Қазір әлемді қарусыз жаулап, мемлекеттің тұтастығын ақпараттық соғыс арқылы бұзуға әбден болады. «Ақпарат пен үгіт-насихатқа жұмсалған 1 доллар қаруға жұмсалған 10 доллардан әлдеқайда табысты. Қаруға кеткен шығын сол мерзімде іске жаратылып үлгеретін болса, шығын келтірген ақпарат сәт сайын, сағат сайын жұмыс істей береді» деген АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсонның айтқаны айна-қатесіз шындыққа айналғандай. Қазір ақпараттық майдан теңдессіз күшке ие болып келеді. Өйткені интернет шекараны білмейді. Мұндай сәтте өзге елдердің арасындағы текетірестің салқынын сезінбей қалу мүмкін емес. Өкінішке қарай, дәл қазіргідей ұрымтал сәтті өз мақсатына пайдаланып, ел ішіне іріткі салуды ойлайтындардың саны артып келе жатқандай көрінеді. Қоғамның қытығына тиетін не? Жүзден аса ұлт пен ұлыс өмір сүріп отырған елімізде жергілікті халықтың ар-намысына тиіп, ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізетін жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейінгі жылдары да Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының кейбір тұрғындары Украинаның Донбасс қаласында ойран салып жатқан сепаратистерге көмек беруді ұйымдастырған еді. Сол кезде Украинадағы сепаратистерге жәрдем беруге ресейлік әлеуметтік желі қолданушылары әртүрлі ұран жазып, мұрындық болғаны әлі есте. Айтылған сөз әлеуметтік желілерге тарап қана қоймай, елдегі кейбір БАҚ арандатудың салмағын сараптамай жатып, жапа-тармағай жазысқан. Екі жыл бұрын Қытайдың беделді интернет ресурсының бірінде біздің еліміз жайлы мақала жарияланды. Онда да Қазақстанның территориялық тұтастығына күмән келтіретін дүние айтылады. Жасыратыны жоқ, ара-тұра әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қосуға үндейтін неше түрлі сурет салып, отқа май құйып қоятындар тағы бар. Бұл ғана емес, ел ішінде де Қазақстанның территориялық тұтастығы туралы сөз қозғап, жергілікті халықтың ашуына тиетіндер артынша кешіріммен құтылып жататыны қоғамның қытығына тиіп жатыр.
Енді, міне, дәл қазіргідей алмағайып сәтте екі ел арасына іріткі салуды жоспарлағандар желіде ойына келгенін жазып, жұртшылықтың жүйкесіне тие бастады. Жартылай мобилизациядан кейін жаппай елімізге келіп жатқан ресейліктердің алды төбелес шығарып, өз елінің позициясын ашықтан-ашық көрсетіп жатқанын да көріп отырмыз. Ал екі күн бұрын «Павлодарская народная республика» деп ат қойып, айдар таққан әлеуметтік желідегі парақша қоғамның наразылығын тудыруға себеп болды. Белгілі ақын Алмас Темірбай бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бұл не сұмдық? Бұларды бақылап жүрген органдар бар ма?» деген жазба қалдырған. Артынша Бас прокуратура өкілі Серік Әділкенұлы ресми мәлімдеме жасап, «Әлеуметтік желі қолданушысы Қазақстанның бір облысын шет мемлекеттің пайдасына береді деген жалған материал жариялағанын» жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанның бір облысын басқа елдің пайдасына иеліктен шығару туралы үндеу қамтылған арандатушылық материал анонимді Telegram арналардың бірінде жарияланған. «Материалдың авторы анықталды. Ол Қазақстанға келген шетелдіктердің қатарына жатпайды. Қазір алыс шетелдің бірінде тұрады. Бұл – сырттан бағытталған жоспарлы және мақсатты акция. Оның нысаны – Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру», – деді Серік Әділкенұлы. Прокуратура өкілінің сөзінен түсінгеніміз, желіде жарияланған материалдың мазмұны жалған ақпарат таратып, ұлттық араздықты қоздыру мақсатын ғана көздейді. Айтуынша, материалда көрсетілген әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174, 180 және 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік пен жазаға әкеліп соғады. Сепаратистік шақырулар фактісі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Осыған байланысты азаматтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз. Осы секілді материалдар мен үндеулерді жариялап, таратушылар қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын назарға саламыз», – деп атап өтті ол.[caption id="attachment_220662" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Құзырлы органдар қалғып кетпеуі керек «Ресей азаматтарының елімізге көптеп келуі мемлекет тұтастығына нұқсан келтіреді деп айтуға негіз жоқ» дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев. Оның айтуынша, қазір – ақпарат заманы. Сондықтан әлеуметтік желіде қандай да бір парақша немесе топ ашуға шектеу қойылмаған. Бірақ ол жерде мемлекет заңдарына қарсы және жеке азаматтарға тіл тигізетін, азаматтық қоғамның дамуына қарсы әрекеттер көрініс берсе, құзырлы органдар әрбір шағымды қарауға құқылы.
