Әлеуметтік желі қолданушылары Нұрәлі Бейсеқожаны жақсы таниды. Әсіресе, жас композитордың алма бағында, Медеу төрінде пианиномен орындаған шығармалары өнерсүйер қауымның зор қошеметіне ие болған. Нұрәлінің туындылары адам жанына тыныштық сыйлап қана қоймай, арман атты ақ бұлтқа қарай жетелейді. Әуені де, тақырыптары да сан түрлі. Ол небәрі 9 жасында «Қазақстанның жас композиторы» атанып, 300-ден астам классикалық шығарманы өмірге әкелген.
Нұрәлі 4 жасынан бастап пианинода ойнап, ең алғашқы туындысын 6 жасында шығарған. Қазір талант иесінің 300-ден аса классикалық шығармасы бар. Ол жаңа шығармасын әуелі ата-анасына, бауырларына фортепианода орындап береді. Олардың пікірін сұрайды. Көбіне бөлмеде оңаша қалады екен. Сондықтан Нұрәліге ешкім кедергі келтірмеуге тырысады.
– Ең алғаш үлкен сахнаға шыққан сәтім әлі есімде. Қатты қобалжыған жоқпын. Алматы қаласының Қазақконцерт залында «Анашым» атты шығармамды скрипкада орындап бердім. Ол кезде 1-сыныпта оқитынмын. Көрермендерге де қатты ұнады, – деп еске алды Нұрәлі.
Нұрәлі әр сөзін ойланып, байыппен айтады. Сыртқы келбетіне қарап, халқымыздың біртуар композиторы Нұрғиса Тілендиевке ұқсаттық. Ал шын мәнінде, Нұрәліге өнер ағаларынан дарыған. Үлкен ағасы Нұрсәт Бейсеқожа – күйші-композитор, бүгінде Түркістан облысындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның директоры. Елуден астам авторлық күйі бар. Одан кейінгі ағасы Ғаламат Бейсеқожа –домбыраның құлағында ойнайтын өнерпаз, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектептің түлегі.
– Балаларына дұрыс тәрбие бергісі келетін қарапайым отбасында дүниеге келдік. Әкем ауыл шаруашылығымен айналысады. Отбасымызда алты ағайындымыз. Алматы қаласында туып-өстік. Ата-анамыздың өнерден ауылы алыс болғанымен, олар біздің талантымызды, талабымызды өте жоғары бағалайды, түсінеді. Сәйкесінше, олар біздің музыкамен айналысуымызға барынша мүмкіндіктер жасады. Әрқашан біздің жаңа туындыларымызды ынтыға күтеді, – дейді жас композитор.
Бүгінде ағайынды Ғаламат пен Нұрәлі еліміздің түкпір-түкпірін аралап «Ұлы дала әуені» атты шығармашылық кеш беріп жүр. Домбыра мен фортепианоның керемет үйлесімінде шырқалған туындылар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген. Ал бір жыл бұрын оларды Германия концерт қоюға шақырады. Осылайша, неміс халқы Нұрәлінің шығармаларын жоғары бағалап, «Көрнекті композитор» номинациясын беріпті. Жас дарын Шопен, Моцарт, Бетховен, Бах, Чайковский, Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты композиторлардың шығармаларын сүйіп тыңдайды. Оның айтуынша, музыка композитордың жүрегінен шығуы керек, сол кезде тыңдарманның да көңілінен орын табады.
– Музыка – үлкен қазына. Бір шығарма арқылы қанша оқиғаны айтуға болады. Айналада болып жатқан құбылысты, тарихи оқиғаны, тіпті адамның айта алмаған сезімін, жеткізе алмаған сөзін де музыкамен баяндауға болады. Жақсы әуен – жанға шипа, дертке ем, – дейді Нұрәлі.
Нұрәлінің композицияларының тақырыптары да сан түрлі. Көбіне композитор қоғамдағы өзекті тақырыптарды арқау етеді. Мысалы, Денис Теннің құрметіне арнап «Аққан жұлдыз», «Қаралы қаңтар» трагедиясы жайлы «Ақ пен Қара», Украинадағы қақтығысқа арнап «Соғыссыз әлем» шығармаларын жазған.
– Денис Теннің қазасы біздің отбасымызға ауыр тиді. Барлығымыздың ол үшін жанымыз ауырды. Сондай мұңды музыкамен жеткіздім. Отбасыма сол шығарманы ойнап бергенде олар қатты қуанды. Содан кейін барып, мен бұл шығармамды Денис Тенге арнағанымды айтқанымда олар маған ризашылығын білдіріп, халқымыз да туындыны тыңдауы керек деп, әкем шығармамды жаздыртып, әлеуметтік желілерге салдық. Бұл шығарма тез тарап кетті. Көптеген адам Денис Тенге арнау шығарғаным үшін алғыстарын айтты. Баталарын берді, – дейді жас композитор.
Ал жақында Нұрәлі Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы үлкен концерті алдында, Димаштың фанаттарымен кездесу кешінде «Әлемнің жарық жұлдызы» туындысын орындап берді. Бұл – жас композитордың Димаш ағасына арнаған шығармасы.
– Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концертінің алдында ағамен арнайы кездесіп, «Әлемнің жарық жұлдызы» атты шығармамды орындап бердім. Негізі Димаш аға маған 2018 жылдан бері әлеуметтік желіде қолдау көрсетіп келеді. Осы жолы фан кездесуден кейін Димаш Құдайберген мені шетелде өтетін концертіне шақырды, – дейді Нұрәлі.
Кейіпкеріміз музыкадан бос уақытында футбол ойнайды, анасына көмектеседі. Мақсаттары да асқақ. Талантты композитор дүниежүзі елдерін аралап, жеке концертін беруді армандайды. Сол арқылы Қазақстанның атын шығарсам дейді.
– Тыңдармандарымнан жылы пікір жиі естимін. Бұл адамды шабыттандырады. Ол үшін алғысым шексіз. Болашақта бұдан да жақсы шығарма жазу үшін барымды саламын. Дүниежүзіне елімді танытқым келеді. Әуелі Қазақстанда, кейін Еуропа елдерінде, АҚШ-та, Ресейде жеке кешімді өткізгім келеді, – дейді Нұрәлі Бейсеқожа.
Иә, жас композитор алғашқы шығармашылық кешін 13 жасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен концерт залында өткізген болатын. Одан бері де жер-жерді аралап, халықты өнерімен қуантып жүр. Енді Нұрәліге Димаш ағасындай әлемге танылып, еліміздің атын асқақтата беруін тілейміз.