Қазақстан – аграрлы ел. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясында ауылшаруашылық саласы бірінші кезекте тұруы тиіс. «Ол үшін мемлекеттің ауылға деген көзқарасын өзгерту қажет» деп санайды Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқармасының төрағасы, «Атамекен» ҰКК АӨК комитетінің төрағасы Жигули Дайрабаев.– Жигули Молдахалықұлы, ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін субсидияның маңызы зор. Үкіметтен осы мақсатта бөлініп отырған қаржы жеткілікті ме?
– Қазақстанда ауыл шаруашылығына жылына 370-400 млрд теңге субсидия бөлінеді. Бұл ақшаны республикадағы 280 мың шаруа қожалығы мен фермерлерге бөлсеңіз, түк те емес. Оның өзі ұсақ шаруашылықтардың көпшілігіне бұйырып жатқан жоқ, көмек қаржының дені ірі компанияларға бұйырады. Үкіметтегі баз біреулер мұның өзін көп көріп отыр. Былтыр ауыл шаруашылығынан 80 млрд теңге салық түсті, ол бюджет кірістерінің небәрі 1 пайызын ғана құрайды, сондықтан ауылға көп қаржы берудің қажеті қанша деп санайды. Бұл енді күнделікті ас-суы, сүт, майы қайдан келетінін парықтамайтындардың сөзі.
Енді осы ойды дамыта түссек: елімізде бір жылда 8 трлн-нан астам ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Ол мемлекеттің бюджетінен де көп. Одан бөлек, ауылдық жерде халықтың 42 пайызы өмір сүреді, солардың қаншасы еңбекпен қамтылып отыр. Бұл жерде мал баққан бақташы, егін еккен диқан, механизаторды айтпағанда, салаға қосарланып дамитын қаншама фабрика мен зауыттың өндірісін де ұмытпаған жөн: біреуі кәмпит шығарады, біреуі шұжық өндіреді, бірі картоп өңдейді, нарыққа май, сүт, ірімшік шығарады дегендей...
Сондықтан Үкіметтегі бірқатар шенеуніктің субсидияның кейбір жекелеген түрін алып тастау немесе азайту керек деген уәждері қате. Бұл жергілікті өндірушілерді қиын қаржылық жағдайға ұрындырады. Өйткені фермерлер өндірісті жоспарлағанда, бизнес-жоспар құрғанда, шаруашылығын жетілдіру стратегиясын жасағанда қолданыстағы субсидиялау механизмдеріне сүйенеді. Сол себепті субсидиялаудың аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған нұсқасы қалуы керек.
Салыстыру үшін айтайық, өркениетті елдерде мемлекет ауыл шаруашылығына 10-15 пайыз субсидия береді. Ал бізде ол 5 пайыздан аспайды.
– Жергілікті шаруаларды қолдаудың субсидиядан басқа несиелеу механизмі де бар. Оның жұмысын қалай бағалар едіңіз?
– Қазір мемлекеттік қолдаудың барлық механизмі ірі өндірісшілерді ынталандыруға бағытталған. Ал көпшілік фермерлік шаруашылықтардың арзан несие мен субсидияға қолы жете бермейді. Сондай-ақ несие алу шарттары қиын, машақаты шаш етектен, қаншама құжат талап етеді, оны ұзақ қарайды, кепіл нәрсенің құнын көп төмендетеді. Осыған байланысты барлық өңірге Жамбыл облысының тәжірибесін енгізу қажет деп санаймын. Онда ауылды қолдау бойынша 2,5 пайызбен несие бөлінеді.
– Сіз көп жерде ауылшаруашылық құрылымдарын несиелеу үшін агробанк ашу керек деген ойды айтып жүрсіз. Оған қандай мұқтаждық бар?
– Елімізде ауыл шаруашылығын қаржыландыратын 10-15 қор, екінші деңгейлі 20 шақты банк бар, олардың бәрі ауылға несие беріп жатырмыз деп өзеурейді. Бірақ несие мөлшерлемелері тым жоғары – 20-25 пайыз. Мұндай жағдайда шаруа қалай жұмыс істеп, табыс табады?!
