Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ешқандай да инвестициялық стратегиясы жоқ. Олар бар болғаны бюджетке салмақ салып, масыл болып отыр. Бір топ депутат өткен аптада БЖЗҚ-ға осылай деп шүйлікті. Мәжілісмендердің келтіріп отырған уәжінің жаны бар. Өйткені, қоғамның 70%-ын құрайтын салымшыларының қорға деген «өкпесі қара қазандай» екені жасырын емес. Ендеше, зейнетінің ақысынан бейнеті жақын қорға реформа керек-ақ. Тең жартысы – мемлекеттік облигация Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасының атына жолдаған сауалында депутаттар әу баста Чилилік модель бойынша таңдалынған қордың құрылымының өзі дұрыс емес деп сынға алып отыр. Мәселен, зейнетақы активтері елімізде Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына берілген. Бірақ оның осы инвестициялық саясатын басқарумен қатар, өз қызметіне қадағалау жасау да өзіне жүктелген. Мұндай өз-өзіне есеп беріп, ішкі кемшілігін жылы жауып қоя салатын жүйеден қандай нәтиже күтуге болады? Тіпті Мемлекет басшысының өзі халыққа Жолдауында БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясын жасап шығаруды тапсырған болатын.
«Зейнетақы қорының активтері, бірінші кезекте, қазақстандықтардың өз кірістерінің 10%-ы мөлшеріндегі аударымдарынан тұрады. 2023 жылдан бастап оларға жұмыс берушілерден әрбір жұмыскері үшін 1,5% мөлшеріндегі қосымша жарналар қосылады деп отырмыз. Ендеше, зейнетақы – қайырымдылық емес, адамның лайықты қарттық шаққа деген еңбекпен тапқан құқығы. Бірақ бүгінгідей инвестициялық стратегиямен халқымыз зейнетақысына тиін-тебен алатыны ғажап емес. Мәселен, 2022 жылдың 7 айында БЖЗҚ активтерінің кірістілігі жылдық 9,6%-ды, ал жылдық инфляция 16,1%-ды құрады. Бұл зейнетақы жинақтарының таза кірістілігі теріс екендігінің белгісі. Осы ретте, БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясы жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. БЖЗҚ активтерінің 44%-ы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған және БЖЗҚ-ның негізгі кірістілігі қайтадан бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Шын мәнінде, олар «масыл болып, бюджетке салмақ салып отыр», себебі басқа құралдар бойынша да іс жүзінде кірістілік жоқ», – деді Аманжан Жамалов.Депутаттың айтуынша, бір өкініштісі, бұл қор мемлекеттік болғанымен, жабық құрылым боп қалып отыр. Өйткені, осынау халық ақшасын «қаржыгерлердің шағын тобы ғана» басқарады, әрі олардың оны өз қалтасымен шатастырып алатын кездері аз емес. Мәселен, бүгінгі таңда БЖЗҚ-ның әкімшілік шығындары 13 млрд теңгені құраған. Салыстырып айтар болсақ, еліміздің әлеуметтік саясатына жауап беретін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әкімшілік шығыны 10 млрд теңгеге де жетпейді екен. Қор басшылығы тек еңбекақы төлеу үшін 7,9 млрд жұмсаған. Ал шектен тыс ұлғайтылып жіберілген құрылымында 1 495 адам қызмет етеді. Мұның барлығы кімнің есебінен десек, халықтың ақшасының есебінен екені сөзсіз. Тіпті, тапқан табысының шетінен жалғыз акционері – Үкіметке де татырмаған. Ал оларға мұндай еркіндік беріліп отырғанының бір себебі: осынау қаржы ұйымының миллиардтаған кірістері мен шығыстары бюджеттік процедуралардын тыс қарастырылатынында және Есеп комитеті тарапынан қадағалауына жатпайды.
