер қазақтың бірі. Кеңес үкіметі кезінде күштеп жүргізілген отырықшыландыру мен ауыр алым-салық, байларды жаппай тәркілеу сынды саяси қысымға шыдамаған Маңғыстау жұрты 1925 жылдан бастап амалсыз атамекенін тастап, Ауғанстан, Түркіменстан, Иранға үдере көшуге мәжбүр болады. Кейбір деректерде сол аласапыранда ауған елдің саны 10-15 мың адам болған дейді. Жан төзгісіз аштық, ауыр еңбек пен дауасыз дерт дендеген халық жаппай қырғынға ұшырайды. Тұқымы тұздай құруға шақ қалып, жұтаған жұрттың аман қалған ұрпақтары бүгінде 5-6 мыңның айналасында. Парсылармен дәм-тұзы жарасып, өмір сүріп келеді. Көнекөз қариялардың айтуынша, Иранға ауып барған алғашқы жылдар адамдар ауа райына үйренбеу, жерсінбеу салдарынан кәрі-жас демей, алдымен қызуы көтеріліп, іштері кеуіп, бірнеше күннен кейін қынадай қырылып, шетінен өле бастаған. Ұрпағымен құрып бара жатқанын сезген олар Горганнан Бендер-Түркімен, Гонбед Кавус сынды өзге аймақтарға көше бастайды. Өмір мен өлім арасында арпалысты тірлік өткізіп, жергілікті тұрғындар өміріне біртіндеп бейімделе бастаған босқын қазақтың тағы бір қасіреті – ұрпақсыз жылдардың өтуі еді. Арада он жылдай уақыт өткенде барып, шыр еткен шикі өкпеге зарыққан ел шақалақтың дауысын ести бастайды. Келмеске кеткір күйзелісті ауыр жылдарды қариялар: «Қасіреттің үлкені осы болды. Өміріміз тоқтап қалғандай сезіндік. Дүниеге келген нәрестенің дауысы тірі екеніңді, ертеңге деген үмітіңді оятады екен» деп егіле еске алады. Осылайша, тағдыр тәлкегіне түсіп, туған жерінен босып, үдере көшкен елдің көз жасын Тәңір көріп, кем-кетігі толып, өшкені жанғандай күй кешеді. Бірте-бірте Иран қазақтары деген тағдырлы қауым осылайша қалыптасады. Горганда бізді көнекөз танысымыз, сол елдегі Қазақстанның Бас консулы Айтжан Айдашов мырза арнайы күтіп алып, ақ дастарқан жайып, қонақжайлылық көрсетті. Қазақ елінің тыныс-тіршілігін сұрастырып, арқа- жарқа болып қалдық. Иран мемлекетінің діні – исламның шииттік тармағы болғанымен, аздаған түркімендер мен қазақтар сунниттік бағытын ұстанады. Сондықтан олар қоныстанған аудандарда өздеріне арналған мешіттер бар. Қазақ ауданы деп аталатын бір аумақта да қазақ мешіті бар екен. Жиналыс, басқосу сол жерде өтеді. Біз де жоспарлы іс-шарамызды аталған мешітте өткізетін болып келістік. Бұл күні кешкісін Юсуп Жеменей деген азамат шаңырағына шақырып, дәм татырды. Иран қазақтары да қонақжай екен, негізінен бір-бірімен етене таныс. Көрші-қолаңы үйіне сұраусыз кіріп-шығып, емін-еркін араласып тұрады. Қонақ күту дағдысы ұқсамағанымен көңілі дарқан, пейілі кең, бауырмал, туысшыл екенін айқын аңғардық. Олар – Маңғыстаудан ауа көшкен он бес мыңдай қазақтың Түркіменстан арқылы Иранның Гүлістан аймағына аман жеткен бір бөлігінің ұрпақтары. Осында орын тепкен 90 жылға жуық уақыт ішінде ілуде бірі болмаса, өзге ұлттармен құда-құдандалы болмаған текті ұрпақтар. Ол жерде де елді, жерді сағынып қаумалаған қандастарымызбен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, түн жарымына дейін шүйіркелестік. Горгандағы алғашқы таңымызды Жапарбайдың шаңырағында қарсы алдық. Үш қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында тұратын Мұрат деген азамат таңғы асқа үйіне шақырды. Мұрат (Шамұрат) ағамыз осы өңірге белгілі хирург, білікті дәрігер екен. 52 жасында зейнетке шығыпты, қазір жеке кәсіппен айналысады. Екі ұлының үлкені Испанияда оқиды, кішісі университет бітіріп, әскери борышын өтеуде. 