Бұрын «Қазагро» АҚ-да жеті еншілес кәсіпорын болатын, кейін оның үшеуі қалған: «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Екі жыл болды, оларды «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамына қосты, кейін қорды жапты, бірақ бұдан шаруаның жағдайы жақсарып кете қойған жоқ. «Бәйтеректің» де несиелік мөлшерлемелері жоғары, фермерлерге тиімсіз. Қысқасын айтқанда, кредиторлардың бәрі қымбат несие беріп, одан үстемелете пайда тауып, шаруашылық субъектілерінің үстінен күн көріп отыр.
19 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен кездескенде ауыл шаруашылығына байланысты бірқатар ұсыныс жасадым. Сонда ауылдағы еңбеккердің екі-ақ міндеті болуы керек деген тұжырымымды жеткіздім: егер ол диқан болса, егінін егіп, оны өткізіп өнім алуы керек, егер бақташы болса, малын баптап-күтіп, өнімін өткізіп, табыс табуы керек. Міне, шаруаның екі-ақ міндеті осы. Ал қалған керек жағдайдың бәрін Үкімет жасауы тиіс.
Осы кездесуде Мемлекет басшысына шаруалардың қолжетімді несие ала алмай отырғанын айтып, Агробанк құрып беруін сұрадым. Мұның алдында банк құру туралы Ұлттық банктің төрағасына да хат жазғанмын. Бірақ Ұлттық банк оған мүмкіншілігіміз жоқ деген мағынада уәж айтады. Алайда мен оның сөзімен келіспеймін. Мәселен, 20 шақты екінші деңгейлі банк қаржыны шетелден тасып жатқан жоқ, бәрі Ұлттық банктің ақшасы. Олар Ұлттық банктен 1 пайыздық мөлшерлемемен несие алады да, шаруаға 20-25 пайыздық үстемемен береді. Халық ақымақ емес, мұның бәрін көріп отыр.
Мен агробанк ашу туралы ұсынысты тегін айтқан жоқпын, шетелде мұндай тәжірибе баяғыдан бері жұмыс істеп келеді. Мәселен, табиғаты мен шаруашылығы бізге ұқсас Канаданы алайық. Онда ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға 0,9 пайызбен 30 жылға дейін (!) несие береді. Несие шартында форс-мажорлық жағдайдың бәрі ескеріледі. Ал бізде қуаңшылық болып, егін шықпады ма, фермер ауырып қалды ма, өліп қалды ма, онымен ешкімнің шаруасы жоқ, банктер тек несиені уақытылы өтелуін талап етеді. Егер бізде Канададағыдай 30 жыл емес, тіпті 15 жылға 1-2 пайызбен несие берілсе, ауыл шаруашылығын қарқынды дамытып әкетуге болар еді.
Ал енді құм мен тастың үстінде отырған алақандай Израильді алайық, оның жанында Қазақстан пейіш қой. Онда 450 мың гектар егістік жері бар, осы аумақтан еврейлер 5 млрд доллар табыс табады. Ал Қазақстан егістікке арналған 22 млн 500 мың гектардан 1 млрд доллар ғана кіріс кіргізеді. Масқара емес пе?!
Ескінің бәрін жаман деп қарауға болмайды. Кеңес Одағы кезінде Агробанк жұмыс істеген. Мамандандырылған қаржылық институт ретінде бізге де оны құратын мезгіл жетті. Оның қызметі Қазақстанның даму банкі сияқты жеке заңмен реттелуі керек. Бұл банк қаржымен жеткілікті түрде қамтамасыз етіліп, уақыт өте келе АӨК субъектілерінің бәрін төмен мөлшерлемемен берілетін несиемен толықтай қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ банк несиелерінің 50 пайызы шағын және орта фермерлерге бөлінуі қажет.
