Биыл 26 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру, сондай-ақ 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында көзделген міндеттерді іске асыру жөніндегі жұмыс шеңберінде Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ішкі істер органдарының жеке құрамымен кездесу өткізді. Кездесуге ведомстволардың басшылық құрамы, жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік және көші-қон полициясының, аудандық басқармалардың және Астана қаласы бойынша полиция департаментінің мыңнан аса қызметкері қатысты.
Спикерлер атап өткендей, құқықтық статистика органдарының статистикалық деректері сыбайлас жемқорлық қылмыстарының төмендеуінің оң динамикасын көрсетеді, алайда бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып және тұрақты бақылауда болуы тиіс.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Департаментінің бірінші орынбасары И.Базиловтың айтуынша, әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сәйкес ішкі істер органдарының қызметінде халықтың пікірінше, ең жемқор бөлімше көші-қон қызметі болып табылады:
«Бүгінгі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Полиция департаментімен бірлесіп көші-қон полициясы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде халықтың көші-қон саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілер мен ішкі процестер талданды, ақпараттық жүйелердің жеткіліксіздігі тәуекелдері, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың өз қалауы бойынша шешім қабылдауға мүмкіндігі бар бірқатар жағдайлар анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда».
Өз кезегінде Астана қаласы полиция департаментінің бірінші орынбасары Б. Малыбаев жүргізілген алдын алу жұмыстары құқық қорғау органының имиджіне оң әсерін тигізетінін атап өтті:
«Бүгінде әлеуметтік желілер мен БАҚ көрші елдерден келетін азаматтардың көбеюі туралы ақпаратты тұрақты негізде жариялап отырғанда, халықтың көші-қоны мәселелері ерекше бақылауға алынды. Бірлескен жұмыс Ішкі істер органдары қабылдайтын шешімдердің заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді».
Сондай-ақ, іс-шара барысында «Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын» іске асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықта, адал және сатылмайтын қоғам идеологиясын ілгерілетуде келісімге қол жеткізді.