Жетісулықтар биыл 1 гектар қант қызылшасын өсіруге 1 миллион теңгеден жұмсады. Ақсудағы қант зауыты тәтті түбірді қабылдамайтын болды. Жыл басынан бері шикізат қабылдайтын алаңды қайта жабдықтауға қажет деп жүрген 1,5 млрд теңге табылмады ма, әйтеуір кәсіпорынға тәтті түбір жеткізілмейтіні анықталды. Сырт елдерден тасымалданатын қант қамысын өңдеуге көшеді деген әңгіменің де анық-қанығы әлі белгісіз.
Осылайша, 13 жылдай тоқтап тұрып, бірнеше жыл бұрын ғана мемлекеттің миллиардтары мен инвесторлардың қаржысына қайта жарақтандырылып, іске қосылған алып зауыттағы қызу тірліктің ғұмыры ұзаққа бармады. Соның салдарынан Ақсу, Сарқан аудандарының қант қызылшасын өсірушілері өнімдерін тағы да 150-200 шақырым қашықтықта орналасқан Көксу қант зауытына тасымалдап, қосымша шығынға бататын болды. Сонымен бірге соңғы жылдары алқаптары айтарлықтай қысқарып кеткен қант қызылшасын өсіруге биыл бел буып, тәуекелге барғандардың айтуына қарағанда, жағдай осылай жалғаса берсе, қымбатшылық бұл саланы да мүлде тұралатуы әбден мүмкін. Өйткені 1 гектар тәтті түбірді көктемнен бастап, күзге дейін егіп күтіп-баптау, жинау жұмыстарына 1 миллион теңге кететінін осы салада жылдар бойы тер төгіп, бұйырғанын алып жүрген шаруалардың өз аузынан естідік. Шығын ақталып, аз болса да пайда көру үшін кем дегенде әр гектардан 500 центнер өнім алу керек. Бір кездердегідей, 260-360 центнерден жинау өзін ақтамайды. Ал 500-700 центнер алу екінің біріне бұйыра бермейді.
«Көксу қант зауыты» ЖШС 26 қыркүйектен бастап қант қызылшасын қабылдауға кірісті. Бұрнағы жылдары осы кәсіпорын науқандық жұмысын бастағанда, аудан орталығы Балпық би кенті мен Талдықорған қаласының арасындағы күре жолдың 20 шақырымдық бөлігінің бойы кезекте тізілген жүк көліктерінен көрінбей қалатын. Биыл өнім қабылдаудың алғашқы аптасында ондай кезек байқалмады. Әзірге Ақсу, Сарқан аудандары мен Қонаев қаласының шаруа қожалықтары өздері өсірген өнімді жеткізуде.
– Қазір күнделікті қызылша қабылдау ойдағыдай. Кезек күтіп тұрғандар жоқ. Ақсу, Сарқан ауданынан келетін көліктердің қатары аз болып тұр. Диқандар қоңыр күздің осынау қолайлы кезін пайдаланып қалуға тырысқаны жөн. Күн райы бұзылса, жеткізу қиындап кетеді. Зауыт күніне 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдайды. Жақын аудандар қызылшасын таси бастағанда көлік көбейіп, кептеліс болуы мүмкін. Осыны ескеріп, алыс аудандар үшін қосымша жол қарастырып қойдық, – дейді «Ақсу қант зауыты» ЖШС директоры Әділбек Абатов.Осыдан біраз бұрын Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі қант қызылшасын өсіретін шаруалармен кездесті. Сонда зауыт тарапынан тасымалдауға берілетін қаражаттың мардымсыздығы айтылған еді. Облыс басшысы зауыттағыларға бұл мәселеге назар аударуды тапсырған болатын. Өткен жылдары бір келі қант қызылшасын тасымалдауға 1 теңгеден төлеп келген зауыт қаражатты қайта қарап, биыл әр келі шикізат үшін жақын аудандардағы шаруа қожалықтарына 1-2 теңгеден, Қонаев қаласы мен Кербұлақ ауданының қызылшашыларына 3 теңгеден, Ақсу ауданынан жеткізілетін қызылшаға 4 теңгеден, Сарқан ауданына 5 теңгеден төлеуге кірісіпті. Шаруалардың айтуынша, осы қолдаудың өзі оларға айтарлықтай демеу. Диқандарды мазалайтын тағы бір мәселе – зауыттың қант қызылшасын қабылдау барысында түрлі себеппен шығынға есептейтін мөлшерлемесінің тым көптігі болатын. Зауыт зертханасының мамандары биылғы маусымда тасымалданып жатқан қант қызылшасы таза әрі сапалы екенін, шығын 6-7 пайыз айналасында есептеліп жатқанын жеткізді. Соған қарағанда, бұл жағдайға байланысты да екі жақ ортақ тоқтамға келген сыңайлы. Дегенмен қабылдау алаңына төгілген қант қызылшасын өндіріске жібергенше қалыпты жағдайда сақтау оңай емес екенін ескерген