Кеше, 27 қыркүйекте «Ұлы Дала жорығы» республикалық бәйге марафонының оныншы кезеңінде шабандоздар Түркістан облысындағы қарт Қаратаудың баурайына аялдады.
Марафон-бәйгенің тоғызыншы күнінің қорытындысы бойынша, алғашқы үздік үштіктің қатарында – Ақтөбе командасы 87 сағат 10 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Маңғыстау шабандоздары 87 сағат 22 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 89 сағат 50 минутта үшінші болып келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан жұртшылығымен кездесуі кезінде «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйге турасында арнайы тоқталды. Президент мәлімдемесі республика көлемінде өтіп жатқан дүбірлі доданың мән-маңызын айшықтай түсті.
«Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы Дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені», – деді Президент.
Қазір жарыс сапында 6 команда келе жатыр. Кешегі күн қортындысы бойынша, тағы екі команда – Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысы командалары жарыс жолынан шығып қалды.
Десе де аузымен құс тістеген кілең мықтылар арасындағы нағыз азаматтар мен қазанаттар шешуші сәтте көрінетіні анық. Марафон қатысушылары «Ұлы Дала жорығы» бәйге-марафоны дәстүрлі түрде өтуі үшін дайындық жұмыстарын бүгіннен бастауға әзір екендіктерін жеткізіп, үндеу тастады.
Жарыс жолында оза шауып келе жатқан Ақтөбе командасының жетекшісі Кәдірбек Ілиясов бүкіл қазақтың басын қосып, атқа қондырған осынау жорықтың ұлттық маңызы бар екендігін атады. Айтуынша, жылқы – ата кәсібі.
«Өзімнің әкем өмір бойы жылқышы болған адам. Жылқы бағу – ата кәсіп. Әкенің құрығын сүйретіп,ісін ары қарай жалғастыру отбасымызда маған бұйырған екен. «Ұлы Дала жорығы» деп аты айтып тұрғандай, ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғады. Осы бәйгеге таза қазақы жабыларды алып келдік. Өзіміздің малға мініп жүрген аттар. Жердің шалғайлығына да, қиындық-қызығына да дайын болып келдік. Жобаны ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз. Облыс қана емес, бүкіл қазақ елінің басын қосып, атқа қондырған бәйге сән-салтанаты асқан айтулы сапарға ұласты. Расын айту керек, осы жорықтан соң атқа мінгісі келген қазақ көбейді. «Қашан келесіз, бәйгеге қатысқым келеді» деп ауылдағы балалар хабарласып жатыр. Міне, нағыз қазақ рухы ояна бастады. Біз осынау айтулы жобаны бір ауыздан қолдап келеміз. Сондықтан тоқтап қалмай, бір жағынан демесіп, жарыстың әрмен қарай жалғасты болуына мұрындық болсақ деген тілегіміз бар», – деді К.Ілиясов.
Ал Жетісу командасының капитаны Айдархан Шәріпов те осыған орайлас пікірді алға тартты. Оның айтуынша, бәйге келер жылы да ұйымдастырылса деген тілегі бар.
«Көңіл күйіміз бір қалыпты емес. Өйткені мәреге жақындап қалдық. Уайым басым. Себебі 10 күнді артқа тастадық, 200 шақырым ғана қалды. Аттарымыздың жағдайы жақсы, десе де алаңдаймыз. Біз үшін Жетісудің абыройы маңызды. Келесі жылы бұдан да жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп жатыр. Міндетті түрде қатысамыз. Бұл жорықта ат күтіміне қатысты сабақ алдық. Алайда оны көпке жария ете алмаймыз. Әр атбегінің айла-тәсілі өз ішінде ғой. Жеңіске жеткіміз келеді. Бәрі бір Алланың қолында», – деді Айдархан Шәріпов.
Шабандоздар аялдаған Созақ ауданы Түркістан облысының солтүстік бөлігінде орналасқан және облыстағы ең үлкен аймақ болып саналады. Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстарымен шектеседі. Ал қарт Қаратаудың әсем табиғаты марафон қатысушыларын әсем табиғатымен таңғалдырды. Қаратау ауылының тұрғыны Сансызбай Тәжібеков қабырғалы Қаратаудың шежіреге бай тарихы туралы әңгімелеп берді.
«Осы ауылда 70 жылдан бері тұрамын. Мұғалім болдым, қазір зейнеткермін. Бұл қабырғалы Қаратау тарихқа да, шежіреге де бай. Қасиетті қоныста Қазақ хандығының алғашқы уығы қаланған. Әмір Темір мен кешегі Кенесары ханның ізі қалған аймақ. Осы жазиралы далада өстім. Орта Азияда діннің орнығуына елеулі ықпал еткен, түркі тектес халықтардың көрнекті тұлғасы, мемлекет қайраткері Қарабура әулиенің кесенесі осында орналасқан. Қожа Ахметтің жаназасын қара бурамен келген осы әулие шығарыпты дейді. Одан кейін өңіріміз кезінде малшылардың, көшпелілер мен қолөнершілердің, егіншілердің жолы тоғысқан жер болды. Қаратау шатқалдарының жартастарында қола дәуірі мен ерте темір дәуірінде қашалған бейнелер бар. Зерттеушілердің айтуынша, олар осы жерді мекендеген тайпалардың мекені. Бір қазақ жеріне ғана емес, бүкіл әлемге мәшһүр болған сол көненің көзі – өздеріңіз аялдаған Ақсүмбе ауылындағы Ақбикеш мұнарасы», – дейді жаңа бір әңгіме бастаған Сансызбай Тәжібеков.
Айтуынша, Ақсүмбе деген батыр қалмақтың Ақбикеш деген сұлуын шапқыншылық кезінде еліне олжалап алып келіп, өзіне еріксіз жар еткен екен. Қатты қапаланған қыз құсадан қайтыс болған. Ақбикеш арудың ақтық сөзі «елімді сағынып, құсадан қайғырдым. Сүйегімді сонау биіктегі мұнараға жерле. Рухым қарауылхананың тесігінен туған еліме қарап жатсын» болған екен-міс.
«Батыр жантәсілім еткен сұлуын сонда жерлеген екен дейді. Содан Ақбикеш атанып кетсе керек. Тағы бір аңызда ертеректе осы өңiрде Ақбикеш есiмдi ержүрек әрi көрiпкелдiк қасиетi бар бiр қыз өмiр сүрген делінеді. Ол қарауылханаға шығып, көз жетер жердің бәрін барлап, жаудың қай жақтан тап беретінін алдын ала бiлiп отырыпты. Осындай бір жаугершілік шақта ел шетiне жау тиiп, Ақбикеш дұшпанмен шайқасып, мерт болады. Батыр қызды елі ардақтап, мұнараға жерлеген. Бұл – аңыз. Бүгінде туристік нысан саналады» – деді С.Тәжібеков.
Айта кетелік, бүгін, 28 қыркүйекте Түркістан облысына қарасты Қаратау ауылы маңынан аттанған марафоншылар, он бірінші кезең айналымына жолға шықты. Кешке дейін Шолаққорған ауыл округі, Абай елді мекені маңайына ат шалдыртуы тиіс.
«Ұлы Дала жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда. Түркістан облыстары) басып өтетін тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны. Марафон-бәйгені ұйымдастырушылар – The Great Steppe Tour қоғамдық қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы. Бас серіктес – «Самұрық Қазына» АҚ. Серіктес – «Sportqory» спортты қолдау қоры.