Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының ең басты бағыттарын айқындап берген болатын. Соның жетінші бағытында: жаңа экономикалық саясатты дамыту үшін Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің (МЖӘ) жаңа моделіне көшіп, осы тетіктің тиімділігін арттыру үшін тиісті заң қабылдау қажет делінген. Ендеше, белгіленген жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудағы айқындаушы фактор – бұл адами капитал, яки қарапайым адамдар мен олардың дағдылары, қабілет-құзыреттері. Инновациялық дамудағы бәсекелестікте даусыз басымдықтарды қазір адами капиталдың неғұрлым жоғары деңгейіне ие елдер алып отыр. Олар бизнес пен инвесторға кез келген біліктілік деңгейіндегі мамандарды ұсына алады. Демек, халқы салыстырмалы түрде жас, базалық білімі едәуір жақсы, тұрақтылығы мен болашаққа ұмтылысы мол Қазақстан үшін де адами капиталды дамытудың қуатты әлеуеті сайып келгенде, ел өмірінің тұрақты өркендеуіне кепіл бола алады. Осы ретте, Үкімет Қаулысымен 2008 жылы Концессия мәселелерін шешу бойынша құрылған «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» (МЖӘ орталығы) бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі жетекші талдамалық және сараптамалық ұйымға айналып отыр. МЖӘ орталығы инвестициялық жобалардың іске асырылуын сараптау және бағалау бойынша қызметтер көрсетеді. Сондай-ақ, «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң шеңберінде осы салада мамандарды оқытуды жүзеге асыруға да уәкілеттілік алған.
«Оқыту іс-шараларын өткізудің негізгі міндеті – іске асырылған МЖӘ жобаларының үздік тәжірибелерін тарату және семинарлар, дөңгелек үстелдер, форумдар, топтық кеңестер арқылы МЖӘ жобаларын іске асыру мәселелерінде мемлекеттік қызметшілер мен жеке сектор өкілдерінің құзыреттілік деңгейін арттыру. Семинарлар мемлекеттік қызметшілерге, жеке бизнес пен қаржы ұйымдарының өкілдеріне арналған. МЖӘ саласындағы құзыреттілікті арттырудың маңызды аспектілерінің бірі – тексеру стандарттарын айқындау және тексеруші органдармен өзара іс-қимылды жетілдіре түсу болса, біздің орталық бұл бастамаларға дайын. Бүгінгі таңда нарықтық орта МЖӘ жобаларына жеке қаражатты тарту мүдделілігін арттыруды қажет етіп отыр. Ал оған барлық мүдделі тараптармен белсенді ынтымақтастық ету және тәжірибе алмасу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Белгілі бір машықтық жаттығудан өткеннен кейін адами капитал оны қолданудың шексіз алуан түрін ойлап таба алады. Бұл әлеуметтік-экономикалық қатынастар жүйесін дамытуда жалпыға бірдей жаңару әлеуетін іске асырудың көптеген практикалық шығармашылық тәсілдерін анықтайды», – дейді МЖӘ академиясы Оқыту департаментінің директоры Диана Есембекова.