Жастардың жайы қашан жақсарады?
Жастардың жайы қашан жақсарады?
288
оқылды
Жастарды жұмыспен қамту кезек күттірмейтін аса өзекті мәселе болғанымен, елдің әр аймағында ірі түйткілдің түйіні тарқатылмай тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында келер жылы 100 мыңға дейін жасты жұмыспен қамту, оларға арнайы грант беру және жеңілдетілген несие беру бағдарламасын жүзеге асыруды қадап тапсырған. Алайда жергілікті жерлерде жұмыссыз жастардың қатары азаяр емес. Мұнымен қоса, жастарға қатысты мәліметтер базасы мен грант беруде де шикіліктер мен олқылықтар жиілеген. Кәсіп ашып нәсіп табамын деген жастардың да адымы ашылар емес. Осы мәселе Ақмола облысындағы «AMANAT» партиясы филиалы жастарды қолдау бойынша қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында тағы бір мәрте талқыға түсті. Тиісті ведомстволардың деректеріне сенсек, бүгінде облыста 153 мыңнан астам жас бар. Алайда соның тек 5 мыңнан астамы ғана жеке кәсібін ашқан. Негізінен, Кәсіпкер жастардың басым бөлігі сауда-саттық саласын жағалапты. Облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәлі­метін­ше, биыл Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 5 мыңнан астам жасты белсенді шараларға тартуды жоспарлаған. Сондай-ақ жастарды «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы», «Серпін – 2050», «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламаларына қатысуға ақпараттандыру жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Дегенмен аталған бағдарламалар бойынша екі қолға бір күрек тауып, нәпақасын көбейткен жастардың қатары аз.
«Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 4 451 адам жүгінген. Әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және басқа да қоғамдық жұмыстарға тарту қысқамерзімді оқыту арқылы 2 210 адам жұмысқа орналасты. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл сайын республикалық бюджеттен мемлекеттік гранттар бөлінеді. Биыл 39 миллион теңге грант аясында жастарға 9 грант бөлінді. Ал мемлекеттік «Дипломмен ауылға» жобасымен осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 418 жас маманға 128 миллион теңге сомасында алғашқы көтерме жәрдемақы мен 923,4 миллион теңгеге 204 бюджеттік несиелер берілді», – дейді Ақмола облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахманов.
Бес өңірде бірде-бір грант алмаған Басқарма деректері бойынша, жас­тар ресурстық орталықтарында мұнымен қоса 4356 жас азамат жұмысқа орналасу жөнінде кеңес алып, 694 адам жұмысқа орналасқан. Ал облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жастарға мемлекеттік грант беруде бірқатар ауданның жұмысты сылбыр жүргізіп жатқанын сын садағына алды.
«Жастардың өз дербес істерін ашу және дамытуына жағдай туғызу үшін облыста 260 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Алайда бүгінде соның тек 91 гранты ғана беріліп, жылдық жоспардың 35 пайызы ғана орындалып отыр. Облыстың бес аймағында, атап айтқанда, Ақкөл, Аршалы Бұланды, Егіндікөл аудандары мен Қосшы қаласында жастарға бірде-бір грант берілмеген болып шықты. Жалпы, облыс аумағында жаңа бизнестерін жүзеге асыру үшін 162 адам 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант алған. Ал жылдық жоспар бойынша 487 адамға грант берілуі тиіс», – Ақмола облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.
Мәліметтер базасында түйткіл көп Жиынға қатысқан жастар мәліметтер базасына қатысты түйткілді мәселелерді де көтерді. Олардың айтуынша, мәліметтер базасының республика көлемінде ашық болуы оның тиісті деңгейде жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Соның салдарынан, ұтымды жобаларды бір ай бойы еңбектеніп дайындаған үміткерлер өз мәліметтерін енгізе алмай, байқаудан құр қалып жататын көрінеді.
«Бұл, әрине, өте өкінішті жағдай. Мемлекет басшысының өзі ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез келген қарапайым азаматқа түсінікті және қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан бұл жүйені де оңтайландыру керек. Бұл ретте мемлекеттік орган өкілдеріне «әр өңірге жеке күн белгіленсе» деген жастар ұсынысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткізген жөн», – деді «АMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова.
NEET жастарының нақты саны белгісіз Жиында әсіресе жастарға мемлекеттік гранттың аз бөлінгені сынға ұшырады. Өйткені жыл басынан бері республикалық бюджеттен 39 миллион теңге, сондай-ақ облыстық бюджеттен тағы 100 миллион теңге бөлін­гені­мен оның тек 9-ын ғана жастар ие­­ленген.
«Бұл жастар арасындағы ақпараттық-насихат жұмыстарының төмендігін көрсетеді. Жұмыссыз жастар түгілі кейбір мемлекеттік орган өкіл­дері жастарды жұмыспен қамту бағытындағы бағдарламалар туралы біле бермейді. Сондықтан жастар арасында ақпараттық насихат жұмыстарын күшейту қажет. Мұнымен тек жұмыс­пен қамту орталықтарының мамандары ғана емес, жастарды да тарта түсу керек. Қандай да бір мемлекеттік бағдарламамен жұмысқа орналасқан жас өзі әлеуметтік желіде парақшасын­да сол туралы ақпарат беріп жас­тарды қызықтыруы тиіс», – деп то­лық­тырды Айна Мысырәлімова.
Кеңес отырысында күні бүгінге дейін NEET санатындағы жастарды анық­тау мәселесін нақты ешкімнің қолға алмағаны анықталды. Тіпті, бұл ба­ғыттағы жұмыс алгоритмі де жоқ бо­лып шықты.
«Аудан-ауылдарда бұл іспен жұмыспен қамту орталықтарының мамандары айналысса, ірі қалаларда үй-үйді аралап, жұмыссыз жастарды анықтау қолға алынбаған. Сол себепті, әсіресе Көкшетау мен Щучинск сияқты ірі қалаларда NEET санатында­ғы жастардың нақты саны әлі де нақ­тыланбай отыр», – деді облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік орган өкілдеріне NEET санатындағы жастармен жұмысты кү­шейту, талдау және мониторинг жүр­гізу бойынша бірқатар кеңес бе­рілді. Сондай-ақ кәсіпкерлікке тартылған жастармен де жұмысты күшейту қажеттігі айтылды. Тиісті органдардың деректерінше, бүгінде грантты игергендердің көбі жеке ісін әрі қарай жалғастырып, табыс табудың орнына кәсібін тоқтатып тастайтын көрінеді. Сондықтан бір жылдық жобаларды қаржыландырудан гөрі, жоспары айқын, жобасы өміршең жастарға қолдау көрсету қажет тоқ­тамға келді. Тиісті органдар аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі жал­ғастырмақ...

Ақмола облысы