Мұхтар айтқан асыл сөз
Мұхтар айтқан асыл сөз
434
оқылды
Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!» – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін – сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық дер едім.

***

Ал, қазақ, мешел болып қаламын демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе.

***

Қазақтың ендігі басшысына бірбеткейлік жарамайды, талай бетті қызмет, айла, тәсіл керек.

***

Жұртшылыққа рух ұялайды деген тарих жолы – мысқылдап бойға сіңген ғылым дейміз, сол тарихтың жолы осындай өзгерістерді керек қылып отыр. Біз әлі шикі жұртпыз, талай өзгеріске мойын ұсынамыз, заман еріксіз мойын ұсындырады.

***

Бұдан былай: қазақ жарға жығылса – обалы, жақсылыққа жетсе – мақтаны – оқыған азаматта. Қазақтың жұрттық қалпын тезге салып, астын-үстіне шығару – шексіз оқығанның билігінде.

***

Әрбір мектеп нағыз ұлт мектебі болуы үшін екі діңгекке тіреледі. Біреуі – сол елдің тілі, екіншісі – тарихы.

***

Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.

***

Сымбатты өнер болмаған елде – мағыналы тіршілік жоқ, қандай қауым, қандай тапты алсақ та, қаны мен жанының суретін өнер айнасына түсірмей отыра алмайды. Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді.

***

Әмре мен Исаны күнде тыңдап, күнде көріп, бірде сөгіп, мінеп, бірде болымсыз сөзбен жұбатқан болып, әрлі-берлі қақпайлап жүрген біз сияқты қала адамы, оқыған қазақ – олар туралы соңғы сөз айтудан бұрын қалың қазақ тыңдаушысына не айтатынын еске алуымыз керек.