Елорданың дамуына ел куә
Елорданың дамуына ел куә
325
оқылды
Астана жыл сайын көркейіп, дамып келеді, қала халқының саны да қарқынды өсуде. Мә­селен, биылдың 1 қыркүйегін­дегі статистикалық дерекке сүйен­­­сек, ресми тіркелген елор­­­да­лық­тар саны 1,3 мил­лион­­нан асты. Бұған келімді-ке­тімді адамдарды қосыңыз. Бұл дегеніміз – бас қа­ланың ин­­женерлік-әлеуметтік ин­фра­құрылымына айтарлықтай жүк­теме, сәйкесінше, астананы да­мытудың кешенді жоспарын талап етеді. Қала басшысы Ал­тай Көлгінов Azattyq Rýhy сай­ты­на сұхбат беріп, елордадағы не­гізгі экономикалық-әлеу­меттік мәселелерге тоқталды. Астананың бас жоспарын жылда өзгертуге тура келеді. Мәселен, 2001 жыл­ғы қала құжатында 2030 жылға дейін елордалықтар саны 850 мыңға жетеді деп болжанды. Алайда 2010 жылы бұл жоспарға өзгеріс еніп, 2030 жылы жергілікті тұрғындар са­ны 1,2 миллионға жуықтайды де­лінді. 2020 жылы қала халқы бұл ме­жені басып озып, бүгінде 1 млн 330 мыңға жетті. Бұ­ған тұрақты ме­кен­жайы жоқ, уа­қытша жұмыс істей­тін келімді-ке­тімді адамдарды қосыңыз. Бұл орайда, қа­ланы көркейту ісінде әлеуметтік-ин­женерлік инфра­құ­рылымды да­мыту күн тәртібіне шы­ғады: тұрғын­дарды ауыз су, жылу, электр энергия­сымен, сондай-ақ, емхана, мектеп, балабақшамен қамтамасыз ету және осы бағыттағы іс-шараларды уақтылы әрі қарқынды атқару аса маңызды. Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов бас шаһардың инфрақұры­лымына түсетін жүктеме ауыр екенін айтып, саладағы бірқатар өзекті проб­леманы атап өтті. Мәселен, қала­да ауыз су тапшылығы бар. Әсі­ресе, жаз мезгілінде сумен қамту жүк­темесі артады. Себебі жеке сек­тор тұрғындары ауыз суды бау-бақша суару сынды техникалық мақсатта пайдаланады. Қазіргі уақытта күн­делікті тұтынатын 300 мың куб метр су жаздыгүні жетпей қалады.
«Бұл орайда 2020 жылы суды сорып, сүзгіден өткізетін бекеттің жобасы сызылып, былтыр құрылысы басталды. 2023 жылы толыққанды жұмысын бастайтын үлкен бекет қоймадағы суды тазалап, қалаға ауыз су таратады және қосымша 100 мың метр куб сумен қамтымақ. Әйтсе де, қаланың бас жоспарына сәйкес, 2030 жылы тұрғындар саны 2 мил­лионға жетеді деп болжануда. Сол себепті аталмыш бекет іске қосыл­ғаннан кейін, осы тектес төртінші стан­саның құрылысын жоспар­лауымыз керек. Бұл ауыз сумен қам­ту проблемасының ұзақмерзімді шешімі болмақ», – деді ол.
Сондай-ақ бас қалада мектеп пен балабақшаның жетіспеушілігі күн тәртібінде тұр. Он жыл бұрын елорда­дағы мектеп жасындағы балалар саны 70 мың шамасында болса, бүгінде 230 мыңнан асады. Биыл мамырда 8 мың түлек білім ордасын бітірсе, қыркүйекте 25 мың оқушы мектеп табалдырығын аттаған.
