Тендер шайқасы
Тендер шайқасы
221
оқылды

Тендер шайқасы кәсіпкерді күйзелтіп бітті. 117 мыңдай бизнес ны­саны «жосықсыз қатысушылар» тізіміне енгізілген. Өйткені тендер жеңім­пазына жеңілгендер жабылады, үстінен арыз жазады. Әрбір ша­ғым қаралғанша шартқа қол қою доғарылады. Бұл жобаны іске асыру мерзімінің созылуына әкеліп соқтырады. Ал мерзім мен міндетін сақ­та­маған мердігер ақысын да ала алмайды әрі әлгі «қара тізімге» кіреді. Сөйтіп, 2 жыл бойы ешбір мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды. Үкімет бұл кесірлі тәжірибеге тосқауыл қоюдың жолын ұсынды.

Тендер-буллингтен табыс табады

Нарық қатысушылары «кәсіби шағымшылар» немесе «тендерлік киллер» деген кейіпкерлердің кім екенін біледі. Олар мемлекеттік сатып алуды орындаудан емес, конкурс-тендерді тоқтатудан табыс табады. Бұл «кәсіп» иелері мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің уақытша тоқтатылуына қол жет­кізеді де, жеңімпаз мердігер өкілі­нің өзіне шығуын күтеді. Мүдделі тарап оның сұраған ақысын берсе, сатып алу қорытындысына шағы­мын кері қайтарып ала қояды.
Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төр­а­ғасы Берік Нажмиденов ақ­парат құралдарына осы схеманың қалай жұмыс істейтінін түсіндірген болатын: «Шағымшы қарсылығын кері шақыртып алса, сатып алу рәсімі ары қарай жалғасады. Олар­дың әрекетінің астары осы: ша­ғымшы сатып алу рәсімін тоқ­тата алады, содан соң өзіне мүдделі компания өкілінің жүгінуін күтеді. Осылайша, олар келісімшартты орындаудан емес, конкурсқа ке­дер­гі келтіруден табыс көреді. Сон­дай-ақ келісімшарттың орын­далмауына мүдделі қатысушылар да шағымшыларға ақы төлеуі ық­тимал», – дейді комитет басшысы.
Тендер бұзушылар сонымен бірге жемқор шенеуніктерге сатып алу рәсімдері мен заң талаптарын айналып өтіп, өнім не қызметті бір көзден, сыбайлас компаниядан сатып алуына жол ашуы мүмкін. Қаржы министрлігінің түсінді­руінше, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, егер тап­сы­рыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, ко­миссия­ның шешімі өзінің құқығы мен заңды мүдделерін бұзды деп сана­са, онда қатысушы олардың әре­кетіне не әрекетсіздігіне, басқа да шешімдеріне шағым жасауға құ­қылы. Кәсіпкерлердің бұл құқы­ғын ешбір заң жоя алмайды. Оның үстіне 2018 жылғы 1 қаң­тардан бастап satypalu.gov.kz мем­лекеттік ­са­тып алу веб-порталында «Элек­трондық шағымдану» функ­цио­налы енгізілді: содан бері бұ­рын­ғыдай конвертті алып, еңселі кең­селерді жағаламай-ақ, шағым­дарды ЭЦҚ көмегімен интернет арқылы жолдай салуға болады. Бұл жеке сот орындаушыларының ин­тернет арқылы кез келген адамның есепшотын бұғаттай салуына ұқсас және кез келген кәсіпкердің басы­на нағыз әңгіртаяқ ойнататын, кез келген мемлекеттік мекеменің, әкім­дік пен министрліктің жұмы­сын дағдар­татын ауыр тетік.