– Рас, соңғы уақытта дәстүрлі емес ақпарат құралдары арқылы мемлекетке, азаматтардың жеке басына тиісу және ұлт араздыққа үндейтін мәлімдемелер көбейіп кетті. Оларды бақылап, заңсыздық белгілері байқалса, тиісті органдар шара қолдануы керек деп санаймын. Меніңше, дәл қазіргідей сәтте еліміздегі ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке жауапты мемлекеттік мекемелер ұйықтап отырмауы керек. Геосаяси жағдай ширығып тұрған уақытта мемлекет тұтастығына нұқсан келтіретін кез келген қауіптің алдын алып, онымен қоғамды құлақтандырып отырғаны жөн деп санаймын», – дейді депутат. Осылай деген Зәкіржан Кузиев: «Ресей Федерациясындағы ішінара мобилизациядан соң Қазақстанға да ресейліктердің жаппай келіп жатқанының куәсі болып отырмыз. Соңғы дерек бойынша, елімізге 100 мыңнан астам ресейлік азамат кірді. Олар елдеріндегі қалыптасқан жағдайға байланысты амалсыздан осындай әрекеттерге барып отыр. Сондықтан оларды кеудесінен итергенше, көмек қолын созған дұрыс. Мұны уақытша құбылыс деп қабылдап, келген азаматтардың жүріс-тұрысын қадағалап, елдің заңдарына сәйкес қадағалау керек. Түсінеміз, қоғамда көптеген сұрақ пен алаңдаушылық бар. «Ресейліктердің Қазақстанға жаппай қоныс аударуы әлеуметтік-экономикалық, этносаралық және саяси деңгейдегі ықтимал дағдарыстарға итермелей ме?» деген сұрақ туындап отыр. Бірақ алдын ала байбалам салуға бой алдырмай, уақыт төрелігіне қалдырайық» дегенді айтады.Ресейдегі мобилизация жарияланған алғашқы күннен бастап әлеуметтік желіде түрлі топ ашылып, ол жерде біздің елге бет алғандар арасында өз ойын бүкпесіз айтып жатқандардың да жазғанын оқыдық. Соңғы күндері әлеужелідегі әртүрлі ақпараттық соғыс алаңдатушылық тудырып отырғаны да сондықтан. Сол себепті Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін топтар мен жазбаларды бақылау қалай жүріп жатқанын білгіміз келген. Бірақ ҰҚК-нің баспасөз қызметі «Ақпарат айдынындағы арандатушылыққа бақылау жүргізу Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің міндеті» десе, министрлік бұл мәселенің өздеріне қатысы жоғын алға тартады. Алайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жалпы Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі таратылатын ақпаратқа мониторинг жүргізуге жауап берсе, қылмыстық әрекеттің белгілері болғанда ҰҚК немесе ІІМ жауап береді екен. Қорыта айтқанда, арандатушылық жасап, елдің тұтастығына өрт қойғысы келгендердің қолындағы көсеудің жолын кесу маңызды. Өйткені әлгіндегідей анонимдік топтардың артында тұрған адамдарды жауапкершілікке тартқызу оңай емес. Шетел азаматын халықаралық шарттарға сәйкес алдырту қиын. Оның үстіне, бірде-бір ел өз азаматын жауапкершілікке тарқызу үшін басқа елге бермейтіні тағы бар. Сол үшін ақпарат майданында жеңіліске ұшырап, қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасына түскісі келетіндерге тұсау салуды құзырлы органдар бір-біріне сілтемей, бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып іс қылғаны ғана керек. Азаматтық қоғам өкілі Ёдгор Носировтың айтуынша, қазір арнаулы қызметтерге әлеуметтік желідегі қауіпті арналардың түрін анықтап, ел аумағындағы жеделхаттар мессенджерін уақытша жабу қажет. Өйткені «айтылған сөз атылған оқпен тең болатыны» секілді, бірауыз сөз бір қауым елдің сана-сезімін өзгертуге қауқарлы. Ел ішінде қырықпышақ болып жатқанда шекара сыртындағы өзге пиғылдағылардың үгіт-насихатына өзіміз жем болып кетуіміз әбден мүмкін.