«2019 жылы – 6, 2020 жылы – 11, былтыр 15 мектеп салып, 70 мың орынмен қамтыдық. Биыл тағы 15 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-ін аяқтап қаламыз. Соның өзінде, мектеп жетпейді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында балаларды ыңғайлы мектеппен қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі таңда ірі көлемді 20 мектептің жо­басын дайындап жатырмыз. Бұл білім ордалары 2 мың оқушыға есеп­телген, екі ауысыммен оқытатын болсақ, 80 мың орынмен қамтимыз. Бұл мектептердің құрылысы 2023 жылы басталады. Сондай-ақ, қала­ның бас жоспарына түзетулер ен­гіздік: жаңадан салынып жатқан әрбір аудан мен кварталда мектеп, балабақша және тағы басқа әлеу­меттік нысандар салынады, 70 мек­тепке жер бөліп қойдық», – деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, жаңадан са­лынатын мектептерде мұғалім жетіс­пеушілігін болдырмас үшін кадр дайындау мәселесіне ден қойылуда. Елордада педагогикалық институт салу қажет. Бұған қомақты қаражат кетеді. Университет салуға ниет білдіріп отырған инвесторлар бар, ал әкімдік инфрақұрылым жасауға көмектеседі. Үкімет те жобасын бекітіпті. Алтай Сейдірұлы қаладағы апат­ты тұрғын үйлердің мәселесіне де тоқталды. Астанада өткен ғасырда салынып, әбден тозығы жеткен тұрғын үйлер бар және онда адамдар әлі де тұрып жатыр. Бірнеше жылдан бері «Елорда даму» бағдарламасы жүзеге асуда. Аталмыш жоба бастал­ғаннан бері 4,2 мыңнан астам отбасы апатты үйлерден көшірілген. Биыл тағы 333 отбасы жаңа баспанаға қо­ныс аудармақ. Сондай-ақ қала басшысы ақылы көлік тұрағы, пандемиядан кейінгі шағын және орта бизнестің бүгінгі ахуалы мен әлеуеті туралы сөз қоз­ғады. Бүгінге дейін әкімдік 1700 авто­көлік тұрағын ретке келтірген, қала бюджетіне тұрақ жұмысынан 2 млрд шамасында қаржы түскен, бұл қаржы елорданың инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Қазақстан экономикалық зерт­теулер институты еліміздің қалала­рындағы өмір сапасының рейтин­гісін жасады – Астана көш бастап тұр. Зерттеуде үш фактор есепке алын­ған: экономика және бизнес, адами ресурс және инфрақұрылым. Қала басшысы экономикалық бел­сенді тұрғындар саны артып келе жатқанын, жыл басынан бері 230 мыңнан астам субъект тіркелгенін атап өтті.
«Десе де, пандемиядан кейін ша­ғын және орта бизнес өкілдері аяққа тұрып кетті деп айтуға әлі ерте. Биз­нес мемлекеттің қолдауына зәру. Президент еліміздің кәсіпкерлерімен жиі кездесіп тұрады. ШОБ жұмысын тексеруге жарияланған мораторийді тағы ұзартты. Ал әкімдік Мемлекет басшысының тапсырмасымен тоқ­сан сайын «Атамекен» ҰКП база­сын­да кәсіпкерлермен кездесіп, биз­нес­ке, инвестиция тартуға жағ­дай жасау, әкімшілік кедергілерді жою және тағы басқа мәселелерді тал­қылап, саладағы түйткілді ше­шуге ықпал етеді. 2021 жылы негізгі капиталға 1,2 млрд инвестиция тарт­тық, биыл бұл межеден асуға күш салудамыз», – дейді ол.
Сөз соңында қала әкімі елорада атауының ауысқанына қатысты пікірін білдірді.
«Елорда атауы бірнеше рет ауыс­ты. Әр кезең – тарих, ал тарихымызға құрметпен қарауымыз керек. Мен өңірден Нұр-Сұлтанға көшіп келдім және үш жыл қызмет еттім. Ал қазір көптің қалауымен қайта «Астана» атанған бас қаламызды көркейтуге, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне күш жұмсап жатырмыз», – деп түйді А.Көлгінов.