Мамандандырылған мемлекеттік банктерге есептік-кассалық операция жасау және депозиттер бойынша қызмет көрсету құзыры беріледі, ол несиелік портфельді бюджеттен тыс көздер арқылы да қорландыруға жол ашады. Кейбір деректерге сенсек, ауылшаруашылық саласымен айналысатын агроқұрылымдардың айналымында 7 трлн теңгеге дейін ақша жүр. Одан бөлек, Агробанк АӨК-ға қызмет көрсету арқылы жергілікті жердегі ақша ағыстарын бақылап, несие алушылардың несиелік жағдайын бағалай алады және несиелеу үрдісін айтарлықтай жеңілдете түседі.
– Қазақстанда су тапшылығы үлкен екені белгілі. Мұндай жағдайда ауылшаруашылық жерлерін суару мәселесін қалай шешуге болады?
– Қазақстанда су қоры тапшы. Осыдан келіп суды аса қажет ететін дәнді-дақылдарды өсіру көп қиындық туғызып жатыр. Мәселен, жазда қант қатты қымбаттап, көпшілік жұрт оның өзін таппай қалды. Бұл тапшылық келер жылы да, одан кейін де қайталануы мүмкін. Өйткені Үкімет бағаға шектеу қою, оны бір қолға мөлшерлеп беру сияқты әдістермен проблеманың себебімен емес, салдарымен күресіп жүр.
Мәселен, диқанға 100 гектар жерге қант қызылшасын өсіру үшін кем дегенде екі ұңғыма керек. Ал оны қаздыру құны әрқайсысы 10 миллионнан 20 млн теңге. Мұндай ақша қарапайым шаруаның қолында бола бермейді. Мемлекет осы қажет қаржыны субсидия арқылы шешіп берсе, жер-жерде көптеп қызылша да егіледі, қант тапшылығы да жойылады, қосымша жұмыс орындары да ашылады, мемлекет те пайда табады, ең бастысы сол арқылы азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ол үшін су қоймаларын, көктемгі қар суларын жинатын бассейндерді салу сияқты жұмыстарды қолға алған жөн. Одан бөлек, егістік жерлерді тамшылатып суару, жаңбырлатып суару деген сияқты жаңа технологияларды әкелген дұрыс.
Мен өзім Жамбыл облысының тумасымен. Облыста осыдан 10 жыл бұрын үш су қоймасын саламыз деген, әлі іс алға басқан жоқ. Оның екеуі Қордай ауданынан, біреуі Байзақ ауданынан салынуы керек болатын. Облыста 17 мың фермер бар, олардың бәріне су керек. Бұл мәселені көтеріп келе жатқаныма да, міне 10 жыл болды.
Сол себепті Үкімет жедел түрде егіншілікті суару бағдарламасын енгізуі керек. Ол үшін жерасты және ағын суларды пайдалану бойынша көпжылғы ауқымды бағдарлама қабылдануы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, су көздерімен айналысатын геологиялық зерттеулерге, су арналарын қалпына келтіруге, су үнемдеу жүйелерін орнатуға мемлекеттен жеткілікті көлемде ақша бөлінгені ләзім. Одан бөлек, инвестсубсидиялау бағдарламасына сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын қалыптастыруға (құдық қазу) және алқапты суландыруға байланысты шығындарды өтеуді енгізген жөн.
– Министрлік сіз айтып отырған мәселелерді білмей ме, әлде оған мемлекеттің ақшасы жетпей жатыр ма?
– Оған мемлекеттің ақшасы жетеді, тек атқарушы биліктегілер дұрыс шешім шығармай отыр. Сонымен қатар су шаруашылығын басқаруды да біресе бір ведомствоға, біресе екінші ведомствоға беріп, берекесін кетірді. Бұрын ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын, кейін Экологияға берді. Осы жерде бір қиғаштық бар: өнім шықпаса, мал өспесе АШМ-нен сұрайды, бірақ еш өнім сусыз өнбейді ғой, ал суға Экология министрлігі жауапты. Әйтсе де, оның егістік мәселесінен басқа да өзінің «экологиялық» проблемалары жеткілікті. Шалағайлықтың бәрі осыдан туындайды.
