Кез келген ел азаттыққа қол жеткізген күнін ардақ тұтады, басқа мерекелерден айрықша қастерлейді. Мысалы, АҚШ-тың Голливуды 4 шілдеге арнап қаптаған көркемфильм түсірді. Америкалықтардың көбі бұл мерекені Тәуелсіздік күні емес, жай ғана «Төртінші шілде» деп атайды. Қазақстан биыл алғаш рет 25 қазанды ұлттық мереке ретінде атап өтпек. Ол мейрам «Республика күні» деп аталады. Қазақстан бұл мерекеден 2009 жылы бас тартты. Сонда ол қадамға неге барды? Қазір оны қалпына келтірудің қандай қажеті болды? Мерекеден неге бас тартты? Республика күні жас мерекелердің қатарында саналады. Ол сонау 1992 жылдан бері атап өтілгенімен, мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілді. Содан ресми түрде 8 жыл ғана мерекеленді. 2009 жылғы сәуірде бірінші Президент Республика күні алып тасталған жаңа «Мерекелер туралы» заңға қол қойды. Сарапшылар бұл қадамға таңғалды. Себебі оны жоюға еш қажеттілік те, сұраныс та, себеп те жоқ еді. Қайта тынығуды жаны сүйетін халық бір демалыс күнінен айырылып қалғанына қамықты. Республика күнін әкімдіктер, министрліктер кеңінен атап өтетін. Азаттықты ұлықтайтын сөздер айтылып, түрлі концерт, фестиваль ұйымдастырылатын. Бұл бодандықтан арылып, бостан күнге жеткенімізді, ата-бабаның аңсарлы арманының орындалғанын кезекті рет дәріптеудің жақсы мүмкіндігі еді. Ендеше билік неге одан тосыннан теріс айналды? Сол кезде Парламент Мәжілісінің депутаты болған Нұртай Сабильянов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында мұны былайша дәйектеді: Қазақстан шын мәнінде 25 қазанда емес, 16 желтоқсанда тәуелсіз елге айналды.
«Егемендік туралы декларацияның тарихи мәнін төмендеткім келмейді, бірақ ол халықаралық қатынастарда Қазақстанның дербестігін кепілдендірмеді. Тек бір ғана декларация негізінде басқа мемлекеттер Қазақстанды дербес субъекті ретінде мойындай алмады. Ол құжатта Қазақ КСР-інің егемендігі туралы айтылған. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданды. Тек осы заң қабылданған соң Қазақстан заң жүзінде рәсімделген тәуелсіз мемлекет мәртебесіне қол жеткізді. Әйтпесе, декларация қабылданған соң да біз бұрынғыдай КСРО құрамында қала бердік, тек одан шығу құқығын сақтадық. Аталған мерекені жою туралы шешім қабылдауға осы дәйектеме себеп болса керек», – деді Нұртай Салихұлы.Ұлтжанды азамат Ерік Асанбаев басқарған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі 1990 жылғы 25 қазанда қабылдаған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация жөнiндегі» №307-XII Қаулысы толыққанды тәуелсіздік жайлы емес-тін. Онда Қазақстанның жаңартылған одақта қалатыны жазылған: «Қазақ ССР – егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi. Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалады». Онда не себепті Жаңа Қазақстан азаттық алған күн ретінде Егемендік декларациясы қабылданған күнді таңдап отыр? Мерекені неге қалпына келтірді? Республика күнін қайтарып, оған жаңа маңыз, мазмұн беру идеясының авторы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол осы бастамасын 2022 жылғы 16 маусымда, Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысында жариялады.
– Біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек! Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Мәжіліс депутаттары 2022 жылғы 7 қыркүйектегі отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл заң Парламент толық қабылдап, Президент қол қойған соң, 2022 жылғы 29 қыркүйекте күшіне енді. Құжатты Мәжілісте талқылау барысында депутаттар мен Үкімет Республика күнін қалпына келтірумен шектелмей, мемлекеттік және ұлттық мерекелердің тізімін қайта қарады. Нәтижесінде, Президент бастамасы аясында біріншіден, 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке статусына ие болды (бұл ең жоғарғы мәртебе, өйткені 2009 жылға дейін ол мемлекеттік мереке ғана болған). Тиісінше, осы күн енді тәуелсіздік күні ретінде тойланбақ. [caption id="attachment_220641" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Екіншіден, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып қалды, яғни атауы сақталды, бірақ мәні мен мәртебесі өзгерді. Ол қазіргі ұлттық мереке мәртебесін жоғалтып, мемлекеттік мереке санатына ауысты. Сонымен бірге бұл күні желтоқсаншыларды және азаттық жолында басын құрбан еткен басқа да батырларды еске алу шаралары ұйымдастырылады. Себебі Президент Ұлттық құрылтайдағы сөзінде «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керегін», ал «Тәуелсіздік күні тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілетінін» қадап айтты. Осылайша, Қазақстанда жалғыз ғана ұлттық мереке болады: ол – Республика күні. «ҚР мерекелер туралы» заңына сәйкес, бүгінде мемлекеттік мерекелерге: 1-2 қаңтар – Жаңа жыл; 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні; 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы; 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі; 7 мамыр – Отан қорғаушы күні; 9 мамыр – Жеңіс күні; 6 шілде – Астана күні; 30 тамыз – Конституция күні және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жатады. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні алып тасталды.
