Көктем келді дегенше, ағын су көпшіліктің бас ауруына айналатыны белгілі. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысында су басу қаупі бар бірнеше аймақ анықталған. Олардың дені – Шу, Талас және Аса өзенінің жағалауында орналасқан елді мекендер. – Облыстың елді мекендері мен шаруашылық объектілері үшін ықтимал қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар. Бұл су қоймалары бөгеттерінің бұзылуы болған жағдайда 234 мыңнан астам тұрғыны бар 72 елді мекенді су шаюы мүмкін. Сондай-ақ су тасқыны мен еріген мұз бен қардың салдарынан су басу ықтималы бар 38 елді мекен анықталып отыр. Жамбыл ауданында Жасөркен, Қызылқайнар және Аса ауылдары мен «Майское» саяжай алқабы тізімге енсе, Байзақта Қостөбе, Сарыкемер және «Здоровье» саяжайына қауіп төніп тұр. Жуалыда болса, Ақтөбе, Күркүреу – Су, Дарбаза, Қоңыртөбе, Таласта Ақкөл, Ойық, Көшек батыр, Үшарал, Сарысуда Жаңатас, Саудакент, Досбол, Т.Рысқұловта Қайыңды, Көкдөнен, Каменка, Тереңөзек, Мамай-Қайыңды, Әпжаппар, Меркіде Меркі, Кеңес, Ақермен, Ақжол, Қордайда Масаншы, Қалғутты, Қарасай батыр, Әлжан ана, Шуда Ақсу, Оразалы, Жаңажол, Белбасар және Мойынқұм ауданында Мойынқұм мен Жамбыл елді мекендерін су басу қаупі бар, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мақсат Әкімбаев. Жалпы, соңғы төрт жылдың бедерінде облыста су тасқыны мен жерасты суының көтерілуінен 6 оқиға орын алған. Оның салдарынан Қордай, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында 104 тұрғын үйдің ауласын су шайып, 25 үй су астында қалған болатын. Сондай-ақ Жамбыл ауданынан өтетін республикалық маңызы бар автокөлік жолының 515 шақырымында су жол жағасына шығып, Жуалы ауданындағы Қоңыртөбе көлі мен Талас ауданындағы Аккөл көлі бөгендерінің зақымдануына қауіп төнген. Бұдан бөлек, жергілікті мәні бар автокөлік жолының «Шөлдала – Дорожник» бағытындағы 20 метрін және «Ақкөл–Үшарал» бағытында 15 метрін су басқан. Су тасқынына қарсы іс-шара аясында қазір 142 шақырым дренаж және суару каналдары, 185 шақырым арық желісі, темір және автомобиль жолдарында 145 көпір және 789 су өткізу құрылғылары тазарып, 5 гидротехникалық құрылыстар мен 19 реттеуші құрылғыларға жөндеу жүргізілген. Өткен жылы облыста 380,1 миллион теңгеге 38 каналдың 380 шақырымы механикалық тазартудан өтсе, тау бөктеріндегі елді мекендердегі 32,7 шақырым қашықтықта дренаж арналары салынған. Бүгінде төтенше жағдайларға облыстық жергілікті атқарушы органдарының корынан 363,8 миллион теңге, шұғыл шығындарға 489,6 миллион теңге бөлініп отыр. Су тасқыны салдарын жоюға қажетті 143 тонна жанар-жағар май, 11 мың тонна инертті материалдар мен 40 мың қап дайындалған. Бұдан бөлек, 631 адам, 53 бірлік техника, 10 жүзу құралдары және 41 мотопомпа сақадай сай дайын тұр. Әрине, «сақтықта – қорлық жоқ». Десе де, Жамбыл облысында бұған дейін тіркелген апатты жағдайлар жауапты мамандарға сабақ болуы қажет. Айтпақшы, Асқар Мырзахметов облысты басқарып тұрған кезінде арнадан асқан су жол жиегіне жеткені болмаса, ауылдың ішіне кіре қоймаған еді. Яғни, ағын судың өзі әкімнің жұмысына қарайласып тұрғандай болатын. Енді Бердібек Сапарбаевтың биылғы басшылығы кезінде бұл мәселе қалай болары белгісіз. Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы