Тендерлерде жеңуден емес, тендер жеңімпазын жығып беруден күреп табыс табатындар бар. Оларды кәсіби шағымшы деп атайды. Енді Үкімет осы кесапаттармен күресті қайта өрістетпек. Себебі жалған шағым тасқыны алапат ауқымға жетті: 2022 жыл басталғалы 10,5 мың шағым түскен, оның бар-жоғы 2 мыңы шын болып шықты. Көп компания мен кәсіпкер тағдыр тәлкегіне ұшырады, адал емес жеткізуші танылып, банкрот болды. Содан қаншама жоба тоқырады, мысалы жаңадан іске қосылған мектептер саны азайды. Ал жаңа күрес шаралары нені көздейді? «Құлагерді» өлтіру – табыс көзі Бұл хикаяның басталғанына біраз болды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу веб-порталында «электрондық шағымдану» функционалы енгізілді: Үкімет тендер қорытындысына келіспеген қатысушыларға шағымын веб-портал арқылы электрондық түрде жолдауға мүмкіндік берді. Яғни, бұрынғыдай, құжат жинап, Астанаға бет қойған ұшаққа билет алып, елордада шабылып, еңсесі биік кеңселердің табалдырығын тоздыру қажет болмай қалды. Барлығы қашықтан жасалады: цифрландыруға жауапты тұлғалардың сүйікті сөзімен айтқанда, бәрін үйден шықпай тындыруға болады. Содан қу бастан қуырдақтық ет қырқатын пысықай жандар мұны заңсыз баю көзіне айналдырып алды. Схема қарапайым: мықты компания майшелпек тендерге қатысып, зор әлеуетімен де, қызықты ұсынысымен де қарсыластарын шаң қаптырып кетеді. Мемлекет оған халықаралық трасса төсеуді, мектеп, аурухана, спорт сарайы сияқты әлеуметтік нысанды салуды немесе басқа да миссияны сеніп тапсырады. Кенеттен сол мемлекеттік сатып алуда қатысушылардың ең соңында тезек теріп қалған әлдебір фирма алыппен жағаласа жөнеледі: портал арқылы шағым жолдайды. Масқарасы сол, бұл жерде шағымның мазмұны, наразылықтың дәйектілігі маңызды емес. Ең бастысы, шағымның жазылу фактісі. Шағым түскен екен, құзырлы орган оны белгіленген уақытта, әдетте бір ай ішінде қарап, зерделеуі тиіс. Осы кезеңде жобаны жүзеге асыру тоқтатылады. Мерзім аяқталар тұста тағы шағымдар жаууы мүмкін. Ақыр соңында көктемде басталуы тиіс құрылыс күз не қыста басталады, 31 желтоқсанда қаржылық жыл аяқталады, бірінші кезеңге бөлінген ірі сома игерілмей қалады. Үкімет басшысы сол үшін вице-министрге не әкім орынбасарына сөгіс жариялайды. Олар ызалы жүрек, долы қол жағдайда, әй-шәйға қаратпай, дәйектемелеріне құлақ аспай, мердігерді сотқа береді. Сот компанияны жосықсыз өнім беруші деп таниды. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңына сәйкес, «мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер 24 ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді». Арамза фирмалар бұдан қалай пайда табады? Біріншіден, әлдебір бақталастардың тапсырысын орындайды: одан мол пара алып, шағым борату арқылы оның бәсекелесін әлгі қара тізімге кіргізіп, жайратады, қуатты кәсіпорынды барлық тапсырысынан айырады, дәрменсіз жағдайға жеткізеді. Рейдерлік басқыншылықта да кейде осы тетік қолданылады. Екіншіден, шағым жазған соң ол жеңімпаз компаниядан ақша бопсалайды: сұрағанын берсе, шағымын кері қайтарып алады. Жалпы, қашықтан заңсыз, жөнсіз шағым беруді аламан бәйгеде қара үзіп, алға озған Құлагердің маңдайынан ұру сияқты қараулыққа теңеуге болады. Қыстырдым деп, қыстырмайды... Жамбылдық кәсіпкер Түймегүл Қалақбайқызы 2020 жылы аса қымбат тұратын жоғары технологиялы жабдықтар мен күрделі техника жеткізуді қарастыратын мемлекеттік сатып алу додасында бақ сынапты. Ілгері кеткен, бірақ қарсыласы әлгі тәсілмен ақыры мәре жолының жиегіне шығарып тастапты.
