Шетелде оқу қол жетпейтін арман емес – Қарлығаш Есжанова
Шетелде оқу қол жетпейтін арман емес – Қарлығаш Есжанова
1,365
оқылды
Қарлығаш Есжанова – Ливерпуль универ­ситетін­де грант­пен оқыған атырау­лық. Оған әлі күнге дейін шетелдік ғылыми орталық­тардан шақыр­тулар келіп тұрады. Бірақ Қарлығаш өзінің білі­мін қазақ жас­тарын дамытуға ар­нап жүр. Аты­рау қала­сындағы Назарба­ев зияткерлік мектебінде эколог болып еңбек еткен Қарлығаштың жиырмадан астам шәкірті бар. Олардың ара­сында Польша, Венгрия, Канада елдерінде оқып жатқан­дары бар. Бүгінде Абай орталығы жанындағы Jas-Space кеңістігінде Қар­лы­ғаш Есжанова оқушыларға STEAM бағытта білім беру ісіне үлес қосуда. – Шетелге түсу туралы ой қалай туды? Ливерпульға оқуға қалай түстіңіз?Шетелде оқу – қол жетпей­тін арман емес. Алдына мақсат қойған адам өзі қалаған универ­ситетіне оқуға түсе алады. Және Батысты көру үшін міндетті түрде қалталы отбасынан шығу керек деген түсініктің де қате екенін айт­қым келеді. Өйткені қара­пайым отбасынан шыққан менің шетелде грантта оқуым – бұл сө­­зі­ме толықтай дәлел деп ой­лай­мын. Бала кезімде Dicovery, National Geographic телеарналарын көп қарайтынмын. Онда түрлі ғылыми бағдарлама көрсетіліп жататын. Үлкен ғалымдар, са­рап­шылар сұхбат беріп, зерт­теулері туралы айтып жатқан кез­де «мен де осындай ғалым болсам» деп қиялдайтынмын. Сөй­тіп, 10-сыныпта оқып жүр­генімде шетелде оқимын деп өзі­ме мақсат қойдым. Бірақ нақ­ты қай елде, қандай университетте оқимын деп бас қатырмадым. Сол кездегі балаң көңілім тілді білуім керек екенін түсінді. Сөй­тіп, саналы түрде өз бетіммен ағылшын тілін оқи бастадым. Қосымша тіл курсына жазылдым. Мен үшін экология саласы өте қызық болды. Әдетте экологияны біз мұнай, газ өндірісімен бай­ла­ныстырып қана шектеп жатамыз ғой. Шынтуайтына келгенде, экология – қала, ауыл, таби­ғатпен ғана емес, адамның жаны­мен де тығыз байланысты ғылым. Осы жағынан келгенде, шетел­дердегі оқу процесі маған көп нәрсе береді деген сенім болды. Сөйтіп, 10-сыныпты бітір­геннен кейін әлем универ­ситеттері туралы ақпараттарды жинақтай бастадым. Англия ағылшын тілінің Отаны болып саналады. Сондықтан Ұлы­британиядағы универ­ситет­терді қарастыра келе, Ливерпуль университетін таңдадым. Ата-анама өз шешімімді айттым. Әри­не, үлкендер қарапайым от­басынан шыққан балаға шетелде оқудың қиындықтары, жолдың ұзақтығы сияқты мәселелер бо­ла­тынын білді. Бірақ менің ше­шімімді құрметпен қабылдап, батасын берді. – Сонымен, шетелдегі алғаш­қы күндеріңіз қалай өтті? – Арманымдағы ағылшындар еліне ұзақ жол жүріп бардым. Қыркүйек айының аяғы болатын. Атырау – Алматы, Ал­маты – Амстердам, Амстердам – Ливер­пуль бағытында ұштым. – «Кәмелетке толмаған бала жат жерге жалғыз өзі қалай жет­ті?» деген сұрақ туындап отыр... – Халықаралық университет болғандықтан, білім ордасында шетелдік студенттермен жұмыс істеудің өзіндік кешенді жоспары бар. Ұлыбританияда менің Грейс есімді қамқоршым