18 желтоқсанда түс ауа қазақ мешітінде қандастарымызбен кездесу жиынын өткіздік. Негізі осында қазақ мәдени орталығын ашуды жоспарлағанбыз, оның орайы келмеді. Себебі Иран елінің 1981 жылғы Конституциясы бойынша елде саяси және діни емес ұйымдар ашуға тыйым салынған екен. Аталған жиналыста қазақ тілін қашықтықтан оқыту жобасы аясында Online режимдегі QAZAQ KLASY сыныбын ашып, ағайынның ұсынысын, талап-тілегін тыңдадық. Қарлығаш Бекпатшақызы жиналған қандастарымызға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы атқарып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндап берді. «Отандастар» қоры қолға алған ілкімді істерді тәптіштеп түсіндірдік. Басқосуға Бас консул Айтжан Айдашов та қатысып, Горган қаласындағы қандастардың талап-тілегін тыңдады. Осы басқосуда іш тартып, жақын танысқан жанның бірі – Ирандағы зиялы қазақтардың бірі, аудармашы Қажы Мұхамед Шатқам (Қара кедей) деген ақсақал. Ол кісі ұзақ жылдар Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін, Абай Құнанбайұлының шығармаларының толық нұсқасын және қазақтың түсіндірме сөздігін парсы тіліне аударып, қолжазба күйінде дайындаған білікті маман. Енді осы еңбектері ескерусіз қалмай, мемлекет қолдауымен басылып, жарыққа шықса деп үміттенеді. Осы күні кешке қандастарымыз қоныстанған аймақтың бірі – Бендер -Түркімен қаласына бардық. Оған бізді Maзандаранда отбасымен алдымыздан шығып, арнайы күтіп алған Мұса Уәли бастап барды. Мұса желтоқсан айының басында «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Отандастар. Болашаққа бағдар» халықаралық форумында қонақ болып арнайы шақырылған, Иран қазақтарының рухты, ұлтшыл, белсенді азаматтарының бірі. Өзі Иран – Ирак соғысында қан майданға қатысқан жауынгер екен. Мұсаның тағы бір жетістігі – Иранның ең биік Дамаванд шыңына шыққан тұңғыш қазақ. Қазір зейнеткер. Бұл елде біздегідей бейнетінің зейнетін қаусап қалған қарттық шақта көрмейді. Жұмыс істеген еңбек өтіліне қарай 25-30 жылда зейнеткерлік демалысқа шығады. Бендер-Түркімен де қандастарымыз қалың шоғырланған жайлы қоныстың бірі. Бұл күні сол өңірде шағын шаштараз ашып, жеке кәсіппен айналысатын Нұрпейіс деген азаматпен таныстық. Жеке сән салоны да бар екен. Өзінің айтуынша, осы қаладағы шаштараз атаулының барлығын ретке келтіріп, жеке салон ашуға рұқсат беретін де өзі. Осы кәсібін қазақ елінде де ашып, аясын кеңейткісі келеді. Үш баласымен біржола қоныс аударуға бел буып отыр екен, тек кәсіптен нәсіп тауып, күнкөріс көзін атажұртта жалғастырсам дейді. Өзіне қыр-сыры мәлім осы сала бойынша кез келген тірлікті істей алатынын, қолынан бәрі келетінін, тарихи Отанға оралып, осы кәсіпті өрістеткісі келетінін айтады қандасымыз. Қысқасы, Иранға жасаған бірнеше күндік сапарымыз барысында ондағы қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен біршама жақыннан танысудың мүмкіндігі туды. Әрі еліміздің шетелдегі қандастарды қолдау бағытында жасап жатқан істерінің маңызына тағы да көз жеткіздік. Бұл да тәуелсіздіктің жемісі болса керек. Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ, «Отандастар» қорының менеджері