Жол мұраты – жету
Жол мұраты – жету
824
оқылды
Жыл сайын жаңаланатын жо­лау­шылар пойызының жыры тау­сылмай тұр. Мәселен, елімізде жүк және жолаушы пойызы ва­гон­дарының рельстен шығып кетіп, апатқа ұшырау жағдайлары жиі болады. Екі күн бұрын ғана Атырау облысында тағы төрт жүк вагоны рельстен шығып кеткен. Қалпына келтіру, жүргізу жұмыс­тары жүргізілгенімен, артынша тағы апат болмасына кепілдік жоқ. Ал биыл алғашқы бес айдың өзінде ғана жолаушылар тасы­малы қызметіне қатысты мыңнан астам арыз түскен. Алайда билет құнын аспандатуға әуес «Жолау­шылар тасымалы» АҚ сапаға кел­генде саңырау кейіп танытып келеді. Бүгінде ел ішінде қатынайтын 800-ден астам вагонның тозығы жеткен. Бұл ғана емес, күрделі жөндеуден көз ашпайтын пойыз жолдары мен вокзалдардың өзі де жыларман күйде. Аймақтарды айтпағанда, тәулігіне 36 пойыз өтетін елорданың ескі вокзалы жолаушылар үшін азапқа ай­нал­ған. Жолаушылар үшін екінші не үшінші жолға тоқтаған пойызға жетуі мұң. Себебі вокзалдағы эскалаторлар екі күннің бірінде істен шығатын көрінеді. Сол үшін жолау­шылар тунель арқылы немесе биік сатымен жүруге мәжбүр. Сорақысы, арбаға таңыл­ған жарымжан жандар мен балалы аналар үшін арнайы жол да қарастырылмапты. Сапаға айтылар сын көп «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкі­лі Мәди Мұхамедқали жұмсалған қаражат коммерциялық құпия екенін айтып отыр. Дегенмен акционерлік қо­ғамға тиесілі вагондардың саны 2 200-ден асып жығылады. Соның ішінде «Тальго» вагондарының саны – 676, қалған 1 500-ден астамы – стандарттық үлгідегілер. «Биыл жолаушылар вагонының саны 62 жаңа үлгідегі вагонмен толықтырылды. Бұл – «Тальго» вагондары. Стратегиялық жоспарға сәйкес, олар отандық вагон құ­рас­тырушы зауыттан өндіріліп шығарылды. Ал 2010-2021 жылға дейін 1 100-ден аса жаңа типті вагондар қолданысқа берілсе, 2029 жылға дейін жолаушылар пойызы тағы 500-ден астам жаңа үлгідегі вагон­дар­мен толықтырылады», – дейді акционерлік қоғамның ресми өкілі. Ал осы жылдарда жаңа 150 стандартты вагондар қолданысқа беріліпті. Сондай-ақ ол «билет құны жыл соңына дейін көтерілмейді» деп отыр. Бұдан бөлек, субсидияланған пойыздар үшін билет құнына 25 пайыз жеңілдік те қарас­тырыл­ған. Мысалы, жолаушысы көп пойыз билетіне де өзгеріс енуі мүмкін. Коммер­циялық пойыздардың билетіне бақылау жүргізу мүмкін емес. Өйткені олар «Қазақ­стан теміржолы» компаниясына қара­майды. Тікелей Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне бағы­нышты.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқалидың айтуынша, жолаушы пойызының сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік желі арқылы сервистік мониторинг жүргізіледі. Оған сәйкес, арыз-шағымдардың дені пойыз­дардың сапасына қатысты айтылады. Оның ішінде жекеменшік тасымалдау­шыларға қатысты да арыз-шағымдар жиі түсетін көрінеді. Ал жолаушы пойыз­дарының уақытынан кешігуінің де себебі бар. «Теміржолда жөндеу жұмыстары жү­реді. Сосын жүк тасымалдаушы вагон­дармен соқтығысып қалмау үшін бірінші пойыз екінші пойызды өткізіп тұрып қалуы мүмкін. Оның үстіне, қысқы мау­сым­ға дайындық жүреді. Сол үшін кешігу болатыны түсінікті» деп толықтырды жауап­ты маман.
