Бөтен қолмен төтен ылаң салмасын...
Бөтен қолмен төтен ылаң салмасын...
497
оқылды
Қазір әлемді қарусыз жаулап, мемлекеттің тұтас­тығын ақпараттық соғыс арқылы бұзуға әбден болады. «Ақпарат пен үгіт-насихатқа жұмсалған 1 доллар қаруға жұмсалған 10 доллардан әлдеқайда табысты. Қаруға кеткен шығын сол мерзімде іске жаратылып үлгеретін болса, шығын келтірген ақпарат сәт сайын, сағат сайын жұмыс істей береді» деген АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсонның айтқаны айна-қатесіз шындыққа айналғандай. Қазір ақпараттық майдан теңдессіз күшке ие болып келеді. Өйткені интернет шекараны білмейді. Мұндай сәтте өзге елдердің арасындағы те­ке­тірестің салқынын сезінбей қалу мүмкін емес. Өкі­нішке қарай, дәл қазіргідей ұрымтал сәтті өз мақсатына пайдаланып, ел ішіне іріткі салуды ойлайтындардың саны артып келе жатқандай көрінеді. Қоғамның қытығына тиетін не? Жүзден аса ұлт пен ұлыс өмір сүріп отырған елімізде жергілікті халықтың ар-намысына тиіп, ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізетін жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған де­йінгі жылдары да Оңтүстік Қа­зақстан, Қостанай облыста­ры­ның кейбір тұрғындары Украи­наның Донбасс қаласында ойран салып жатқан сепаратистерге көмек беруді ұйымдастырған еді. Сол кезде Украинадағы сепара­тистерге жәрдем беруге ресейлік әлеуметтік желі қолданушылары әртүрлі ұран жазып, мұрындық болғаны әлі есте. Айтылған сөз әлеуметтік желілерге тарап қана қоймай, елдегі кейбір БАҚ аран­датудың салмағын сараптамай жатып, жапа-тармағай жазыс­қан. Екі жыл бұрын Қытайдың беделді интернет ресурсының бірінде біздің еліміз жайлы ма­қала жарияланды. Онда да Қазақстанның территориялық тұтастығына күмән келтіретін дүние айтылады. Жасыратыны жоқ, ара-тұра әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қосуға үн­дейтін неше түрлі сурет салып, отқа май құйып қоятындар тағы бар. Бұл ғана емес, ел ішінде де Қазақстанның территориялық тұтастығы туралы сөз қозғап, жергілікті халықтың ашуына тиетіндер артынша кешіріммен құтылып жататыны қоғамның қытығына тиіп жатыр.
Енді, міне, дәл қазіргідей алмағайып сәтте екі ел арасына іріткі салуды жоспарлағандар желіде ойына келгенін жазып, жұртшылықтың жүйкесіне тие бастады. Жартылай мобилиза­циядан кейін жаппай елімізге келіп жатқан ресейліктердің алды төбелес шығарып, өз елінің позициясын ашықтан-ашық көр­сетіп жатқанын да көріп отыр­­мыз. Ал екі күн бұрын «Пав­­лодарская народная рес­пуб­­лика» деп ат қойып, айдар тақ­қан әлеуметтік желідегі па­рақ­ша қоғамның наразылығын туды­руға себеп болды. Белгілі ақын Алмас Темірбай бұл туралы ­әлеу­меттік желідегі парақша­сында: «Бұл не сұмдық? Бұлар­ды бақылап жүрген органдар бар ма?» деген жазба қалдырған. Артынша Бас прокуратура өкілі Серік Әділкенұлы ресми мә­лімдеме жасап, «Әлеуметтік желі қолданушысы Қазақстанның бір облысын шет мемлекеттің пай­да­сына береді деген жалған ма­териал жариялағанын» жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанның бір облысын басқа елдің пай­дасына иеліктен шығару туралы үндеу қамтылған арандатушылық материал анонимді Telegram ар­налардың бірінде жария­ланған. «Материалдың авторы анық­талды. Ол Қазақстанға келген шетелдіктердің қатарына жат­пайды. Қазір алыс шетелдің бі­рінде тұрады. Бұл – сырттан ба­ғытталған жоспарлы және мақсатты акция. Оның нысаны – Қазақстандағы жағдайды тұ­рақсыздандыру», – деді Серік Әділкенұлы. Прокуратура өкі­лі­нің сөзінен түсінгеніміз, желіде жарияланған материалдың маз­мұны жалған ақпарат таратып, ұлттық араздықты қоздыру мақ­сатын ғана көздейді. Айтуынша, материалда көрсетілген әре­кеттер Қылмыстық кодекстің 174, 180 және 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік пен жазаға әкеліп соғады. Сепара­тистік шақырулар фактісі бо­йынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Осы­ған байланысты азаматтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз. Осы секілді мате­риалдар мен үндеулерді жария­лап, таратушылар қатаң қыл­мыс­тық жауапкершілікке тар­ты­латынын назарға саламыз», – деп атап өтті ол.