Арыз тасқынының астында қалды

Сайт арқылы арыздану арнасы ашылғаны сол-ақ екен, шағымдар тасқындап қоя берді. Мысалы, 2015 жылы мемлекеттік сатып алу­лар рәсі­мінің қорытындысына не­бәрі 2 265 шағым түскен. Ал на­разылықты электронды формат­та білдіру енгізілген алғашқы  2019 жылы шағым саны 19 мыңнан асып кеткен. Оның ішінде 11 мы­ңы немесе 57%-ы ғана қана­ғат­тандырылды, қалған 8 мыңдайы не­гізсіз деп танылды. Мемлекеттік сатып алу заңна­масының сақталуын бақылайтын уәкілетті орган – Ішкі мемлекеттік аудит ко­митетінің дерегінше, 2017-2021 жыл­дары түскен шағым саны 155 981-ге жетті. Қарау қорытын­ды­сында соның 79 985-і (51,8%-ы) то­лық не ішінара қанағаттан­ды­рылды. Ал 74 210 шағымды (48,2%) қанағаттандырудан бас тартылған. Шағымшылары көп өңірлерге тоқталсақ, Нұр-Сұлтан бойынша жалпы саны 16 686 қарсылық түскен, оның 5 616-сы немесе бар-жоғы 33,6%-ы негізді деп танылды, басым бөлігі 11 070 шағым (66,4%-ы) расталмады деп жарияланды. Қызылорда облысында да негізсіз шағым саны тым көп: 6 580 шағым­ның 3 650-і немесе 57,2%-ы. Шым­кентте – 7 270 шағымның 3 980-і (54,7%), Атырау облысында 2 780 шағымның 1 490-ы (53,5%) қана­ғаттандырылмады. Өзге өңірлерде жағдайдың оңып тұрғаны шамалы: Маңғыстау облысында 2 837 ша­ғым­ның 1 475-і (52%), СҚО-да 4 343 шағымның 1 964-і (47,3%) қана­ғаттандырылмады. Қаржы министрлігінің түсін­діруінше, шағымдардағы басты дә­лел-дәйектер көпшілігінде «қа­тысушыға шартты жеңілдіктерін бермей қоюға» не «басқасына оны заңсыз ұсынуға», «конкурсқа ла­йықсыз қатысушыны заңсыз жі­беруге», «өтінімдерді негісіз қа­был­дамай тастауға», «сатып алуды лоттарға бөлмеуге», «шектен тыс жоғары немесе негізсіз талаптар қоюға» қатысты болып келеді. Мысалы, мемлекеттік мекеме­лер­дің бірі кең­се тауарларына ірі кө­лемде тапсырыс бергенде, қаты­сушы­лардың өзінен 2 шақырым­дық ра­диус ішінде орналасуын талап етіпті. Бұл кеңсесі жақын тұрған әлдебір компанияның мүд­десі үшін жасалған болуы мүмкін. Қарсы шағым түсірілгеннен кейін негізсіз талап өзгертілген.

Шағым шырғалаңынан кім ұтады?

Жалпы, сатып алу қорытынды­сына шағым келтіруді «тендер кил­лерінен» басқа да қатысушылар бел­сенді пайдаланады. Бұдан кә­сіпкерлер ғана емес, тапсырыс бе­рушілер де, халық та зардап шегеді. Өмірден нақты мысал келті­релік. Биылғы жаз бойы әсіресе, Павлодар жұртшылығы сары масаға таланумен болды. Сырттағы жан мен жануарға маса қырғидай тиіп, маза таптырмады. Мұндай ұсақ жәндіктер тауық, үйрек, ұсақ малдың тыныс алу жолдарына дейін кіріп кетіп, жануарлар қы­рылды. Әлеуметтік желіде #талан­ғанпавлодар (#искусанный­пав­лодар) хэштегі танымал болды. Биылғы мамырда Павлодар қала­сының сол кездегі әкімі Ержан Иман­слям шыбын-шіркейді улау­мен айналысатын мердігер анық­талғанын, бұл іске 52 миллион теңге бөлінгенін жариялады. тендер Алайда ізінше конкурстың қорытындысы жойылғаны анық­талды. Сөйтіп, облыс көлемінде осындай жұмыспен шұғылданатын мердігер «Казахсельмаш-Строй» ЖШС-не Павлодар қала­сын дезинсекциялаумен де қоса айналысуға тура келіпті. Павлодар облысы әкімінің сол кездегі орын­басары Асаин Байханов хабар­лағандай, облыс орталығында қос қанатты қансорғыштармен күре­сетін ешкім жоғы белгілі болы­сымен, уақыттың тығыздығына байланысты сондай шұғыл шешім қабылданған. Дегенмен мұндағы жағдай да екіұдай болып шықты. Павлодар облысы аумағында қансорғыш жәндіктердің популяциясын бақылау бойынша дезинсекциялық қызметтер көрсету конкурсын об­лыстық Мемлекеттік сатып алулар басқармасы биылғы көктемде ұйымдастырады. Оған 1 млрд 574 миллион теңге бөлінген. 2021 жыл­ғы 19 сәуірде өткен тендер қоры­тын­дысы туралы хаттамаға сәйкес, «Астаналық дезинфекция» ЖШС жеңімпаз деп танылады. Бұл елор­дада танымал кәсіпорын, тиісті базасы бар, демек Павлодар өңірін қансорғыштардан адалауға жедел кірісіп кетуіне болатын еді.
Алайда 26 сәуірде «Казах­сель­маш-Строй» ЖШС-нен барлық қатысушыға қатысты үлкен шағым түседі. «Камералдық бақылау жүр­гізу нәтижесінде «Казахсельмаш-Стройдың» шағымындағы бірқа­тар дерек қана расталды. Соған қарамастан Павлодар облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің шешімі негізінде 28 сәуірде ұйымдастырушы барлық 5 қатысушының өтінімдерінен бас тартты. 29 сәуірде конкурс қоры­тындысы қайта қаралып, «Казах­сельмаш-Строй» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Дұрысы, ереже бойынша ұйымдастырушы өзге жеткізушілерге өтініштерін сәйкес келтіруіне уақыт беруі тиіс еді», – дейді қатысушының бірі – «Қазақ­стандық өнеркәсіпке жәрдемдесу институты» ЖШС басшысы Ернар Мұқанғалиев.
Былтыр Жамбыл облысы әкім­дігінің Энергетика және ТКШ басқармасы «Тараз теміржол көлігі және коммуникациялар колледжі» КМҚК үшін оқу жаб­дықтарын сатып алуға ашық кон­курс жария­лайды. Сатып алы­натын зат – сы­нақ кешені (177,7 млн теңге) және әрқайсысының бағасы 77 млн теңге тұратын 2 тре­­нажер-имита­тор. Қорытын­дысында Business Investing (BI) ЖШС жеңімпаз деп жарияланады. Бұған келіспеген өзге жеткізу­ші­лер облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне шағым жа­зады. Мемлекеттік сатып алу қо­ры­тындысы жойылады. Әрине, жеңімпаз да оқиғаның бұлай өрбуін құптамай, қарсы ша­ғым түсірген. Қарсыластарының дә­йектемелері негізсіз екенін дә­лелдеуге тырысқан. Алайда оны тың­дар құлақ болмады. Әдетте көп шағым түссе, билік тендер жеңім­пазын қорғаштамайды. Содан сәуір айында жаңа хаттама жария­ланып, оған сәйкес, басқа ком­пания жеңіс­ке жетеді. Ғажабы сол, ол өзгелерге қарағанда жоғары баға ұсынған көрінеді. BI басшысы Тимурлан Құ­лыбаевтың айтуынша, «егер ең төмен бағаны ұсынған басқа әле­уетті өнім беруші таңдал­ғанда, тап­сырыс беруші 114,8 миллион теңге үнемдейтін еді». Мысалы, «Милана INVEST» сы­нақ кешенін 53,7 миллион теңгеге жеткізіп беруді ұсы­ныпты. Алғаш­қы жеңімпаздың кейінгі жеңім­пазға шағымы негі­зінде Ішкі мем­лекеттік аудит ко­митеті аудиторлық тексеру жүргіз­ген. Оның нәтижесі жарияланбады. Мұндай оқиғалар барлық өңір­де жетерлік.