Қолдану мерзімі 40 жылға тақады
Екі ай бұрын Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тілепов өз сөзінде «Соңғы 10 жылда біз 1 100-ден астам жолаушылар вагонын жаңарттық. Жолаушы вагондарының орташа тозуы шамамен 46%. Биыл тағы 73 жолаушылар вагонын сатып алуды жос­парлап отырмыз. Сондай-ақ бизнесті, яғни жеке тасымалдаушыларды қолдау және ынталандыру мақсатында жолаушылар тасымалын субсидиялау, жолаушы вагон­дарын сатып алу кезінде сыйақы мөлшер­лемесін субсидиялау енгізілді. Қазір швейцариялық «Штадлер» компаниясымен еуропалық стандарт бойынша жолаушы вагондарын шығару мәселесі пысықталып жатыр» деп атап өткен. Айтуынша, 2029 жылға дейін елімізде 530-дан астам вагон сатып алынады. Арыз-шағымдардан жақсы хабардар екенін айтқан ол: «Биыл алғашқы 5 айда 200-ден астам вагон тексерілген. Ол бойынша 431 тәртіп бұзу фактісі анықталып, 32 миллион теңге айыппұл салынды», – дейді.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарамаған жолаушы тасымалдаушы компанияларға салынған айыппұл мен жаңа вагондардың қолданысқа берілгені қуантады. Бірақ осы уақытқа дейін қолданылып келген шара­лардың нәтиже бергені мардымсыз ғана. Есесіне жарты жылдың өзінде ғана темір­жол билеттерінің бағасы 7 пайызға қымбаттаған. Дегенмен жолаушылардың қызмет көрсету сапасына көңілі толған емес.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров билет бағасының өсуі қызмет сапасымен сәйкес келуі керек екенін айтады. Алайда дәл қазіргі жағдайда жолаушылар тасымалы пойыздарының қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Осылай деген депутат: «Жолаушы үшін екі нәрсе ғана керек. Бірі – уақытылы жеткені. Екіншісі – қызмет көрсету сапасы мен сервисі көңілдегідей болғаны дұрыс. Ал біздегі жолаушы тасымалы осы екі талаптың үдесінен шыға алмай тұр», – дейді.
Теміржол саласында 10 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Нұрбек (аты өзгертілді) жылжымалы құрам паркіндегі 2,6 мың жолаушылар вагонының шамамен 50 пайызға жуығы тозғанын айтады. Кеңестік заманнан қалып кеткен вокзалдар мен жолаушылар вагонының жоспарға сай жаңартылмауы салдарынан сөз еститін жолсеріктер ғана. Соңғы 10 жылда 1,1 мыңнан астам жаңа вагон сатып алын­ғанымен, қолдану мерзімі 30 жылдан асып кеткен әлі 900-ден астам вагон бар. Теміржол саласына тәртіп керек
Осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан Ербол Қайырбеков зейнетке шығып кетсе де, тозығы жеткен теміржол саласы үшін жаны ауыратындардың бірі. Себебі қазіргі вагондардың апатқа ұшырауы ескірген рельс жолдарына келіп тіреледі. «Кезінде ресейлік әріптесіміз «Теміржолдардың бетоны күнге күйіп көлемін ұлғайтады. Сол себепті шойын жолдан вагондардың дөңгелегі шығып кетеді» деп түсіндірген еді. Ал жаңадан алған «Тальгоның» вагондарында дәрет­ханаға алдымен кіріп, артпен шығасың. Жалпы, жолсеріктердің тәрбиесін темір­жол саласындағы тәртіптің өзінен бастаса», – дейді Ербол Қайырбеков.
ҚТЖ 2022-2029 жылдарға ең кемі 469 жолаушы вагоны және 26 электростанса вагонын сатып алуға жүздеген АҚШ дол­ларына тендер ойнатып жатқанына бір­шама уақыт болды. Жолаушылар мен бюджеттің қомақты қаражатына өткізіліп жатқан тендер жолаушылар вагондары паркінің тағдыры мен онжылдықтағы сапасын шешпек. Таңдау ресейлік Транс­маш­холдинг (ТМХ) және швейцариялық Stadler арасында жасалатыны жария болды. Бір қызығы, кейбір ақпарат көздері «ҚТЖ осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік «Трансмашхолдинг» зауытымен вагон жасау зауытын сатып алу туралы мәміле жасасқан болатын. Алайда бұл мәміле сенімгерлік басқару туралы келісімшартқа ұласып кетті де, былтыр «Трансмашхолдинг» компаниясының «Тверь» вагон жасау зауытынан әкелінген вагондары «Тұлпар» зауытында сөз жүзінде ғана құрастырған. Өйткені «Трансмашхолдингте» вагондар шығару үшін СТ-КЗ сертификаты жоқ. Іс жүзінде ресейлік компания Қазақстан аумағында өзінің вагон топтамаларын құрастыруды бастауға дайын емес. Демек, «Трансмашхолдинг» «Тұлпар Тальгоны» басқаруға беру бойынша шарттарды орындамай отыр» деген ақпарат беріпті. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болса жолаушылардың шекара сыртына жоғары жылдамдықпен жүйт­китін жүрдек пойыз торабы бірнеше жылдан соң қолданысқа берілетінін айтып қуантып қойды. Осындайда Қазақстан мен Орталық Азияны байланыстыруға уәдені үйіп-төгетін жауаптылар ел ішіндегі жыл он екі ай жөндеуден көз ашпайтын жүрдек пойыздардың жолы мен вагондарын жаңа­лап, жолаушыларға жағдай жасаса ғой дейсің. Өйткені жолаушылар вагондары­ның жартысы тозған. Бұл ғана емес, салдыр-гүлдір еткен пойыздарда тазалық сақталмайды. Телефон қуаттағыштың орны жоқ. Тар купенің терезесі ашылмайды, аптап ыстықта желдеткіш жұмыс істемейді. Бірақ теміржол билеттері жыл сайын кө­те­ріледі. Жолаушылар ақысы жаңа вагон­дар алуға төленіп, жөндеу жұмысына жұм­салатын көрінеді. Әйткенмен, жолау­шы пойызының ақысына сай сапасы көте­ріліп, сервисі жақсарғаны бай­қалмайды.