«Республика күніне келсек, тәуелсіздікпен байланысты барлық іс-шара бұдан былай 25 қазанда ұйымдастырылады. Ал 16 желтоқсан Еске алу күніне көбірек ұқсайтын болады», – деді журналистер сұрағына жауап берген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.Президент бастамасы болғандықтан, Парламент не себепті Республика күні жаңа мәртебеде қайта оралатынын талқылаған жоқ. Үкімет те дәйектеме келтірмеді. Осыған қатысты сұрақты Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлға қойдық.
– 2009 жылы бұл мереке жойылғанда, соны негіздеу үшін қандай дәйектемелер алға тартылғанын білмедім. Мен ол кезде депутат болған жоқпын, Парламентке көп кейін келдім. Бірақ Қазақстан тек 1991 жылы тәуелсіз ел болды деген пікірлермен келіспеймін. Оның алдында сақ, ғұн, көк түрік бабаларымыздың қағанаттары, тәуелсіз Қазақ хандығы болды ғой. Әлемде кейбір заманауи мемлекет бабаларымен сабақтастығын сақтау үшін Тәуелсіздік күнін емес, Тәуелсіздікті қалпына келтіру күнін атап өтеді. Ал біздің жағдайымызда мәселе «Қазақтың тәуелсіз Республикасын» құру жайында болып отыр. Ал оның тарихы дәл сол 1990 жылғы 25 қазанда басталады, – деді Б.Смағұл.Қазақ үшін қастерлі құжат Депутаттың түсіндіруінше, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қазіргі ұрпақтың азаттық жолында алысқан ата-бабаларымызды ұлықтайтын, олардың осы жолдағы ерен ерлігі алдында тағзым ететін, яғни тарихи сабақтастықты сақтауға арналған күн болады. Ал 25 қазан – Республика күні Тәуелсіздікті қалпына келтіріп, төл республикасын құрудағы қазіргі қазақстандықтардың зор еңбегін дәріптейтін, әрқайсысымыздың осы жолдағы сүбелі үлесімізді салмақтап, мақтан тұтатын күн.
«Егемендік декларациясы толыққанды тәуелсіздікті қалыптастырған жоқ деген дәйектемелер айтылып жүр. Мысалы, АҚШ Тәуелсіздік күнін 4 шілдеде мерекелейтіні белгілі. Себебі осы күні, 1776 жылы Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Америкалық сарапшылардың түсіндіруінше, шынында, бұл заңнамалық емес, салтанатты құжат болып есептеледі: Құрама Штаттар нағыз тәуелсіздікке, жаһандық аренада тәуелсіз мемлекет ретінде танылуға соғыс толық аяқталған соң қол жеткізді. Тәуелсіздік күні оларда алғаш рет 1777 жылғы 4 шілдеде Бристолде мерекеленген. Ендеше 1990 жылғы Егемендік декларациясы қазақ республикасының азаттығының бастауы саналады. Сол жылғы 25 қазанда Қазақстан алғаш рет әлемге төл азаматтығы, заңдары, өз даму бағыты бар республика ретінде жарияланды», – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.Ол Егемендік декларациясында жаңа республиканың «қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiк» арқалайтыны туралы жанға жағымды сөз бар екеніне назар аудартты. Мұның сыртында бұл құжатта қазақтың мемлекеттiк егемендiгi жарияланды. Ал одақта қалу мәселесіне келсек, Қазақстан қазір де одақ ішінде: Еуразиялық одаққа мүше. Декларацияда Қазақстан КСРО-да емес, жаңа Егемендi республикалар одағына ерiктi түрде кіретіні жазылған. Бұл сол кездегі әбден күрделенген ұлтаралық мәселелерді ушықтырмау үшін жасалса керек. Декларация Қазақ халқының төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамытуды жаңа мемлекеттің аса маңызды мiндеті деп бекітті. Қазақстанның жері мен территориясының бүтіндігін, бөлiнбейтінін және оған қол сұғылмайтынын жариялады. Республикамыз кеңестік, тоталитарлық емес, енді демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде дамитынын белгіледі. Артынша 1991 жылғы 16 желтоқсанда Мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заң осы айтылғандарды заңдастырған алғашқы заңға айналды. Дегенмен содан бері азаттығымыздың ұстындарын нығайтатын мыңдаған заң қабылданды. Демек, АҚШ-тағы Тәуелсіздік декларациясы сияқты, біздің Егемендік декларациясы да қазақ халқы үшін қастерлі құжат саналады. Айтқандай, бұған дейінгі жылдары қоғам қайраткерлері Алтай Тілеубердин, Серікболсын Әбділдин, басқа да белгілі тұлғалар тәуелсіздік күні ретінде 25 қазанды таңдаған жөн екенін айтып жүрді. Олардың дәйектеуінше, Қазақстанның бірінші Президенті 1991 жылғы 1 желтоқсанда, тәуелсіздік туралы заң қабылданғанға дейін сайланды. Яғни, Қазақстан 1990 жылы тәуелсіз елге айналды деп есептеледі.