Амандығың үшін аманат еттім...
Амандығың үшін аманат еттім...
652
оқылды
Жақында заңгер әрі Medsupportkz қауымдастығының негізін салу­шылардың бірі Ақмарал Тұрсынова өзі қайтыс болғаннан кейін органдарын донор­лыққа беруге келіскені туралы құжатты Instagram-дағы па­рақ­шасында бөлісті. 2020 жылдан бастап мұндай келісімді eGov порталы арқылы он­лайн да рәсімдеуге болады. «Мен меди­цинаға, ғылымға сенемін. Қайтыс болған соң органдарым жер астында шіріп жат­қанша, тірі жүрген бірнеше адамды құт­қарғанын дұрыс көремін. Өзім өмірден өтсем де, жүрегім басқа бір кісінің кеуде­сінде соғып тұрса, шынымен бақытты болар едім», – дейді Ақмарал... Кәріз жүйесі істемейтін үй секілдісің 33 жастағы астаналық Анар Шәймергенова ту­ған күнін жылына екі рет атап өтеді. Оның бірі – анасының құрсағынан шыққан күні болса, екіншісі – жаңа бүйрекке ие болған күні.
«Бала күнімде екі-үш күн бойы құлағым мүл­дем естімей қалғаны есімде. Кейіннен бәрі де стреп­тококк ангинасынан басталғанын білдім. Апталап, кейді тіпті айлап ауруханада жататынмын. Жаңа жыл қарсаңында анам мен ағам жаңғақ қо­сылған орама бәліш әкелетін. Палатадағы балалар теңдей бөлісіп жеп алатынбыз. Бірнеше туған кү­німді аурухана қабырғасында қарсы алдым. Бұл – өзінің ережелері бар басқаша балалық шақ бо­латын. Бір-бір жарым ай бойы бірге уақыт өткіз­гендіктен, бір-бірімізге бауыр басып, дос болып кететінбіз. Кейде кейбірімен келесі жылы қайта қауы­шамыз. Енді біреулері біздің ортамызға еш­қашан орал­мады», – деп еске алады Анар өзінің ба­лалық шағы жайлы.
Ангинасы асқынып, созыл­малы гломерулонефритке шал­дық­қан оның 2018 жылы екі бүй­регі де істен шығады. Салмағы не­­бәрі 35 келі тартып, комаға тү­судің аз-ақ алдында қалған Анарға жасанды бүйрек аппаратын қосады.
«Бүйрек ағзадан зәр мен ток­синдердің шығуына ғана емес, гемоглобинге де, гормондарға да, тұздардың баласына да, ағзадағы жалпы зат алмасуға да жауап береді. Бірақ бүйрек тәулігіне 24 сағат немесе аптасына 168 сағат жұмыс істесе, гемодиализ аптасына 12 сағат қана жұмыс істейді. Көз алдыңызға 79 адам (адамда осын­шама орган бар) тұратын үлкен үйді елестетіңізші. Үйде кәріз жү­йесі істемейді. Сон­дықтан апта­сына үш рет ассе­низатор келіп, барлық қалдықты 4 сағаттан сорып әкетіп отырады. Диализ шамамен осылай жұмыс істейді. Ол – бүйрек ауыстырғанға дейін пациент өмірін сақтап тұ­ратын әдіс қана, яғни ем емес. Диализді неғұрлым көп қол­данған сайын сізге сәтті транс­план­тация жасалу мүмкіндігі со­ғұрлым азая береді», – дейді Анар.
Кейіпкеріміз диализбен өмір сүре берудің неліктен қауіпті еке­нін бізге былай түсіндіріп берді:
«Мен диализде төрт жыл дерлік болдым. Осы уақыт ішінде, бірін­шіден, менің жүрегім үлкейіп, онда саңылау пайда болды. Диализ ке­зінде жүрекке көп салмақ түседі. Екін­шіден, қан қысымың үнемі жо­ғары болады, мен 210/110-мен жүретін едім. Бір кездері күн сайын жедел жәрдем шақыруға тура келді, өйткені қысымды өз бетіңше түсіру мүмкін болмайтындай күйге жеттім. Үшіншіден, ісігің қайт­пайды, себебі – ағзаң сұйықтықты шығара алмайды. Әр процедурада менен 1,5-2 литр сұйықтықты шы­ғаратын. Төртіншіден, бітпейтін тахикардия мен ентігуден шаршай­сың. «Бисоплор» ішуді бір күн ұмы­тып кетсем, ыдыс-аяқты шкаф­қа қою мұңға айналатын. Бе­сіншіден, банан, жаңғақ, картоп секілді құрамында калийі көп азық-түлікті мәзірден біржола шығарып тастайсың. Одан бөлек, асқазан жарасы, остеопороз, ми ісігіне шалдығу қаупі де сен үшін жоғары», – дейді Анар.