жөн. Кейде алаңдағы қызылшаны сақтау мерзімі 2-3 айға дейін созылып кетеді. Егер қант қызылшасының арасында шөп-шалам, тас-топырақ және басқа да бөгде заттар көп болса, шикізат алаңда тұрып-ақ шіриді. Күн аяқ астынан ысыса, құрамындағы қантты жоғалтады. Жауын-шашын көп болса, буланады. Кәсіпорынның қант қызылшасын зертханалық тексерістен қатаң түрде өткізуінің себебі де осында. Сондай-ақ шаруашылықтардың бәрі бірдей өз өнімдеріне жауапкершілікпен қарамайды. Арасында тас-топырағы алынбаған, шөп-шаламы тазартылмаған қант қызылшасын әкелетіндер де кездеседі. Сондықтан бұл мәселеге екі тарап та түсіністікпен қарағаны жөн. Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Әбілхайыр Тамабек те Жетісу облысына жолы түскенде қант қызылшасы және қант өндірісін дамыту бойынша жиын өткізген. Сол басқосуда саладағы біраз түйткілдің түйіні тарқатылғандай болған. Жыл басынан бері облыстық бюджет есебінен дәл осы тәтті түбір саласында 420 техникамен жабдықталған 19 сервистік-дайындау орталығы құрылғаны, қант қызылшасының шетелдік селекция тұқымдарының жоғары өнімді сорттары мен будандары жеткізілгені, тұқым үшін есеп айырысу қосымша пайыздық жүктемесіз күзгі өнім есебінен жүзеге асырылатыны сол жолы айтылған. Мемлекет тарапынан минералдық тыңайтқыш, пестицидтер және тұқымды сатып алуға жұмсалатын шығындар 50 пайызға дейін субсидиялайтыны да шаруа адамдарын қуантып тастаған. Сондай-ақ зауытқа өткізілетін қант қызылшасының сатып алу бағасы тоннасына 22 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін көтерілгені де көңіл демдегендей болған еді. Ерте көктемнен қара күзге дейін қызылшалы алқапта бел жазбағандар мынау биылғы қымбатшылық қысқан кезеңде 30 мың теңгенің де алқаптағы маңдай терді ақтамайтынына көз жеткізді.
– Жылдан-жылға барлық тауардың бағасы қымбаттаған сайын қант қызылшасын өсірудің шығыны да артып отырады. Биыл 1 гектар жерге кеткен шығын 900 мың теңгені құрады, кей жерлерде ол тіпті 1 млн теңгеден асып кетті. Осыған байланысты министрлікке зауытқа өткізілетін шикізаттың әр тоннасы үшін мемлекеттен берілетін субсидияны 15 мыңнан 25 мың теңгеге көтеруді ұсындық. Сонда осы ақшаға қайта өңдеуші кәсіпорын төлейтін 15 мың теңгені қосқанда шаруа әр тонна үшін 40 мың теңге алар еді. Біздің ұсынысымызды министрлік қолдады. Бірақ оң өзгеріс келесі жылдан бастап күшіне енеді, – дейді Жетісу облысының басшысы Бейбіт Исабаев.Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, мемлекет қызылша өсірушілерге қолайлы жағдай жасау үшін қант өндірісін дамыту жоспарын дайындапты. Жыл басында қант қызылшасының 1 келісі 22 теңге еді, көктемде 30 теңгеге көтерілді. Алдағы жылы 40 теңге болады. Осы мақсатқа бюджеттен 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сол сияқты қазір тұқымның, гербицидтің, тыңайтқыштардың 50 пайызы, отандық ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25-30 пайызы, шетелдік техникалардың 15 пайызы, қызылша жинайтын комбайндар құнының 50 пайызы субсидияланады.
– Бала күнімізден әкеміздің жанында жүріп еңбекке үйрендік. Қант қызылшасын өсірудің сыры мен қырына қанықтық. Қазір сырттан көмек күтпей, барлық шаруаны өзіміз атқарамыз. Былтыр 12 гектар телім жерге қант қызылшасын егіп, гектарынан 700 центнерден өнім алдық. Биыл 40 гектар суармалы жерге қант қызылшасын егіп едік, орташа 700 центнерден артық өнім жинаймыз деп үміттеніп отырмыз. Бірақ шығын да көп. Биыл минералды тыңайтқыш пен жанар-жағармай және тасымал құны қымбаттап тұр. Алдын ала есептеу бойынша, гектарына 1 млн теңге жұмсалды. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдауларды қайта қарастырған жөн, – дейді Сарқан ауданындағы «Әбілқасымов» шаруа қожалығының өкілі Нұрлан Әбілқасымов.
Болат АБАҒАН