Кеңестер заманында Су шаруашылығы министрлігі жеке болды. Аудандардағы, облыстардағы ұңғыма қазатын, су арналарын салатын кәсіпорындардың барлығы соған қарады. Бұл тіпті шалғайдағы шаруашылықтардың суға деген қандай да бір мұқтаждықтарын жедел шешуге мүмкіндік берді. Сондықтан Су шаруашылығы министрлігі өз алдына жеке отау болып құрылса тіптен жақсы. Оның үстіне, біз АШМ-ды жал-құйрығын күзеп, таза жалаңаштап тастадық. Министрлік құрамынан Балық шаруашылығы, Су шаруашылығы, Орман шаруашылығы, Өңірлерді дамыту комитеті кетіп қалды.
Қазақстан аграрлық мемлекет болғандықтан, бұл саланы көтеруге бар күшімізді салғанымыз дұрыс. Ал АШМ көп министрліктің бірі болмай, Үкімет басшысына тікелей бағынатын вице-министр болғаны жақсы. Бұл мәселелерді мен талай көтеріп келемін. Өткенде Премьер-Министр Әлихан Смайыловпен жеке жүздескенде де осыны айттым. Сондай-ақ өткенде Президентпен кездескенде 2023 жылды «Ауыл жылы» деп жарияласаңыз екен деген өтінішімді жеткіздім.
– Фермерлердің қолындағы машина-техникалық парктің негізінен ескі екенін білеміз. Оны жаңартуға шаруаның жағдайы жете бермейді. Осы жағдай қалай шешіліп жатыр?
– Әрине, барды бар деп айтқан жөн. Президент тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 5 тамыз күні ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен 10 жылға 6 пайыздық несиемен алудың жаңа бағдарламасы іске қосылды. Бұл жақсы жаңалық. Жоғарғы биліктегілер қарапайым фермерлердің мұқтаждықтарымен санасып, жағдай жасап беруге ниеттеніп жатыр. Бірақ ол бәрібір жеткіліксіз. Бағдарлама бойынша лизингке бөлінген қаржы небәрі 1000 техника алуға жетеді. Ал бүгінде бізде оған деген қажеттілік – 20 мың дана.
Шаруаның қолындағы техниканың 80 пайызы ескірген. Сонда қазіргі қарқынмен біз техниканы 70-80 жылда бір-ақ жаңартып бітеді екенбіз. Сондықтан алдағы 5 жылда жоғарыда аталған бағдарлама бойынша қаржыландыруды ұлғайтып, мөлшерлемені 3 пайызға дейін түсіру қажет. Одан бөлек, мемлекет отандық ауылшаруашылық машиналарын жасаушыларды қолдай отырып, құрастырылатын техникаларды жерсіндіруді неғұрлым тереңдете түсуге көңіл бөлуі тиіс. Бұл бағытта комбайн мен трактордан басқа, тұқым себетін, жерді өңдейтін, тыңайтқыш шашатын, тағы басқа құрамдарды құрастыруды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Мәселен, жерді қопсытатын қарапайым құралдың өзін фермерлер Ресейден жылына 10 млрд теңгеге дейін сатып алады екен. Мұның бәрін өзімізде жасауға болады ғой. Ең бастысы, жасалатын техникалар мен агрегаттар ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің сұранысына сай болуы тиіс.
Біз айына 1-2 рет фермерлердің, облыстық шаруашылық басшыларының басын қосып, скайп-жиналыс жасаймыз. Сонда көтерілген проблемалар бойынша республикадағы ауылшаруашылық техникаларын шығаратын 5-6 зауыт басшыларымен, АШМ министрімен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдерімен, жалпы саны 5-6 министрлік комитет төрағаларымен біріккен жиналыс өткіздік. Оған 3 мыңдай фермер қатысты. Сол жерде салаға қатысты ең көкейкесті түйткілдер талқыланды. Осы жиналыс үлкен бетбұрыс болды. Жиын соңында ауыл шаруашылығы техникаларын жасаушылардың кеңесі құрылып, оның құрамына біз де кірдік. Кеңеске шаруа адамы үшін аса қажет деген техникалардың тізімін жасап, тапсырдық.