Шөлің қанғанша су ішудің өзі бақыт Туыс-донор да, мәйіт-донор да табылмаған соң Анар краунфан­динг арқылы 70 мың АҚШ дол­ларын жинап, Беларусьте ақылы трансплантация жасатам деп ше­шеді. Бұл ел әлемде трансплан­тология саласы жақсы дамыған мемлекеттердің бірі саналады, бірақ донорлық орган алғысы келген шетелдіктерге отаны ақылы негізде жасайды.
«Маған қайтыс болған 37 жас­тағы Оксана есімді әйелдің бір бүйрегін салды. Мен оған алғы­сымды іштей күнде айтып жүремін. Шөлің қанғанша су іше алудың өзі қандай бақыт екенін білсеңіз ғой. Диализде болғанымда ағзамда сұйықтық көбейіп кетпес үшін суды бір-екі ұрттап қана ішетін­мін», – дейді Анар.
Кейіпкеріміз бүгінде жаңа бүйрегін «сұлуым» деп еркелетеді. Ал сау бүйректің қадіріне жетпей отырған адамдарға қынжылады.
«Бүйрек үнсіз өледі» деп айта­ды. Оның ауру екенін физикалық түрде сезбеуіңіз мүмкін. Энер­ге­тикалық сусындар мен темекі – бүй­ректің қас жауы. Энергетикалық сусындарды көп ішкен бір таны­сым енді диализде. Адамдар өзінде бар­дың қадірін білсе екен деймін. Ота жасатар алдында «қандай күтім жа­сауға да дайынмын, тек сау бүй­регім болса екен» деп қатты арман­дадым. Мен қазір де қаншама дәрі ішемін, өйткені бәрібір бөтен адам­ның органы болғандықтан, ағзаң оны 100 пайыз қабылдамайды. Бі­рақ сонда да диализде отырған кезім­нен өзімді мың есе жақсырақ сезінемін. Енді мен ентікпеймін, Алматыдағы Ботаникалық бақтың ана басынан мына басына дейін шаршамай жетемін, көзімнің сарғайғаны кете бастады, жұмысқа тұрдым, қысқасы, нағыз дені сау адамның өмірін сүріп жатырмын», – дейді Анар.
Бір марқұм бірнеше тірі адамды құтқара алады Қайтыс болғаннан кейін ор­гандарын донорлыққа бергісі кел­ген қазақстандықтар мұндай ке­лісімді емханаларда немесе eGov платформасы арқылы онлайн тол­тыра алады. Транспланттауды және жоғары технологиялық меди­циналық қызметті үйлестіру жө­ніндегі республикалық орталық­тың мәліметінше, бүгінге дейін елімізде өзі қайтыс болғаннан ке­йін органдарын донорлыққа беру құқығын білдірген адамдардың 24 мыңнан астамы бұдан бас тартса, 2,5 мыңдайы келісім берген. Алай­да адам көзі тірісінде келісім бер­генімен, қайтыс болған соң туыс­тары бұған қарсы болып жатса, дәрігерлер оның органдарын ала алмайды. Бұл проблема, әлбетте онсыз да саны аз потенциал донор­ларды одан әрі азайтады. Аталмыш орталық ұсынған деректерге сүйенсек, 2012 жылдан бері қайтыс болғаннан кейін 104 адамның органы донорлыққа пай­даланылған, сөйтіп 400 пациентке трансплантациялық ота жасалған. Яғни, қайтыс болған бір адам көзі тірі бірнеше адамды өлімнен құт­қара алады, өйткені оның жү­регі, өкпесі, екі бүйрегі, бауыры, ұйқы безі, терісі, жілікмайы донорлыққа жарамды болуы мүмкін.
«Орынкүл деген таныс апайым бар. Өкінішке қарай, баласы Асқар көлік апатынан көз жұмды. Ана­сының рұқсатымен Асқардың жү­регі, бауыры, екі бүйрегі донор­лыққа алынып, төрт адамның жа­нын сақтап қалды. Қазір Орынкүл апай «мен баламды өлдіге сана­маймын, ол төрт адамның ішінде өмір сүріп жатыр» дейді. Бұл, бір жағынан донор күтіп жүрген нау­қас үшін үлкен көмек болса, екінші жағынан, марқұмның артында қалған туыстары үшін кәдімгідей жан медеуі», – дейді кейіпкеріміз Анар Шәймергенова.
Бүгінде елімізде 3 жарым мың­дай адам донорлық органға мұқ­таж. Нағыз аманаттың қадірін солардан артық ешкім білмес...