Үкіметке азық-түлік бағасын ұстап қалу бәрінен маңызды болып тұр, себебі Президент инфляцияны құрықтай алуы не оған мүмкіндігінің жетпеуі Смайылов Үкіметінің шама-шарқын, оның алдағы тағдырын айқындайтынын анық білдірген. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, онсыз да экономикалық дағдарыс салдарынан басқа шауып, төске өрлеген қымбатшылықты Ресейдегі жұмылдырудан қашқандар тасқыны тіпті өршітті. Осы орайда сарапшылар мемлекеттік Аграрлық банкті құру мәселесі қайта өзекті болғанын алға тартады. Өйткені коммерциялық банктер ауыл шаруашылығын несиелендіруді қойып барады.Әлемді асырамас бұрын өзіміз тойынайық
Осыдан он жылдай бұрын Үкіметте «Қазақстан бүкіл әлемді асырай алады» деген сөз сән болатын. Осы арқылы еліміздегі аграрлық саланың аста-төк әлеуетін меңзейтін. Алайда мемлекет сол мол мүмкіндікті пайдалана алмады. Қазіргі кезде қант, тауық еті, көкөніс, жеміс-жидек сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша импортқа тәуелді болып отыр. Ресей-Украина қарулы жанжалы салдарынан, жаһандық инфляцияның шығандауы Қазақстанның ахуалына теріс ықпал етті. Екі жыл бұрын 10 мың теңгеге дүкеннен үш пакет тауар арқалап қайтатын жұрт қазір сол сомаға бір пакетті әзер толтыра алатын жағдайға жетті. 2020 жылы бір келісі орта есеппен 188 теңге ғана тұрған құмшекердің бағасы биыл 900 теңгеге дейін, яғни 5 еседей қымбаттады. Әрине, бүгінде ол баға орта есеппен 470 теңгеге түсті. Бірақ мұның өзі екі жыл бұрынғыдан 2,5 есеге көп.
Ата-бабадан мұраға қалған ұлан-байтақ дала ұқсатып, ұтымды пайдалана білсе, шынымен, бүкіл адамзатты асырауға жәрдемдесе алар еді. Олай болмаған соң Үкімет өзге түгіл, өз халқымызды да арзан азыққа қарық қыла алмады.
Мемлекет басшысы дамыған агроөнеркәсіп кешенінсіз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтуға болмайтынын нықтады. Бұл жердегі басты бір проблема – мерзімі ұзақ әрі арзан кредиттің жоқтығы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып тұрғанын» мәлімдеді. Оның мәліметінше, Қазақстанда шағын және орта бизнесті (соның ішінде ауыл бизнесін) қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Бұл қазіргі бағаммен 20,3 триллион теңгеге пара-пар. «Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр», – деді Мемлекет басшысы. Отандық екінші деңгейлі банктерде 11 триллион теңгеден астам жоғары өтімділікті актив, қаражат жатыр. Олар аграршыларды несиелендіруге қызықпайды.
Салыстыру үшін айтсақ, Батыс Ресейге басқыншылығы үшін ауыр санкциялар енгізгенде, шетел сарапшылары оның экономикасы күйреп, халқы қатты күйзеліп, Венесуэла, Ауғанстандағыдай көшеде аштықтан бұратылып, құлай бастауы мүмкін деген үрейлі сценарийлерін жариялап жатты. Бірақ олай болмады. РФ басты банкі – Ресей Банкінің өкілі, қаржыгер Марина Асарәлиеваның айтуынша, биыл ресейлік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер банк заемдарын алуды еселеп арттырды. Агробизнес кредиттерінің жалпы портфелінің шамамен жартысы – Новосібір облысы мен Алтай өлкесінің еншісінде.
Ал қазақстандық аграршылар мысалы, ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен алу бағдарламасы аясында заемды 17 пайыздан алуға мәжбүр.
Саланы түйткілдер мен тұйықтар сандалтты
Атап өтер жайт, әлемде өркениетті елдерде де фермерлер бүкіл шаруашылығын кредитке жүргізіп, өркендетеді. Мұнсыз алға басу қиын. Бұл тұрғыда қазақстандық аграршылардың екі қиындығы бар: бір жағынан, комбанктер ауыл бизнесіне несиесін аса қымбатқа береді. Екінші жағынан, аграршыларды несиелендіргісі келмейді. Сондықтан биылғы Жолдауында Президент Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне және Үкіметке тізе қосып, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтуға нақты шешімдер қабылдауды тапсырды. «Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибе бар», – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда сарапшылар жеке Ауыл шаруашылығы банкін ашу идеясына қайта оралды. Себебі диқандар қазіргі нарықтағы несие серіктестіктерінен несие алу үшін құжаттарды дайындау, рәсімдеу өте ұзақ уақыт алатынына, несиелер тек қысқа мерзімге берілетініне
әрі сол несиенің өзіне көпшілігінің қолы жете бермейтініне шағымданып жүр. Сондықтан таяуда бір топ Парламент депутаты Үкіметке Аграрлық банкті құру бастамасымен шықты.
«Біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер Ресей, Беларусь өндірушілерімен тең бәсекеге түсе алмайды. Өйткені бұл елдердің шаруаларының жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін, бөлімшелері барлық ауданда орналасқан Агробанктері жұмыс жасайды. Біріңғай экономикалық кеңістікте бірдей жағдай жасау және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отандық шаруалардың бәсекеге қабілетін арттырып, арзан, ұзақмерзімді несиелер беру үшін осы кезге дейін Парламент қабырғасында бірнеше рет көтерілген, бірақ шешімін таппай жатқан мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкін ашу мәселесін арнайы қарауыңызды, оның оң шешілуін бүкіл шаруа күтіп отырғанына назарыңызды аударғымыз келеді», – деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы депутаттық сауалында.