«Ендеше, осы мәселелерді тұжырымдай отырып, Есеп комитетіне БЖЗҚ-ның соңғы жылдардағы шығыстарының негізділігін тексеруді ұсынамын. Үкімет жалғыз акционер ретінде қордан 211 млрд теңге болатын бөлінбеген пайданы дивиденд ретінде бюджетке алып, оларды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауы керек. Сонымен қатар қор Үкіметтің тікелей қарамағына, мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқаруына берілуі тиіс», – деп ұсынады депутаттар.Естеріңізде болса, былтыр реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес жиынында Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы, қазіргі Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев активтерді басқару стратегиясын одан әрі жетілдіру туралы айтқан болатын. Сол кезде ол жаңа стратегиялық аллокацияға (бағалы қағаздарға сұранысты қанағаттандыру) көшуді аяқтап, инвестициялық процестерге ESG-факторларын (басқару сипаттарының экологиялық, әлеуметтік және әкімшілік жиынтығы) енгізуді қолға алатынын, акциялар портфелін хеджирлеп (тәуекелдерден сақтандыру), активтерді басқару процестерін тереңірек цифрландыратынын жеткізді. Мәселен, зейнетақы қорының валюталық бөлігін одан әрі әртараптандыру салымшыларға арналған ликвидтілік пен кірістіліктің талап етілген деңгейін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болмақ. Енді басшысы ауысқаннан кейін, оның орнына келген қазіргі басшылықтың бұл ұсыныстарды қаншалықты сабақтастыруға мүдделі екені белгісіз. Өйткені, депутаттар сауалына Үкімет те, Ұлттық банк те әлі жауап берген жоқ. [caption id="attachment_219800" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ұсыныс көп, ниет жоқ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын реформалау мәселесін Aiqyn газеті үнемі назарда ұстап, мезгіл-мезгіл көтеріп келеді. Сонда байқағанымыз, қор жұмысына қаржылық сарапшылардан бастап, қатардағы салымшыларға дейін наразы. Бірі Ұлттық банкті сынға алса, енді бірі жалпы жинақтау жүйесін мемлекеттің араласуынан оқшаулауды ұсынады.
«Қордағы ақшаның жартысы – мемлекеттің ішкі қарызы. Сондықтан да оны мемлекет алып кетеді. Ал бұған дейін үлкен көлемін банктер алды. Бұдан соңғы үлкен бөлігін квазимемлекеттік сектор, монополистер алды. Оған қоса, әкімдіктер де осы тенденцияға үйір бола бастады. Одан қалды БЖЗҚ менеджменті ондағы ақшаны әлемнің кез келген еліне, тіпті сонау Латын Америкасы, Африкаға дейін түсініксіз жобаларға инвестициялап жатыр. Олардың бұл әрекеттерінен елге де, салымшыларға да ешқандай пайда жоқ. Сондықтан Ұлттық банктен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқару функциясын алып алу керек», – дейді белгілі қоғам белсендісі Айдар Әлібаев.Ал белгілі экономист-қаржыгер Расул Рысмамбетов егер алар болса, онда Ұлттық қорды да қосып алу қажет деп санайды. Өйткені Ұлттық банктің өзінің тікелей атқаратын функциялары бар. Қос қордың жұмысы оған қосымша кедергі келтіріп отыр. Бір жағы Ұлттық банк те жеңілдеп, онсызда құлдырап бара жатқан экономикаға дұрыстап көңіл бөлуге әкімшілік-функционалдық ресурстары босар еді. Бұл – бас қаржы ұйымын реформалаудың да бір жолы. Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөлініп шыққан болатын. Ендігі кезек – қос қорды босату. Сосын бұл қаржы нысандарын өз алдына ұлттық инвестициялық компаниялар ретінде дербес ұйым етіп қайта құру қажет. Қызметтері нақты шеңберде реттелуі тиіс. Бұл – көптен айтылып жүрген мәселе.
«Зейнетақы қорларының ең басты функциясы, ол – өздеріне сеніп тапсырылған қаржыны сақтау және көбейту. Ал біздің жағдайда оның «мемлекеттік бюджетті қолдау» деп аталатын тағы бір функциясы пайда болған. Сондықтан да егер қазір бақылап қарар болсақ, зейнетақы қорының ақшасының жартысы тұрақты түрде мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алуға жұмсалып жатыр. Бұл біздегі салық саясатының соншалықты тиімді емес екенімен байланысты. Сол себептен де бюджетке жиі-жиі ақша жетпей жатады», – дейді ол.Расул Ибрагимұлы Ұлттық банктің ұсынып отырған кешенді шаралары жаман емес екенін айтады. Өйткені байырғы модель үшін жаңадан бірдеңе ойлап табу мүмкін емес. Шама келгенше пайызы аз болса да, сенімді жобаларға ақша салу керек. Есесіне, ақша ұзақ сақталатын болады. Көп ретте, зейнетақы қорлары тәуекелдерді әртараптандыру үшін ел аумағынан тыс инвестициялап жатады. Бірақ бізде ондай жағдай аз. Өйткені қаражаттың жартысы мемлекеттік бағалы қағаздарды (МБҚ) сатып алуға кетіп отыр. Кейбір зейнетақы қорларының тіпті криптовалютаға ақша салып отырғанын ескерсек, оның қасында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына ақша салуы – одан да тәуекелі жоғары инвестиция. Әйтсе де, қордың 5 пайызын тәуекелі жоғары, бірақ тез табыс әкелетін жобаларға да салып тұрған дұрыс.