Республика күні: әлем қалай тойлайды?
Республика күні: әлем қалай тойлайды?
© коллаж: Қуаныш Сапарбаев
3,058
оқылды
Енді 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып атап өтіледі. Бұл күні қазақстандықтар демалады. Жалпы, әлем елдері үшін Республика күні айрықша маңызға ие. Ал Қа­зақ­стан тарихында Республика күні бұрын да болған. Бұл жолғы мереке несімен ерекшеленеді? Өзге мем­лекеттер айтулы күнді қалай тойлап жүр? 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік еге­мендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР-нің егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мем­лекеттіліктің қағидалары бекітілді. Сон­дай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу прин­ципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-ат­қарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтата алдық және өзіміздің заңдарымызды жасай бастадық. Осы қағидалар негізінде кейінірек 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы енгізілді. Республика күнін ел 17 рет тойлады. Тек 2009 жылдың сәуір айында «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Бұл мерекені алып тастауға соншалықты бір маңызды себеп болған емес. Бертінге дейін шенеуніктер Республика күнінің маңызы одан кейін келетін Тәуелсіздік күнінен мысқал кем емесін ауыздан тастамайтын. Тек кейбір сарапшы бұл декларация Қа­зақстанның емес, Қазақ КСР-нің егемен­дігін жариялады деп есептеген болатын. Не керек, араға 13 жыл салып ел тарихын­дағы айшықты күн, Республика күні халықпен қайта қауышты.
– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сон­дықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылғы 25 қазанда Қа­зақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жо­лындағы тұңғыш қадамы болатын. Рес­публика күні елдің мемлекет құру жолын­дағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік ме­реке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырла­рымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Республика күнін әлем елдері өзінше сән-салтанатпен атап өтеді. Айталық, АҚШ халқы Республика күнін жыл сайын 4 шілде де тойлайды. Себебі 1776 жылы дәл осы күні АҚШ тәуелсіздік деклара­циясын қабылдаған. Республика күні АҚШ-тың азат әрі тәуелсіз ел ретіндегі ту­ған күні болып саналады. Америкалық­тар­дың көпшілігі бұл күнді күніне қарап «Шілденің төрті» деп атайды. Бұл мейрамда от­шашулар атылады, парадтар, барбекю пісіру, карнавалдар, жәрмеңкелер, пи­к­никтар, концерттер, бейсбол ойындары, отбасылық кездесулер өткізіледі. Сондай-ақ үкімет халыққа жолдау жолдап, әртүрлі іс-шара ұйымдастырады. Республика күні — АҚШ-тың ұлттық мейрамы. Сондықтан бұл мерекені америкалық отбасылар асыға күтеді. Ал Қытай Халық Республикасында бұл күн ең басты мереке болып саналады. Қытайлар Республика күнін 1 қазанда той­лайды. 1949 жылы дәл осы күні халықара­лық аренада қытайлардың атынан сөйлей­тін бір ғана заңды өкіл болуы керек деген ше­шім қабылданып, сол шешімнің негізін­де Қытай Халық Республикасы жария­ланған болатын. Республика күніне арнап ел астанасы Бейжіңнің орталық алаңы – Тяньаньменьде әскери шеру ұйымдас­тыратын дағды қалыптасқан болатын. Кейіннен 1959 жылы қабылданған шешім бойынша, шерулер тек мерейтойлық да­таларда ғана ұйымдастырылып, одан кейін мәдени революциялар басталысымен, мұндай шерулер мүлдем тоқтатылған еді. Жалпы, мереке жеті күн бойы тойланады. Бұл аптаны қытайлар «Алтын апта» деп атап кеткен. «Алтын апта» аталуының се­бебі қытайлар басқа қандай мереке болса да тойлауын тойлайды, бірақ ешкім жұ­мыстан, не оқудан босатылмайды. Қала­ларда кешкісін фейерверк атылады. Ал жалпы халыққа келсек, әркім өз қалауынша тойлайды. Өйткені бұл ұлттық емес, мемлекеттік мереке болғандықтан, өзіне тән тойлау дәстүрі жоқ. Бауырлас Түркия