«Мемлекетіміз қаншама миллиард халық қаржысын жұмсап, мемлекеттік сатып алу жүйесін цифрландырды. Бірақ бұл кәсіпкерлерге құт емес, көбіне кесір әкелгендей. Мен мысалы, Жамбыл облысының Білім басқармасы ұйымдастырған ашық конкурстарына қатыстым. Бірнеше миллиард мемлекет қаражаты бөліске салынды. Сонда бұл саланы нағыз былық жайлағанына куә болдым. Бір жағынан жекелеген шенділер тендер талаптарын белгілі бір компанияларға ыңғайлы етіп жазып, соларды ілгерілетті. Мысалы, Жамбыл облысында белгілі бір жыл бойы істейтін сервис орталығы болсын деген талап енгізді. Осыдан-ақ біраз жеткізуші орта жолдан шығып қалды», – деді ол.Ал жеңімпаздарға қарсы қатысушылардың бірі шағым боратыпты.
«Сорақысы сол, конкурстардың нәтижелеріне шағым жазған «Олжас» ЖШС барлығында «Қоса беріліп отырған құжатқа сәйкес шағымды қарауларыңызды сұраймын» деп жазған, алайда ешқандай да құжатты қыстырмаған! Яғни, шағымның мәні де, мазмұны да белгісіз. Ең ғажабы сол, осы шағымсымаққа Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері «Өтініште келтірген дәйектемелеріңіз расталды» деп жауап берген! Дәл осындай «сайқымазақ» тірлік конкурстардың көбіне қатысты болды. Мен оның бәрін құзырлы органдарға хатымда нақты атап көрсеттім», – деді Түймегүл.Оның мәліметінше, аталған қатысушы барлық конкурстық өтінімдерінде ең жоғарғы бағаны көрсеткен және ақыр соңында жеңімпаз болған. Өзін аяқтан шалды деп есептегенімен кәсіпкер әйел алда жаңа конкурстарда бағын сынап көрмек. Басқа амалы жоқ. «Дағдарыс жағдайында халықтың төлем қабілеті төмендеді. Бизнес үшін мемлекеттік сатып алуға қатысу табыстың ең бір ірі көзі саналады. Өзіне сенімді компаниялар іріктеу айқын, әділ өтсе жеңемін деп ойлайды», – деді ол. Оның үстіне, Жамбыл облысында басшылық ауысты, жаңа команда келді. Мұндай былықтардың бәрін Үкіметтегі жауапты тұлғалар білмейді емес, біледі. Бірақ сонымен күрес алға баспай тұр. Қаржы министрлігі осы тарапта реформа жүргізуді үш жыл бұрын қолға алған. Соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Енді Әділетті Қазақстандағы жаңғыру аясында бұл салада да жаңарулар жүргізіледі деп күтіліп отыр. Қаржы министрлігі кәсіби шағымшылармен (профессиональные жалобщики) күрестің жаңа тетіктерін қалыптастыратын заң жобасын әзірлеуге кірісті. [caption id="attachment_220110" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Құжаттың бір жаңалығы – тендер қорытындысына шағым беру енді тегін болмайды: белгілі бір сомада кепіл қаржы енгізуі керек. Егер шағымы расталса, онысын қайтарып алады. Шағымы жалған деп танылса, қаражаты бюджетке аударылады.