Содан мен осы мәселелердің бәрін қамтып, Президентке хат жаздым. Ол нәтижесіз де емес. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен алу туралы жаңа бағдарлама қабылданғанда онда көтерілген бірқатар шартымыз да енгізіліпті. Мәселен, лизинг үшін утильжинақтан түскен қаржыны пайдалану, техника сатып алғанда 15 пайыздық жарнаны төлеу туралы шартты алып тастау сияқты ұсыныстарымыз қанағаттандырылды. Сондай-ақ бір шаруашылыққа 205 млн теңгеге дейін техника алуға рұқсат етілді. Сөйтіп, бізге 40 млрд теңге бөлді, оның 30 млрд теңгесі утильжинақтан, 10 млрд теңге «Бәйтеректен». Бұл ақша ірі өндірушілерге емес, ең бірінші шағын және орта шаруашылықтарға бөлінуіне күш салдым.
– Экспорттық шектеулерге қалай қарайсыз? Мүмкін, ішкі нарықтың сұранысын отандық өнімдермен қамтамасыз етудің басқа жолдары бар шығар?
– Экспортты кез келген шектеу немесе бағаға қолдан бақылау қою – нарыққа жат тәсіл. Тұрақтандыру қорларына қатысты да осыны айтуға болады. Қайта әлденені шектегеннен гөрі әлеуметтік осал топтарға азық-түлікті сатып алу үшін арнайы төлем карталарын беру қажет.
Нарықта тауар қымбаттап кетсе, жұрт бағаны фермерлер көтеріп жіберді деп ойлайды. Бірақ ол олай емес. Мен жаз бойы жер-жерді аралап, ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің жағдайымен жете таныстым. Сонда облыс орталықтарынан шалғай аймақтарда жатқан шаруашылықтардың жақын жерден өнімдерін өткізетін орын жоқ екеніне көзім тағы бір жете түсті. Бұл қай өңірге де тән проблема. Кеңестер заманында ондай пункттер болған, қазір жоқ. Сондықтан алыпсатарлар ауылдағы фермердің малын арзанға алып, қалаға әкеліп, екі есе бағаға сатады, тіпті шетелге асырады. Сондай-ақ жергілікті халық тері-жүн тапсыратын орындарға да аса мұқтаж, әйтпесе олардың қолындағы шикізат текке рәсуа болып, күл-қоқыста босқа шіріп жатыр.
Қазақстанда 165 аудан бар. Оның қаншасы малмен, қаншасы егінмен, қаншасы басқа өндіріспен айналысатынын анықтап, соған қарай өңірлерде қабылдау пункттерін ашып қоюға болады ғой. Ондай жағдай кәсіпкерге де, тұтынушыға да қолайлы.
Бір ғана мысал айтайын, биыл Қазақстанда бидай 16 млн 70 мың гектардай жерге егіп, оның қазір 95 пайызы жиналып қалды, орташа 12,6 центнерден айналды. Қазір қамбада 19 млн тоннадай астық бар. Ауа райы қолайлы болса, әлі де түсім көбейеді. Міне, осы астықтың 6-7 млн тоннасы ішкі нарықты қамтамасыз етсе, 1-1,2 млн тоннасын жыл сайын «Азық-түлік корпорациясы» сатып алады. Бұл есепке тұқымдық қорды да қосыңыз, кептірілген өнім салмағының да жеңілдейтінін де есепке алыңыз. Сонда қалған 7-8 млн тонна бидайды сыртқа сатуға неге шектеу қойып, квота бекітілуі тиіс? Қайта диқанның артық өнімін экспортқа шығаруына қолдау көрсетілуі керек еді ғой...
– Астық өндірушілер бидайды жаппай сыртқа өткізетін болса, жергілікті диірмендерге шикізат жетпей қалмай ма? Үкімет астық экспортын шектегенде осы жайтты да ескерген болар?
– Бұл жерде ұн тартушыларға қатысты мынандай проблема бар. Трейдерлер диқандардан өнімін артық ақша төлеп, түп көтеріп сатып алып, оны шетелге өткізеді, олардың арасында өзара келісім бар. Астық өндірушілер мен ұн тартушылар арасында текетірес осыдан басталады. Бірақ еш мәселе тыйым салумен шешілмейді.