мемлекеті де Респуб­лика күнін қазан айында атап өтеді. Себебі 1923 жылы 29 қазан күні елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ел конституциясына өзгерістер енгізіп, Түр­кия Республикасы деп жариялаған. Анадолы жерінің бас мерекесі жыл сайын сән-салтанатпен тойланады. Ал елдің бас қаласы Анкарадағы мейрам Ататүрік кесе­несінен басталады. Бұл жердегі шараның алғашқы легі мемлекет және үкімет бас­шылары, министрлер мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен өтеді. Мұнда атаулы мерекелерді Ататүрік жатқан жерде атап өту бұрыннан дәстүрге айналған. Бұл күні әдеттегідей елде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, шаһар орталықтарына қосым­ша сақшылар жұмылдырылады. Қараша халық Түркияның алғашқы парламентінен – Ататүрік кесенесіне дейін алқызыл бай­рақтарымен шерулетеді. Республика күні елдің әрбір үйінде, мектептер мен емхана, дүкендерге мемлекеттік ту ілінеді. Осы­лайша, түрік халқы бұл күнді қастерлеп, үлкен той-думанмен атап өтеді. Ал Италияда Республика күні жыл сайын 2 маусымда тойланады. Бұл маңызды дата Италия мемлекетінде жаңа басқару жүйесінің дүниеге келгенін білдіреді. 1946 жылы 2 маусымда бүкіл халық, оның ішінде әйелдер қатысқан референдум өтті. Нәтижесінде, Италияда соғыс уақытында өзін фашистік режиммен тығыз ынты­мақтастықта ұстаған монархия жойылып, республика жарияланды. Король Умберто II тақтан босатылып, билеуші Савой үйінің мүшелері жер аударылуға жіберілді. Ел жаңа басқару формасын қабылдады және кейіннен Италияның жаңа конституциясын дайындаған Ассамблея мүшелерін сайлады. Республика күні елдің ірі қалаларында әскери парадтар өтеді. Римдегі алғашқы республикалық шеру сонау 1948 жылы өт­кен болатын. Шеру Колизейден Капи­толий­дің етегіне дейін Императорлық форумдар даңғылы бойында өтті. Ита­лияның НАТО-ға кіруімен елдің басқа ірі қалаларында әскери парадтар өткізіліп, 1950 жылдан бастап әскери парад мере­кенің ресми іс-шараларының тізіміне ен­гізілді. Қарулы күштердің барлық бөлім­шесінің әскери қызметшілері қазіргі за­манғы парадтарға қатысады. Оның ішінде әуекүштері, әскери-теңіз күштері, құрлық әскерлері, оның ішінде элиталық бар­сельерлер тобы, карабинерлер (полиция­ның арнайы бөлімі), Қаржы гвардиясының қызметкерлері, орман полициясы, құт­қару­шылар және тіпті Қызыл крест медби­келері де бар. Шеруді президенттік полк­тың біріккен атты әскері аяқтайды. Рим ор­талығының аспанында аты аңызға ай­нал­ған Eurofighter жауынгерлері Италия­ның мемлекеттік туының түстерін ауаға шашып, айналып жүреді. Посткеңестік мемлекеттердің біразы ресми декларациялары қабылданған күнді Республика күні ретінде атап өтеді. Оның ішінде Әзербайжан мемлекеті де бар. Әзербайжан Демократиялық Респуб­ликасы шығыстағы алғашқы зайырлы де­мократиялық мемлекет ретінде 1918 жылы 28 мамырда құрылған. 1990 жылдан бастап Республика күні ұлттық мейрам ретінде тойланады. Бұл күні ел астанасында әскери парад өтеді. Осы күннің құрметіне Бакудегі жер асты стансасына «28 мамыр» деген атау берілген. Онда Әзербайжан Демократиялық Республикасының құрылғанына арналған ескерткіш тақта орнатылған. 2008 жылы Республика күнінің 90 жылдығына бай­ланысты мерейтойлық пошта маркасы шығарылды. Жалпы, ел халқы ұлттық мерекені асыға күтеді. Себебі мерекеде Әзербайжанның түкпір-түкпірінде кон­церттік бағдарламалар ұйымдастырылып, кешкілік отшашулар атылады. Байқағанымыздай, әлем елдерінде мереке күн жылы уақытта өтеді. Сол себеп­ті де халықтың түрлі шеруге қатысып, көңіл көтеруіне барлық жағдай жасалған. Біз осы уақытқа дейін 16 желтоқсанды мұндай сән-салтанатпен атап өтпейтінбіз. Енді 25 қазан, Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мерекеге айналғанда тарихымызды ұлықтап, науқаншылдыққа салынбай ерекше атмосферада өткізуіміз керек.