Шағым беру ақысы анықталды

Шағымдар легінің еселеп ар­туы уәкілетті меморганға да ұна­майды. Сол себепті Қаржы ми­нистр­­лігі жаңа тетікті енгізуге кірісті. Оған сай, алда шағым беру ақылы болуы мүмкін.
«Жыл сайын мемлекеттік аудит органына әлеуетті өнім беруші­лерден мемсатып алу мәселелері бойынша негізсіз шағымдар көп түседі. Тендер қорытындысына ша­ғымдар шарт жасасуды тоқтата тұруға әкеп соғады, бұл мемле­кет­тік сатып алу процесін созбалаңға салып жібереді. Шағым беруші­лердің арасында «кәсіби шағым­шы­лар» пайда болды, олар шағым жасауды заңсыз пайда табудың құ­ралына айналдырды. Негізсіз арыз­дануды болдырмау мақса­тын­да шағым беруді ақылы ету ұсы­ны­лады», – деп хабарлады министрлік.
Мұндай тәжірибе шетелде, соның ішінде Грузия, Украина, Арменияда қолданылады. Жаңа тетік кәсіпкерлердің үлкен бөлігін қамтығалы тұр. «Мем­лекеттік сатып алудың қаты­сушылары тізіліміне» жүгінсек, қазірдің өзінде 367 935 конкурс-тендерлерге қатысушы бизнес нысаны тіркелген. Ақы тек шағым берушіден жи­налады. Оның дәлелдері расталса, тиісті төлемі қайтарылады. Рас­талмаса, төлем бюджет кірісіне аударылады. Төлем мөлшерін, оны енгізу және қайтару тәртібін уәкі­летті орган, яғни Қаржы министр­лігі анықтайтын болады. Төлем көлемі лот сомасына бай­ланысты болады. Бірақ мил­лиардтаған теңге тұратын тендер­лер бойынша төлем сомасы тым жоғары болса, қатысушылар заң­бұзушылық пен әділетсіздікке жолықса да тәуекелге бас тіккісі келмей, үнсіз қалуы мүмкін. Сон­дықтан шағым беру ақысының шекті сомасы белгіленбек. Қаржы министрлігінің ұсы­нуын­ша, төлем мөлшері лот құны­ның 0,1%-ына тең болмақ, бірақ 100 АЕК-тен (291 700 теңгеден) аспайды. Мысалы, лот сомасы 1,3 млн теңге болса, шағым түсіру төлемі – 1 300 теңге. Егер лот со­масы 1,3 миллиард теңге болса, төлем 291 700 теңге болмақ. Мұндай «сүзгі» сатып алу қа­тысушыларын тәртіпке түсіріп, өшіккеннен беталды арыздана беруден аяғын тартуына түрткі болады деп күтілуде. Сондай-ақ бюджетті толтырудың жаңа көзі пайда болуы мүмкін. Жаңа тетік өмірге жолдама алуы үшін министрлік «Мем­ле­кет­тік са­тып алу туралы» заңын өзгер­тетін жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр.

Айхан ШӘРІП