Зауыттан келер зауал
Зауыттан келер зауал
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
594
оқылды
Алматыдағы «Құлагер» шағын ауданында орналасқан Асфальт-бетон зауытына қатысты тұрғындардың арыз-шағым айтып келе жатқанына біраз жыл болды. Олармен бірге эколог мамандар да зауыттың қоршаған ортаға тигізер залалы жөнінде шырылдаудай-ақ шырылдап жатыр. Бірақ неге екені белгісіз, бұл мәселеге бас ауыртар ешкім көрінбей тұр. Соған қарағанда, мұның жуық арада шешілетін түрі жоқ секілді. Бұған әкімдіктің жауабы қандай? Жақында қала әкімі Ерболат Досаевтың Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде де бұл мәселе алдынан шықты. Бұл жолы әкімге сұрақты 12 жасар бала қойды. Ол өзі тұратын үйде кәсіпорыннан бөлінген зиянды иістің кесірінен шыжыған жаз айларында терезе аша алмай отырғанын жеткізді.
«Қателеспесем, асфальт-бетон зауыты көктемнен күзге дейін жұмыс істейді және зауыттан шығатын иіс өте жаман. Жазда пәтерде ыстық болған кезде, терезелерді аштық, бірақ иіс үйге кіріп, терезелерді қайта жабуға тура келді. Осыған қатысты қандай да бір шара қолданасыздар ма?» – деді «Құлагердің» 12 жасар тұрғыны Әлішер. Баланың сұрағына қала басшысы баласынбай жауап қайтарды. «Зауыттар бұрынырақ салынғанын айтқым келеді, қалаға да жол салу керек. Онда «Құлагерді» жобалаудың қажеті жоқ еді. Зауытты қала сыртына қалай шығару керегін ойластырамыз, бірақ бұл оңай шаруа емес. Тапсырма беремін», – деді әкім.
Әкімнің «ойластырамыз» деген екіұшты жауабына қарағанда, тұрғындардың зауытты қала сыртына көшіру туралы ұсыныстары жүзеге аспайтын сияқты. Аталмыш мәселеге қарай, әкім­дікке бірнеше сауал жолдаған едік. Қалалық Санитариялық-эпидемио- логиялық бақылау департаменті­нің бізге берген жауабына сенсек, өндірістік кәсіпорын маңайында тұратын тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ көрінеді. Олар­дың уәжінше, тұрғындар тұн­шығып отырғанын алдымен дәлелдеуі қажет екен.
 «Тұрғындардың «түтінге тұншығып отырмыз» деген шағымдары белгілі бір құжаттармен (айғақтармен) дәлелденуі қажет. Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары тарапынан жүргізілген арнайы тексеру жұмыстары барысында Кәсіпорын маңа­йында орналасқан тұрғын үйлер аумағынан зерттеуге алынған сынамаларда атмосфералық ауа құ­рамында ластаушы заттарды мөлшері санитариялық заңнамалармен бекітілген мөлшерден асқан жоқ», – деген жауап алдық.
Сонымен қатар Ұлттық сараптама орталығы да осы мәселені майшаммен қарап, ешқандай кінәрат таппаған көрінеді.
«Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне қарасты шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы Ұлттық сараптама орталығының Алматы қаласы бойынша филиалы мамандары «Құлагер» ша­ғын ауданы тұрғындарының жол­даған шағымына сәйкес, қыркүйек айының басында тұрғындардың қатысуымен түнгі уақытта атмосфералық ауаның сынамасын зерттеген болатын. Зерттеу барысында ауа сынамасының гигиеналық нормативтерге сәйкессіздік фактісі анықталған жоқ. Сонымен қатар филиал тарапынан әр тоқсан сайын тұрақты түрде жүргізілетін санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында кәсіпорынға жақын орналасқан Бөкейханов пен Серіков көшелерінің қиылысында және Ратушный көшесі,100 мекен-жайындағы қоныстанған аумақта маусым айында атмосфералық ауаның сынамасын зерттеді. Гигиеналық нормативтерге сәйкессіздік анық­талған жоқ», – деген жауап алдық.
«Кемшілік жоқ», бірақ айыппұл салынған «Зауыт төңірегінде ешқандай заңбұзушылық жоқ» деп жауап жолдаған мекеме өз жауаптарына қарсы мынандай мәлімет жіберіп отыр.
 «Асфальтобетон 1» ЖШС-ның өндірістік кәсіпорны Жетісу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында есепте тұрады және эпидемиялық мәні жоғары нысан ретінде жыл сайын тексеріліп тұрады. Биылғы маусым айында кәсіпорында ерекше тәртіппен тексеру жүргізіліп, тексеру барысында анықталған санитариялық заңнамаларды бұзу фактілері бойынша заңды тұлғаға 2 млн 450 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Кә­сіп­орын басшысына анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді». Бұл мәліметті бізге қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жолдап отыр. Ең қызығы, жоғарыдағы «тексеру кезінде гигиеналық нормативтерге сәйкессіздік анық­тал­ған жоқ», – деген жауапты да берген осы мекеме.
Сонымен, қала ішінде орналасып, маңайына айтарлықтай зиян келтіріп, сол үшін миллиондаған айыппұл арқалап отырған зауыттың келешегі қалай болмақ?
«Менің пікірімше, бұл зауытты қала сыртына көшіру керек. Ол зауыттан бөлінген түрлі қалдықтардан ауа мен қоршаған ортаға белгілі бір деңгейде залал келіп отырғанын бәріміз сезіп отырмыз. Оны неше жылдан бері айтып та, жазып та жүрміз. Түрлі себептерді алға тартады. Қанша айтылса да, көшпей отыруының тағы бір себебі – қолданыстағы санитарлық талаптарға енгізілген өзгерістерден деп ойлаймын. Мысалы, бұрын қала ішінде өндірістік кәсіпорын салу талабы тұрғын үйлерден кемінде 300 метр қашықтықта болуы керек еді. Соңғы жаңарған талапта бұл өлшем 150 метрге дейін қысқарды. Осыны басшылыққа алған зауыт болсын басқа да белгілі бір дәрежеде қоршаған ортаға зиян тигізетін орындар оңайшылықпен сырт аумаққа қоныс аударғысы келмейді. Олар үшін «құжат бойынша бәрі заңды», қалғанына бас ауыртпайды», – дейді эколог Әділ-Қасым Жарылқасынұлы.
Зауыттың кешенді және ағымдағы жөндеуді жиі талап ете беретін Алматы көшелерін жөндеуге қажетті асфальт, бетон өнімдерімен 100 пайыз қамтып отырған мекеме екені рас. Сонымен қатар қала бюжетіне де айтарлықтай көп мөлшерде салық төлеп отырған өндіріс ошағы екені де шындық. Президентіміз соңғы Жолдауында айтқандай, халықтың әл- ауқатын көтерумен қатар, денсаулығы бірінші кезекте тұруы керек емес пе? Біздің ойымызша, бұл мәселе атқамінерлердің әрдайым қаперінде болуы тиіс. Сондықтан тұрғындарды мазалаған бұл сауалдың да шешімі табыларына сенейік.

Алматы қаласы