Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Театр жылы» жобасы аясында театр саласы мамандары мен сарапшылары арасында «Театр диалогы» клубының тұсауын кесті. Бұл – қазақ драматургтері, режиссерлері мен актерлері бас қосатын алаң болмақ. «Биыл – мерейтой толы. Атап айтсақ, Абай атамыздың 175 жылдығы, әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аталмақшы. Соған орай, Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет саласы несімен ерекшеленуі керек, қандай болуы тиіс деген ой мазалады. Ақылдаса келе, өнер саласының биік шыңы – театр болғандықтан, жылды соған арнауды жөн көрдік. Бұл – бос сөз, жалған ұран емес» деген Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов осы бас қосу арқылы өзекті мәселені талқылап, шешімін табуға тырысатынын жеткізді. – Қалада театрға барынша қолайлы жағдай жасалып жатыр. Әкімдікке қарайтын 6 театр бар, онда 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Соның 400-і – әртістер. Жекеменшік театрды қосқанда барлығы – 18. Оның 9-ы – Сарыарқа ауданында, 6-ы – Есіл ауданында, Алматы ауданында 1 театр бар. Оның өзі студенттерге арналған жекеменшік театр. Ал Байқоңыр ауданында бірде-бір театр жоқ. Соңғы екі ауданда 600 мыңға жуық адам тұрады. Негізінен өзге қаладан келушілер де, студенттер де осында мекендейді. «Өндіріс», «Көктал», «Железнодорожный», «Қараөткел» секілді елді мекендердің театрға келуге мүмкіндігі жоқ. Қала тұрғындарының мәдениетін театр қалыптастыратын ұмытпайық. Сондықтан халықты өзімізге тарту үшін қала шетіндегі елді мекендерге гастрольдік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы. Мәдениет басқармасы осы орайда арнайы бағдарлама жасап, сол бойынша жұмыс жүргізуді қолға алмақ. Мәселен, Волонтер жылы аясында аптасына 1-2 сағатқа актерлік шеберлік бойынша дәріс өткізсе, шалғай жатқан аудандарда көркем үйірме ашуға болатынын айтты. «Қаладағы театрлардың ішінде 7-14 жасқа дейінгі балаларға арналған театр жоқ. Әрине, қуыршақ театры бар. Ол 3-7 жас аралығындағы балаларға арналған. Соған орай, заманауи форматта балалар және жасөспірімдер театры ашылады» деген Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Фазылқайыр билет бағасының арзан екенін айтып, онлайн сатылымды жетілдіруді сөз етті. «Жастар» театры актерлерінің айлығы депутаттардың шайлығындай ғана», – дейді белгілі режиссер Талғат Теменов. Оның айтуынша, республикалық театрлардың жалақысына 50 пайыз қосылғанымен, қалалық және облыстық театрларға 35 пайыз өсіріпті. Айырмашылықты жойып, бөліп-жармай, жалақының теңдестіруін сұрады. Қаланың өзінде театрдың аздығын сөз етіп, кәсіби маманның жоқтығын айтты. – Театр жылына біз, театрлар, не береміз? Әкімшілік бізге не береді? Яғни, көрерменге не береді? Бүгінде кәсіби суретші, суретші-гример, дыбыс режиссері, жарық түсіруші мүлдем жоқ. Бұл мамандарды бұрын өнер училищелері дайындап шығаратын. Қазір ондай оқу орны жоқ. Консерватория жанындағы театр факультеті өткен ғасырдың 55-78 жылдары болған. Кейін Алматы театр өнері институты болып бөлініп шықты. Ал Театр және кино институты ректоры болғанымда 300-ге жуық адам оқыды. Бүгінде «Шабыт» академиясында 800-ге жуық бала бар. Қазір Қазақ мемлекеттік кино және театр институтын бөліп алатын уақыт келді, – деді режиссер. Халық әртісінің айтуынша, қаланың мәдениет басқармасының қолдауымен бүкіл театрдың ай сайынғы қойылымдары жайында кітапша шығарылып, сауда орталықтарында біріккен касса жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. «Қаланың барлық жері баннерге толы. Сол жерде дүниенің жарнамасын көресің. Бірақ соның бірінде театр қойылымдарын кездестірмейсің. Сондықтан қала әкімдігі осыны жарнамалауды мойнына алып, тегін жасауы керек. Және әр қойылымның бюджетін көтеру қажет. Мысалы, «Астана Операның» бір спектакліне қырғын ақша құйылса, бізде бар-жоғы 3-3,5 млн ғана беріледі. Соған орай, біз қытайдың сапасыз дүниесін аламыз, ол 2-3 қойылымнан кейін тозып, түгі қалмайды. Содан кейін сахнамыз жұпыны болмағанда не болады?! Соңғы 20 жылда театр саласынан бірде-бір адам министрдің орынбасары болмады. Көбіне музыкант пен композитордан шығып жатыр. Әрине, олардың ісін жоққа шығарып отырғаным жоқ. Қай-қайсысы болсын, сыйлаймын, құрметтеймін. Алайда елімізде 60-дан астам театр болса, оның сойылын соғатын бір адам болуы тиіс. Оның өзі біздің ортадан шыққаны дұрыс», – деді Талғат Теменов. Жазушы-драматург Роза Мұқанова болса, мұндай бастаманы жөн көріп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Бастаған іс аяқсыз қалмауын сұрады. «Мені алаңдататын бір дүние – директордан бастап, еден жуатын адамға дейін еңбекақы қаралған. Ол мәселе шешілген. Ал сахнада қойылған драматургтің шығармасына қаламақы қаралмаған. Оны кім қадағалайды? Кімге қандай деңгейде қаламақы беріледі? Міне, осы мәселе біздің мәдениет заңында нақты көрсетілмей отыр. Шыны керек, қазір әркім өз қалауынша береді. Көңілі соққанға бәленбай миллион, соқпаған жанға 350 мың теңге қоя салады. Дамып отырған елдің өнерді қолдап отырғандағы бұл қылығы бәрімізді ойландыруы керек», – дейді жазушы. Оған қоса, жазушы көркемдік кеңестің жан-жақтан шақырылғанын құп көрді. «Режиссер, драматург, композитор, мұның бәрі тек театрдың ішінен болса, театр өспейді. Сондықтан көркемдік кеңеске сол саланың адамы міндетті түрде қатысып, басқа қаладан шақырылса, театрда өрлеу пайда болады», – деді Роза Мұқанова. Клуб отырысы ашық форматта өтіп, театрдың өзекті мәселелері, даму жолдары және театр жылына байланысты жыл бойына жалғасатын іс-шаралар талқыланды. Жиынға қаладағы барлық театр жетекшілері қатысты. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен мәдениет басқармасының ұйғарымымен Театр жылына орай «Сахна саңлағы-2020» марапатын 27 наурызда өткізбекші. Оған былтырғы жылдың наурызынан биылғы наурызға дейінгі аралықтағы спектакльдер сүзгіге алынды. Сөйтіп, үздік спектакль, үздік режиссер, үздік актер, үздік актриса, екінші пландағы үздік актриса мен актер, үздік сценография, үздік балет әртісі, үздік опера әртісі және үздік менеджер номинациясы беріледі. Бұл марапат «Оскар» жүлдесіндегідей ерекше сән-салтанатпен өткізілмек. Гүлзина БЕКТАС, Анар ҚОНЫС