[caption id="attachment_220662" align="aligncenter" width="1409"]ақпараттық соғыс © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Құзырлы органдар қалғып кетпеуі керек «Ресей азаматтарының елі­мізге көптеп келуі мемлекет тұ­тастығына нұқсан келтіреді деп айтуға негіз жоқ» дейді Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Зә­кіржан Кузиев. Оның айтуын­ша, қазір – ақпарат заманы. Сон­дықтан әлеуметтік желіде қандай да бір парақша немесе топ ашуға шектеу қойылмаған. Бірақ ол жерде мемлекет заңда­рына қар­сы және жеке азамат­тарға тіл тигізетін, азаматтық қо­­ғамның дамуына қарсы әре­кет­тер көрініс берсе, құзырлы ор­ган­дар әрбір шағымды қарауға құқылы.
– Рас, соңғы уақытта дәстүрлі емес ақпарат құралдары арқылы мемлекетке, азаматтардың жеке басына тиісу және ұлт араздыққа үндейтін мәлімдемелер көбейіп кетті. Оларды бақылап, заң­сыздық белгілері байқалса, тиісті органдар шара қолдануы керек деп санаймын. Меніңше, дәл қазіргідей сәтте еліміздегі ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке жауапты мемлекеттік мекемелер ұйықтап отырмауы керек. Гео­саяси жағдай ширығып тұрған уақытта мемлекет тұтастығына нұқсан келтіретін кез келген қауіптің алдын алып, онымен қоғамды құлақтандырып отыр­ғаны жөн деп санаймын», – дей­ді депутат. Осылай деген Зә­кіржан Кузиев: «Ресей Федера­циясындағы ішінара моби­лиза­циядан соң Қазақстанға да ре­сейліктердің жаппай келіп жат­қанының куәсі болып отырмыз. Соңғы дерек бойынша, елімізге 100 мыңнан астам ресейлік аза­мат кірді. Олар елдеріндегі қа­лыптасқан жағдайға байланысты амалсыздан осындай әрекеттерге барып отыр. Сондықтан оларды кеудесінен итергенше, көмек қо­­лын созған дұрыс. Мұны уа­қытша құбылыс деп қабылдап, келген азаматтардың жүріс-тұ­рысын қадағалап, елдің заңда­рына сәйкес қадағалау керек. Түсінеміз, қоғамда көптеген сұ­рақ пен алаңдаушылық бар. «Ресейліктердің Қазақстанға жаппай қоныс аударуы әлеу­мет­тік-экономикалық, этносаралық және саяси деңгейдегі ықтимал дағдарыстарға итермелей ме?» деген сұрақ туындап отыр. Бірақ алдын ала байбалам салуға бой алдырмай, уақыт төрелігіне қалдырайық» дегенді айтады.
Ресейдегі мобилизация жа­рияланған алғашқы күннен бастап әлеуметтік желіде түрлі топ ашылып, ол жерде біздің елге бет алғандар арасында өз ойын бүкпесіз айтып жатқан­дардың да жазғанын оқыдық. Соңғы күндері әлеужелідегі әртүрлі ақпараттық соғыс алаң­датушылық тудырып отырғаны да сондықтан. Сол себепті Қа­зақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін топтар мен жазба­лар­ды бақылау қалай жүріп жат­қа­нын білгіміз келген. Бірақ ҰҚК-нің баспасөз қызметі «Ақ­­парат айдынындағы аран­дату­шылыққа бақылау жүргізу Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің міндеті» десе, ми­­нистрлік бұл мәселенің өз­де­­ріне қатысы жоғын алға тар­та­ды. Алайда Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігі жалпы Қазақ­станның ақпарат­тық ке­ңіс­тігіндегі таратылатын ақпа­ратқа мониторинг жүргізуге жа­уап берсе, қылмыстық әре­кеттің белгілері болғанда ҰҚК немесе ІІМ жауап береді екен. Қорыта айтқанда, арандату­шылық жасап, елдің тұтастығына өрт қойғысы келгендердің қо­лындағы көсеудің жолын кесу маңызды. Өйткені әлгіндегідей анонимдік топтардың артында тұрған адамдарды жауапкер­ші­лікке тартқызу оңай емес. Шетел аза­матын халықаралық шарт­тарға сәйкес алдырту қиын. Оның үстіне, бірде-бір ел өз аза­матын жауапкершілікке тар­қызу үшін басқа елге бермейтіні тағы бар. Сол үшін ақпарат майданында жеңіліске ұшырап, қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасына түскісі келе­тіндерге тұсау салуды құзырлы органдар бір-біріне сілтемей, бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып іс қылғаны ғана керек. Азаматтық қоғам өкілі Ёдгор Носировтың айтуынша, қазір арнаулы қызметтерге әлеуметтік желідегі қауіпті арналардың түрін анықтап, ел аумағындағы жеделхаттар мессенджерін уа­қытша жабу қажет. Өйткені «айтылған сөз атылған оқпен тең болатыны» секілді, бірауыз сөз бір қауым елдің сана-сезімін өзгертуге қауқарлы. Ел ішінде қырықпышақ болып жатқанда шекара сыртындағы өзге пиғыл­дағылардың үгіт-насихатына өзіміз жем болып кетуіміз әбден мүмкін.