«Жыл сайын мемлекеттік аудит органдарының атына әлеуетті өнім берушілерден негізсіз шағымдар өте көп түседі. Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағым беруді біразы шарт жасасуды тоқтата тұруға қол жеткізу үшін пайдаланады. Ал бұл мемлекеттік сатып алу процесін ұзаққа созады. Шағым берушілердің арасында «кәсіби шағымшылар» пайда болды, олар үшін шағым жасау мемлекеттік сатып алуды бұзудан заңсыз пайда табудың құралы саналады. Осыған байланысты негізсіз шағым беруді болдырмау үшін шағымды қамтамасыз ету тетігі ұсынылады», – деп түсіндірді министрлік мамандары. Бұл жаңалық 92 мыңнан астам әлеуетті өнім берушіге қатысты болатын көрінеді.Өтірік айтқандар алым төлейді Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің дерегінше, оның аумақтық департаменттері 2019-2022 жылдары камералдық бақылау аясында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылардың іс-әрекеттеріне не әрекетсіздігіне қатысты 82 074 шағымды қарапты. Шағымдар легі тау басынан құлаған жентек қардай ұлғайып барады: 2020 жылы – 15 920, 2021 жылы – 32 546, ал 2022 жылдың басынан 10 507 шағым қаралды. Сонымен бірге жалған шағымдар легі де арту үстінде: аумақтық департаменттер қарау нәтижесінде 2019 жылы 10 088 шағымды, 43,66 пайызын, 2020 жылы – 8 132 шағымды немесе 51,08 пайызын қанағаттандырудан бас тартты. 2021 жылы тендерлерге шағымдардың 31,14 пайызы немесе 10 135 шағым, 18,68 пайыз немесе 6 080 шағым ішінара қанағаттандырылды. 50,18 пайызы немесе 16 331 шағым расталмады. Жыл басынан бері түскен шағымдардың 19,38 пайызы немесе небары 2 037-сі толық расталған. Тағы 27,95 пайыз не 2 937 шағым ішінара қанағаттандырылды. Алайда 39,38 пайызы немесе 4 138 шағым фейк болып шығыпты. Ведомствоның байламынша, шағымданушылардың үлкен бөлігі әділдік іздемейді. Демек, олардан арылған жөн.
«Ұсынылып отырған тетікке сәйкес, әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға қатысты шағымын электрондық әмиян арқылы қамтамасыз етуі тиіс. Уәкілетті орган оның шағымын толық немесе ішінара қанағаттандырса, шағымды қамтамасыз етуі қайтарылады. Уәкілетті орган шағымын қанағаттандырудан бас тартса, қаражаты республикалық бюджет кірісіне есептеледі», – деп хабарлады Қаржы министрлігі.Шағымды қамтамасыз ету сомасы лоттың сомасына байланысты болады, сондай-ақ шекті сома белгіленеді. Министрлік кепіл қаржының көлемі тендер лотының жалпы сомасының 0,1 пайызына тең болсын деп ұсынып отыр. Бірақ ең жоғарғы межесі 100 АЕК-тен көп болмайды (1 АЕК – 3063 теңге). Мысалы, шағын лоттың сомасы – 1 300 000 теңге ғана болса, шағым беру құны – 1300 теңгеге теңеледі. Ал егер лоттың сомасы – 1,3 миллиард теңге тұрса, оған шағым беру 306 300 теңгеге түседі. Әйткенмен, сарапшылар бұл соманы 1 пайызға дейін өсіруді ұсынады. Мемлекеттік сатып алулар маманы Жасұлан Мусин кәсіби шағымшылар шағымын қайтарып алу үшін жеңімпаздан тендер сомасының шамамен 5 пайызын сұрайтынын айтады. Бұл бірнеше миллионға жетеді. Ендеше оларға 300 мың теңгені төлей салу қиынға түспесі даусыз. Бұл тетікке қатысты соңғы шешім мен сома Парламентте белгілі болады. Әрине, егер заң жобасы депутаттарға жетсе: құжатты министрліктердегі мүдделі шенділер бұғаттап тастауы да ғажап емес.