"Қазақ тілі – мәмбеттердің тілі. Ол рас" – журналист
"Қазақ тілі – мәмбеттердің тілі. Ол рас" – журналист
7,849
оқылды
Белгілі журналист Ирина Тен әлеуметтік желідегі парақшасында "Мәмбет" сөзінің мағынасын түсіндірді. Ол қазіргі жастардың санасына «Мәмбет» деген сөз бір қараңғылықтың, надандықтың баламасы болып қабылданатыны жасырын емес екенін айтады.
"Қазақ тілі - мәмбеттердің тілі. Ол рас. «Мәмбет» сөзінің мағынасын түсіне білгенге. Қазіргі жастардың санасына «Мәмбет» деген сөз бір қараңғылықтың, надандықтың баламасы болып қабылданатыны жасырын емес. Ауылдан келген болса, кез келген біреу сәл мәдениетсіздік танытса, орысшаға тілі сәл шорқақ болып жатса, тіпті жол ережесін бұзса бейтаныс біреуді осылай атай салатындар бар енді. Ендеше білмегендермен бөлісейін, білетіндердің есіне салайын", - дейді журналист.
Ол Мәмбет – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың құрметіне қойылған есім екенін атап өтеді. Сөз түбірі арабтың «хәмд» мақтау сөзімен төркіндес. «Мұхәммәд», «әхмәд» сөздері мақтаулы, мадақтаулы деген мағынаны білдіреді.
"Ал тарихта үш жүздің басын қосып, ел бастаған Абылай ханның сенімді серігі болған Мәмбет батыр Күнбасұлының, Сыр еліне аты белгілі Мәмбет әулие Олжабайұлының есімдері кездеседі. Оны бірі естісе, екіншілері мұндай адамдардың болғанынан да бейхабар. Так что, кім де кім дейді, екінші біреуді кемсіту, төмендету мақсатында “мәмбет” деп атаса, өзінің білімсіздігін әлемге паш еткені дейді. Әлем демей-ақ қойсақ та, өзіне және “қарсыласына” кімнің шынымен қараңғы екенін түсінуін жеңілдетеді. Сонымен, қазақ тілі - мәмбеттердің тілі", - деп жазды Ирина Тен.