Осыдан 10-15 жыл бұрын республикада 2 000-ға жуық диірмен болған екен, қазір 160-ы ғана қалды, оны өзінің 50 пайызы жұмыс істемейді, өйткені шикізат жоқ. Ал егер мемлекет ұн тартушыларға астық сатып алуға субсидия берсе, олар өздеріне керекті бидайды диқанды қанағаттандыратын бағаға сатып алар еді де, мұндай тапшылық болмас еді. Бірақ оларда ақша жоқ. Бар келеңсіздік осыдан туындап отыр.
– Ауыл шаруашылығын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету жағы қалай?
– Алаяқтық әрекеттердің көбейіп кетуіне байланысты тұқым шаруашылықтарын жедел түрде қайтадан аттестациялаудан өткізу керек. Сондай-ақ АӨК Мемлекеттік инспекциясы комитетінің жанынан тұқым шаруашылығы жөніндегі инспекторлар қызметін қалпына келтіру керек. Егер тұқым немесе көшеттердің 10 пайыздан астамы импорт болса, оларды субсидиялауды қарастыру қажет (инвестициялық, тікелей және жанама субсидия). Ал оған бизнес ынта білдірмесе, тұқым мен көшетті квазимемлекеттік ұйымдарда өсіру қажет.
– Ауылдарда білікті кадрлар тапшы. Мамандарды жергілікті жерлерде ұстап тұру үшін не қажет?
– Ауыл мен ауыл шаруашылығын бөліп қарастыруға болмайды, екеуі егіз ұғым. Кейінгі жылдары Қазақстанның картасынан 1 300-1 400 ауыл жойылып кетті. Бұл жақсы емес, өйткені қазақтың қаны мен жаны ауылда.
Ауылдық жерлерде кадрлар мәселесінде көп қиындық бар. Білікті мамандар да, қатардағы қарапайым жұмысшылар да жетіспейді. Ауылда жағдай нашар болғандықтан, жансақтау үшін бәрі қалаға көшіп жатыр. Ауыл еңбеккерлеріне қаладағыдай жағдай жасалып, көптеп жұмыс орындарын ашу қажет. Аграрлық колледждер мен жоғары оқу орын бітірушілер ауылға қайтып оралмайды. Қазір механизаторлар, комбайншылар, токарьлар, зоотехниктер, ветеринарлар және тағы басқалары тапшы, болашақта тіпті таба алмай қалатын боламыз. Шағын фермалардың көпшілігінде шаруашылық басшылары өзі комбайншы, өзі тракторшы, өзі зоотехник әрі бухгалтер болып жұмыс істейді. Бұл проблема жылдан-жылға ушығып барады.
Заманауи инфрақұрылымсыз ауылдарда халықты күштеп ұстап отыру қиын. Сол себепті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыру үшін көп шығынға батып отыр. Бұл өнімнің өзіндік құнының қымбаттауына және инвестициялық мақсаттағы қаржыны азайтуға соқтырады. Сондықтан ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді зейнетақы қоры мен әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларынан басқа барлық салықтан босату қажет. Ауылдың әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын қалыптастыруға жұмсалған шығындардың 50 пайызын өтеу қажет. Бұл ауылдарға қосымша инвестиция тартуға және саланың табысын арттыруға, сондай-ақ еңбекақыны көтеруге және сырттан мамандар тартуға септігін тигізеді.
Ауылдық жерлерде 100-500 мың гектарға дейін егін егетін ірі шаруашылықтар бар. Олардың қожайындарының көбі Астанада тұрады. Олар жылына екі-ақ рет – көктемде егін себуге, күзде оны жинап алуға барады, олар жергілікті жерлердің жоғына қараспайды. Міне, мол табысқа кенеліп отырған осындай шаруашылықтардың ауылдың әлеуметтік жағдайына қарасып, инфрақұрылымын жасауға жұмылдыру керек. Ол бюджетке де көмек болады.
– Әңгімеңізге рақмет!