болды. Ол кісімен бірде-бір рет кездесіп көрген емеспін. Бірақ пошта арқылы хат алмасатынбыз. Грейс ханым маған жол бойы хабарласып, қалай жүру керек, қайда бару керек екенімді онлайн форматта түсіндіріп отырды. Ливерпульға барған алғашқы күні адасып кеттім. Келісім бо­йынша мені студенттер жатақ­ханасына орналастыруы тиіс бо­латын. Бірақ такси әкеліп тү­сір­ген ғимарат мүлде басқа бо­лып шықты. Ескі, жұқалап айт­қанда, «қараусыздау қалған» ғи­марат­ты көрген кезде ата-анама хабарласып жылағым келді. Сәлден соң өзімді жинақтап, қолымдағы нұсқаулықты оқи бастадым. Сол жерде хостелдің атауын және мені орналастыруы тиіс кампустың мекенжайы мен атауын оқығаннан кейін таксидің шатасқанын түсіндім. Сөйтіп, қайтадан такси шақырып, сту­дент­тер жатақханасына орналас­тым. – Жат елге келген адам ретінде бастапқыда қандай да бір қиын­дықтар болды ма? – Мен үшін басты қиындық ағылшын тілі болды. Себебі ағылшын тілінен базалық білімім ғана болатын. Ал ағылшын тілін­де университетте оқу үшін, тілдің деңгейі жоғары болуы керек. Ағылшын тілінде еркін сөйлесе алмайтынмын. Аты-жөнімді ай­тып, сұрақтар қоя алғаныммен, ойым­ды ашық жеткізуде қина­латынмын. Сол кезде маған теле­фонымдағы Google аудармашы қосымшасы және қимыл-әрекет тілі көп көмек берді. Оның үсті­не, ерекше атап өтерлігі, Ливер­пуль университетінде халық­аралық студенттермен жұмыс істеудің жылдар бойы жинақ­тал­ған тәжірибесі болатын. Ондағы қызметкерлер шетелдік студент­тердің жаңа ортаға тез бейім­делуіне айтарлықтай ықпал етті. – Университетке бірден қа­был­дандыңыз ба? – Ливерпульдағы бірінші жылды колледжге арнадым. Яғни, сынақ нәтижесі бойынша, Ливерпуль халықаралық кол­леджінде грантта оқыдым. Бұл – шетелдік студенттердің жаңа ортаға бейімделуі үшін жасалған әдіс. Әрі мектептегі 12 жылдық оқу процесінің есебінде болатын. 12 -сыныптың оқу бағдарламасын толық ағылшын тілінде мең­гердік. Түсінгенім, кез келген тіл­ді меңгеру үшін бейтаныс тіл­де сөйлейтін ортаға түсу керек екен. Сол жылдары Ли­верпульда қазақ және орыс тілін­де сөйлей­тін студенттер болған жоқ. Ли­вер­пульді таңдауымның себебі де осы болатын. Сондық­тан жаңа орта маған ағылшын тілінде сөйлеуді үйретті. – Ливерпуль туралы айта отырсаңыз. Ливерпуль қандай қала? Ол жақтағы адамдардың мінезі, табиғаты қандай? – Маған Ливерпуль қаласы қатты ұнайды. Ондағы адамдар да ерекше. Мәселен, ағылшын­дарға шеттен келген кез келген адамның елі туралы білуі өте қы­зық. Кез келген шараларда олар менен Қазақстан туралы сұрайтын. Қазақтың дәстүрі, жері туралы көп әңгімелейтінмін. Мәселен, университеттегі лек­ция уақыттарында студенттер өз­дері­нің елдеріндегі салт-дәс­түрлер туралы әңгімелейтін. Тұ­сау кесу, бесікке салу, құда түсу, сырға салу туралы айтқанымда, олар біздің дәстүрімізге қызы­ғатын. – Ұлыбританияда тіл мәселесі қалай екен? – Ұлыбританияда мемлекет­тік тіл – ағылшын тілі. Неміс тілінің «екінші тіл» ретіндегі мәртебесі бар. Шотлан, француз тілінде сөйлейтін азаматтар да бар. Ливерпульдықтарға бәрі қызық. Олар жаңаны білуге және көмек көрсетуге дайын тұрады. – Оқудан тыс уақытта Ливер­пуль студентінің өмірі қалай өтеді? – Әлеуметтік жағынан аз қам­тылған отбасыларға көмек беретін қоғамдастыққа мүше болып, волонтер ретінде жұмыс істедім. Кампус аумағында бау-бақша болатын. Онда түрлі жеміс-жидек өсіретінбіз. Өнім піскен кезде жинап алып, әлеу­меттік жағынан аз қамтылған отбасыларға таратып жүрдік. Сонымен бірге «Жасыл қолдар» деген ұйым бар. Ұйым аясында балалар ойын алаңдарын салумен айналысып жүрдік. Уақыт өте келе, университет жанындағы «Теңіз және мұхит» бағытындағы қоғамдастыққа волонтер бол­дым. Бұл жол менің ғылыми тұр­ғыда өсуіме өз септігін тигізді. Біз зерттеу жасап жүрген ғалым­дарға көмекші болатынбыз. Теңіз, мұхиттарға зерттеу жасап жүрдік. Елге келген соң Қазақстанның биоалуан түр­лі­лігін сақтау жөніндегі ұйымда волон­тер болып, «Алтын дала» табиғи резерватында ерікті ретінде қызмет еттім. – Әдетте қыз балалар жағы шетелде оқыған соң сол жақта қалып қойып жатады. Тұрмыс құрады. Сіздің елге оралуыңызға не себеп болды? – Мен екінші жоғары ғылыми дәрежесі бар эколог маманмын. Университетті бітіргеннен кейін маған түрлі халықаралық ұйым­нан жұмысқа шақыртулар келді. Бірақ Ливерпульда қалғым кел­меді. Иә, ол жақта керемет мүм­кіндіктер бар. Алайда отбасым бәрінен биік тұрды. Өйткені от­басы­нан келіп жатқан қолдаудың құндылығы жоғары еді. Және шетелде алған білімім мен тәжірибемді өз елімді дамытуға қолдана алатынымды да жақсы түсіндім. – Қазақстан өзіне шетелдегі қандай білім тәжірибесін алуы керек деп ойлайсыз? – Қазақстандағы білім беру деңгейі қазір дамыды. Техни­калық жабдықтау, отандық ма­ман­дардың білім квали­фикация­сы халықаралық деңгейдегі білім ұйымдарынан кем түспейді. Айталық, Ұлыбританияда да, Қазақстанда да шетелдік ғалым­дар лектор болып, сабақ беріп жүр. Ақпараттық технология жағынан да даму бар. Көптеген құнды курсты онлайн форматта оқып, меңгеруге болады. Десе де, шетелден алатын оң тәжірибелер де бар. Мәселен, экологияны біздің елде зертхана деңгейіндегі зерттеулермен оқытумен шек­тейді. Ұлыбританияда экология­ны оқу үшін, Уельс штатынан бастап, көне Англияға дейін тұтас елді аралап шықтым. Яғни, экология сабақтары университет шеңберімен шектеліп қалмайды. Табиғатқа, теңізге шығу сияқты практикалық сабақтар көп бо­лады. Ұлыбританияда кез келген жерде ғылыми-зерттеу орталық­тары бар. Әсіресе, таудың етегін­де осындай орталық көп. Егер Каспийдің немесе Жайықтың жағасында осындай ғылыми-зерттеу орталығы тұрса және ол оқушыға да, студентке де, ға­лымға да қолжетімді болса, ғы­лым жаңа деңгейге көтерілетін еді. – Сұхбатты қорытын­ды­ла­сақ... – Жастар дамуды тоқтатпау керек. Мейлі, ол ағылшын, француз, қытай тілі болсын, жаңа тілді меңгеру адамға білім алуға көмектесетінін саналы түрде түсінсек деймін. Яғни, тілді меңгеру – адамның болашағына салынған инвестиция.