Бизнесті қорғау күшейтіле түспек
Бизнесті қорғау күшейтіле түспек
440
оқылды
Осы аптада Бас прокуратурада Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, «Атамекен» ҰКП, негізгі министрліктер басшыларының, Парламент депутаттарының, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар, бизнес және адвокаттық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу бойынша тапсырмаларын іске асыру қорытындылары талқыланды. Жиынға бейнебайланыс арқылы өңір­дегі құзырлы органдардың басшылары қатысты. Аталған шара дәстүр бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палата­сымен бірге ұйымдастырылып отыр. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Олар – Мем­лекет басшысының бизнесті қорғау жө­ніндегі тапсырмалары шеңберінде про­куратура органдарының жұмыс нәтижелері мен алдағы міндеттері, осы саланы цифр­ландыру туралы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғау жөніндегі экожүйесі. Іс-шараны ашқан Бас прокурор Берік Асылов қазіргі жаһандық сын-қатерлер мемлекет және кәсіпкерлер үшін де жаңа «ойын ере­же­лерін» талап ете­тінін айтты. Сондықтан өзара әрекет етудің жаңа деңгейі қажет бо­латынына назар ау­дарды. Бұл, ең ал­дымен, бизнесті заңсыз тек­серулерден және әкімшілік кедергілерді қыс­қартудан қор­ғауға, кәсіпкерлерді қыл­мыстық шең­берге негізсіз тарту фактілерінің жолын кесуге, сондай-ақ осы салаларды цифр­ландыру мен автоматтандыруға қатысты.
«Президент халыққа Жолдауында ­«Аза­мат–Бизнес–Мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгерту міндетін қой­ды. Мемлекеттік органдардың бизнеспен бүгінгі, кездесуі осы тапсырманы іске асыру аясында өткізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында тексеру­лерді 7 есеге қысқартуға қол жеткізілді. Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі автомат­тандырылған жүйе арқылы жыл сайын мыңдаған заңсыз тексерулердің жолын кеседі. Соңғы бір жарым жылда 35 мың кәсіпкерге қатысты 1,5 млрд теңгенің әкім­шілік айыппұлдары алып тасталды», – деді Берік Асылов.
Бизнес өкілдері Бас прокурордың биыл­ғы 2 қыркүйектегі қылмыстық қудалау органдарының атына адал кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тартудан қор­ғайтын тетіктер мен нақты ережелер жа­зылған Нұсқауын оң бағалады. Жаңа талап­тарды орындау қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетіп отыр. Егер бұрын кәсіп­керлерге қатысты ай сайын 150-ге жуық қылмыстық іс тіркелген болса, қазір олардың саны төрт есеге азайды. Жалпы, биыл бизнес субъек­тілеріне қатысты заңсыз қозғалған 400-ден астам қылмыстық іс тоқтатылды. Сондай-ақ қадағалау органында бизнестің әрдайым заңнама талаптарын сақтай бермейтіні атап өтілді. Қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру, салықтан жалтару, капиталдың жылыстауы жалғасып келеді. Әсіресе, үлестік құрылыста, еңбек құқықтарын және басқа да салаларда бұзушылықтар кездеседі. Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов прокуратура органдары құрылып жатқан экожүйенің маңызды бөлігі, ал кәсіпкерлер мен негізгі министрліктердің қадағалау органы ала­ңында кездесуі прокуратура органдарының бірлескен диалогқа ашық екендігінің тағы бір дәлелі екенін жеткізді.
«Бүгінде Ұлттық палата өз қызметін трансформациялап және салалық сарап­таманы күшейтіп жатыр. Бұл мемлекеттік органдармен бірдей деректерді талдауға мүмкіндік береді. Трансформацияның маңызды бағыттарының бірі – бизнесті қорғаудың экожүйесін құру. Сәуірде Мем­лекет басшысы мені қабылдағанда бұл бас­таманы қолдады. Бизнесті қорғау эко­жүйе­сінің негізін, бірінші кезекте, прокуратура органдары құрауы тиіс. Мемлекет басшысы: «Құқық қорғау органдары тарапынан анық­талған рейдерлік немесе негізсіз қысымның әрбір фактін бас прокурор жеке бақылауы тиіс», – деп атап өткен болатын. Ендеше биз­нестің жұмысына заңсыз араласу мем­лекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қаралуы керек. Осы бағытта біз Бас прокуратурамен бірлескен жұмысты бастап кеттік. Тиісті алгоритмдер әзірленді, жер­гілікті жерлерде кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласуға қатысты түскен өтініштерге талдау жүргізілді. Бұл талдаулар кәсіпкер­лердің басым бөлігі полиция, экономикалық тергеу қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызмет, Ұлттық қауіпсіздік қызмет­керлеріне шағымданатынын көрсетті», – деді Райымбек Баталов.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов проку­ра­тура органдарымен тиімді ынты­мақ­тастық туралы баяндады. Бизнес-ом­будс­мен олар­ды шешу үшін аумақтық про­курорларды жұмылдыруды қажет ететін кәсіпкерлердің бірқатар проблемасын ортаға салды. Сондай-ақ ол бір жылдың ішінде қыл­мыстық іске тартылып, сотталған кәсіп­кер­лердің саны 30 пайыз өскеніне назар аудартты. Айтуынша, Қылмыстық кодексте бизнеспен байланысты 118 бап бар екен.
«Бізде бизнесті қылмыстық процеске тарту процесін бағалау Қылмыстық ко­декстің 34 құрамы бойынша жүргізіледі. Одан бөлек, кодексте кәсіпкерлік қызметке қатысты тағы 84 бап бар. Бұл барлығы 118 бап бар деген сөз. Мысалға, коммерциялық ұйымдардағы «өкілеттігін теріс пайдалану» (250-бап), «жосықсыз құрылыс» (278-бап), «бөтен мүлікті иемдену» (189-бап) баптарын келтіруге болады. Осы ретте қылмыстық істер мен сотталған адамдардың саны жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2020 жылы 51,3 мың қылмыс тіркеліп, 3,9 мың адам сот­талған болса, 2021 жылы 58,5 мың қылмыс жасалып, 5,1 мың кәсіпкер жазаланған. Өсім тиісінше 14% және 30% болды. Бұл деректер қылмыстық қудалау органдарының бизнеске қысымы күшей түскенін аңғар­тады», – деді ол.
Сондай-ақ бизнес-омбудсмен қылмыс орбитасына іліккен кәсіпкерлерді түзеу мекемелеріне қамамай, керісінше еселенген айыппұлмен жазалауды ұсынды. Кездесу соңында бизнесті қорғау бойынша 2023 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданды.