Ұмыт қалған жәдігерлер
Ұмыт қалған жәдігерлер
1,074
оқылды
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде этнографиялық зерттеулер нәтижесінде ұмыт қалған жәдігерлер қайта жаңғыртылып жатыр. Жалпы, сыр өңірінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін облыстық тарихи-өлкетану музейінде археология және этнография зерттеу бөлімінің атқарған жұмыстары оң нәтиже беріп келеді. Соның ішінде этнографиялық зерттеулер негізінде ұмыт қалған жәді­гер­лерді қайта жаңғырту жұмыстары қол­ға алынған.
«Облыстық тарихи-өлкетану музейі­нің «Археология және этнография» ғы­лыми-зерттеу бөлімінің этнографиялық зерттеулері нәтижесінде ұмыт қалған бұйымдар қайта жаңғыртылуда. Облыс­тық музей директоры Сапар Көзейбаев­тың қолдауымен бұл жұмыстар музей қорын толықтыруға оң ықпалын тигізді. Ал жаңғырту жұмыстары жергілікті шебер Бекзат Жақыповтың қолымен жасалды. Бүгінде музей көрмесіндегі қай­та жаңғыртылған дүниелерді тамашалауға келушілер қарасы көп», – дей­ді облыстық тарихи-өлкетану музейі­нің бөлім меңгерушісі Әйгерім Бек­құлиева.
Негізінен, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 60 мыңға жуық экспонат бар. Соның 6 мыңға жуығы музей экспозициясында орналасқан. Музей 1939 жылы ашылып, 1980 жылы бұрынғы қонақүй ғимаратына көшірілген. Бүгінде өңірдегі 1953 жылы іргесі қаланған музей ғимаратының өзі тарихи жергілікті маңызы бар ескерткіш саналады. жәдігер Қазір музейде 11 экспозициялық зал жұмыс істейді. Онда Сыр өңірінің таби­ғаты, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, археологиялық, этнографиялық ахуалы, мәдениеті, әдебиеті, тәуелсіздік жыл­дарын­­дағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы кеңінен көрініс тапқан.
«Соның ішінде этнографиялық зерттеулер нәтижесінде «Тұсаукесер» әшекейінің жаңғыртылған нұсқасы қайта жасалып отыр. Бұл әшекей ХІХ ғасырдан бері бұл сәбидің тұсауын кесер рәсімінде пайдаланғаны белгілі. Бұйым тазалықтың символы ретінде күміс ме­тал­дан соғылып, түрлі асыл таспен әр­ленген. Күміс қоңыраушалармен безен­дірілген. Қазақ халқының ұмыт қалған бұл бұйымын кезінде бай-бағландар зергерлерге арнайы тапсырыспен жасат­қан екен. Сол сияқты үш мың жылдық тарихы бар ортеке қуыршағын да қайта жаңғырттық. Ұлттық құнды­лығымыз саналатын бұл қуыршақты этно­графия­лық негіздемелерге сүйене отырып жасап шықты. Бүгінде ата теке, әке теке және бала теке «Этнография» залының төрінде домбыраның күйіне билеп, келушілерді таңғалдырып келе­ді», – деп түсіндірді музей­дің бөлім меңгерушісі Әйгерім Сейіт­бекқызы.
Сонымен қатар музей көрмесінде қос қызыл ақықпен және жасыл ақықпен жасалған күміс тарақ, сәукеле форма­сындағы әтірқұты, екі бөліктен тұратын оймақты жүзік, кимешек ойығының пішініндегі кимешек жүзік, қанат фор­масындағы құсқанат жүзік қайта жаң­ғыр­тылып, көрмеге қойылған. Бұған қоса, аша немесе қосбет домбыра, бие саууға арналған Көнек ыдысы, адамның басын биіктету үшін ағаштан жасалған жастықағаш, бойтұмар, пышақты қамшы сынды ерте заманда тұтынған дүниелер де бар. Жалпы, күні бүгінге дейін музейде этнографиялық зерттеулер нәтижесінде 20 бұйым қайта жаңғыртылып, көрмеге қойылған. Бабаларымыз тұтынған құн­ды жәдігерлерді жас ұрпақтың санасында жаңғырту мақсатында жасалған дүние­лер келушілер тарапынан жоғары баға­сын алып отыр.

Қызылорда облысы