«Әрине, біз мал шаруашылығын жемазықпен қамту, жайылымдық қой өсіру, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын шығару сияқты маңызды мәселелерге салмақты назар аударып жатырмыз. Бірақ аграрлық сала табысты дамуы үшін қаржыландырудың қолжетімсіздігі сияқты жылдар бойы қордаланған түйткілді проблемаларын шешу талап етіледі», – деді ол. Алайда С.Омаров ізінше Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған соң бұл бастамасынан тез бас тарта қойды. Бірақ қордаланған мәселелер сол бойы шешілмеді.
Жаңа Үкімет неге ескі дәйекке үйір?
Сарапшылардың байламынша, жаңа Агробанкке ауыл шаруашылығы саласына бағытталған барлық субсидия мен дотацияны беруге болады. Әйтпесе, несиесін арзандату үшін коммерциялық банктерге берілген субсидиялар аграршыларға жетпей жатады. Банкирлер не нысаналы мақсатына жұмсамайды, не мемлекетке қайтармайды. Бөлінген қаражатты бақылаудың жолға қойылған жүйесі де жоқ. Оның соңы былтыр Антикор, Қаржылық мониторинг агенттігі және басқа да құзырлы органдардың аграрлық облыстардың бәрінде дерлік субсидиялардың талан-тараж болуы деректерін ашуына қатысты жанжалға соқтырды.
Есеп комитетінің тұжырымдауынша, субсидиялауды өңірлер арасында бөлу кезінде әр облыстың ауыл шаруашылығы әлеуеті ескерілмейді. Мемлекеттен мол субсидия алған агрокешендер жобалық қуатына шыға алмаған, жобаларын іске қоспаған, кейбірі жабылып тынған. Дұрысы, субсидияларды нақты даму жоспары бар, өз тәуекелдерін сақтандырған, өз ісінде нақты әрі ірі жетістіктерге жеткен аграршылар алуы тиіс еді. Жеке Агробанктің білікті мамандары осының бәрін бағалап, салмақтауы керек. Әлемдік тәжірибеде солай. Ал бізде субсидия таратумен не жеке банктер, не жартылай жекеменшік порталдар айналысып келді. Олардың көздегені ауылды дамыту емес, пайда табу.
Қазір Қазақстанның аграрлық саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа жүйесінің жобасы талқыға салынып жатыр. Саланы тұйықтан алып шығуы тиіс ойын ережелерін қабылдауға аз уақыт қалды, әлемдегі күрделі жағдай аясында жайқалып жүруге мүмкіндік жоқ.
«Атамекен» палатасының Агроөнеркәсіп кешені комитеті де мамандандырылған қаржы институтын – Агробанкті құратын кез келгенін мәлімдеді. Себебі тәжірибе көрсеткендей, кредит ресурстарының тапшылығы қазақстандық фермерлердің аяғына тұсау болып отыр. Палата комитетінің ұстанымынша, Аграрлық банктің қызметі жеке заңмен реттелуі керек. Аталған банкті Үкімет жеткілікті көлемде қаржымен қамтамасыз етуі шарт. Нәтижесінде, ол біртіндеп, аграрлық сектор субъектілерінің арзан әрі ұзын несиеге деген қажеттілігін толық өтеуі тиіс. Бұл ретте ұлттық палата комитеті банктің бүкіл кредитінің кем дегенде 50 пайызын ұсақ және орта фермерлерге бағыттауды ұсынды.
Олай бекітпесе, банктің тым тартымды несие ресурстарын сала олигархтары өзара таратып алуы мүмкін. Осындай жеке банкті құру, соның көмегімен АӨК субъектілері мен ауылдағы кәсіпкер азаматтарды қаржыландыру Үкіметке саладағы қаржы ағынын бақылауға, олардың қаржылық хал-ахуалын біліп, бағалап отыруға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекет саланың тамырын басып, онда қалыптасқан жағдайды, оның өзгерістерін дер кезінде біліп отырады.
Дегенмен әзірге Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жеке Агробанкті құру идеясын құптамады. Ол осы байламын депутаттарға жауабында хабарлады. Оның айтуынша, қазір «Байтерек» ұлттық холдингі өзінің мамандандырылған еншілес компаниялары арқылы агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржыландыруды жүзеге асырады. Оларға кредит беру және лизинг қызметтерін ұсынады. Ал «мамандандырылған банктің функционалы мен қызметі экономиканың тек бір саласына қызмет етумен ғана шектеледі».
«Агробанк қаптаған банк операцияларының бәрін бірдей орындай алмайды. Агробанктің тар мамандануы салдарынан, оның тәуекелдері қордаланып, жоғары шоғырланады, яғни тәуекелдерін әр салаға бөліп, әртараптандыра алмайды. Ал салымшылар қаржылық қызметтердің толық спектрін алуға болатын әмбебап банктермен жұмыс істеуді қалайды. Сол себепті тар мамандандырылған мемлекеттік, кооперативті банк халықтың депозиттерін тартуда қиындыққа тап болады. Бұған табыстылықтың төмендігі және жоғары, әртараптандырылмаған тәуекелдер қосылғанда, оның қаржылық жай-күйінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Агробанкке бюджет қаражатын одан ары молынан құю талап етілмек. Осы айтылған негізінде Агробанк құру орынсыз деп есептейміз», – деді Премьер Ә.Смайылов.
Жасыратыны жоқ, бұл – бұрынғы Үкіметтер алға тартқан ескі дәйектеме. Не десек те, талқылау жалғасуда. Ал Смайылов Үкіметіне Мемлекет басшысы ескі сүрлеумен салып-ұрып жүре бермей, жаңа жолдар, креативті тәсілдер табуды тапсырғаны есте.