Ол сән әлеміне ішкі қалауымен келген. Содан ба, ерекшелікке, актуал дүниеге құмар. Әрі жанындағыларды әдемілікке үйір еткісі келеді. Мұны Бұлбұл Қалқанбаеваның энергиясынан бірден байқайсыз. Өйткені оған отыздан асқасын да мамандық ауыстыру қиынға соққан жоқ. Қазір қыз-келіншектерге талғам қалыптастыруға көмектесіп, стилист маман дайындап жүр.
– Бұлбұл ханым, сән әлеміне қалай келдіңіз? Қателеспесем, мамандығыңыз – филолог. Әлде қосымша білім алдыңыз ба?
– Балалық шағым экономикалық тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздік алған кезде небір күндер бастан өтті. Сондықтан бірнеше көйлек кию, ерекше дүние жасау деген болмады. Әдетте стилистердің өмір тарихын оқысаңыз, «бала кезінде көйлекті түрлендіре алғанын» көресіз. Десе де, әдемілікке құмар болып өстім. Өйткені анамыз сұлулыққа құмар еді. Ауланы гүлге көмкеріп, дүниені үйлестіруге көз үйренді. Қашанда таза, әдемі киінуге бейімдеді. Қаражатымыз аз болса да, қолда бармен жинақы жүруге тырысатынбыз.
Иә, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіргенім рас. Бірақ бұрыннан сән әлеміне әуес едім. Содан декреттік демалыста жүргенімде бір ой маза бермеді. Құдды өмір көшінен қалғандай, бір нәрсенің орны толмай тұрғандай күй кештім. Осылайша, ішкі қалауым есіме түсіп, зерттей бастадым. Артынша украин стилисі Маргарита Мурадованың «персонал стилист» курсын сатып алдым. Жалпы, стилистер персонал және фэшн стилист болып екіге бөлінеді. Ал Маргарита Мурадова екі саланы да қатар алып жүрген білікті стилист. Аталған сабақты оқи келе, бала күнгі арманым еске түсіп, өмірді шексіз сүйетінімді түсіндім. Осыдан кейін білім алуды тоқтатпадым. Петербордағы стилист Ольга Словодан, мәскеулік стилист Александр Клейменовтан, қазақ қызы Дана Қаражігітовадан тәлім алдым. Әлі де үйренерім көп. Дегенмен осы білімімді ықшамдап, біздің менталитетке бейімдеп ұсынып жүрмін. Өйткені қазақы аудиторияға әлемдік сәнді тура сол күйінде ұсына алмайтынымыз бар.
– «Әкімдіктен Алматыға» дейінгі жолды қалай жүріп өткеніңіз қызық. Мұндай ойдың тууына не түрткі болды?
– Өскемен қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде бірнеше жыл жұмыс істедім. Лауазымым бірнеше рет көтерілді. Бірақ ішімнен өзімнің кеңсе жұмысына емес, шығармашылық ортаға бейім екенімді сездім. Әкімдіктегі жұмысыма келсек, бұл тәжірибемдегі үлкен мектеп іспетті. Ережеге, адамдармен қарым-қатынас құруға, өзің байқай бермейтін қабілетті шыңдауға үйретті. Күш-жігерімді шыңдау мен жылдамдыққа жұмыс істеуді де сонда үйрендім. Дегенмен арнайы кесте мен кеңсе жұмысы қыса бастады. Сән әлеміне, киім үйлестіруге құштарлығым арта түсті. Содан декреттік демалыс кезінде курс оқыдым, артынша Қазцинк компаниясына жұмысқа тұрдым. Ақырындап Өскеменде сән туралы ақпарат таратып, әйелдерге талғаммен киінуді үйрете бастадым. Алайда білесіз, Өскемен – кішкентай қала. Дүкен де, сән жайында білгісі келетін адам да аз. Алматыға қоныс аударуға шешім қабылдап, жақындарыма айтқанымда қатты таңырқады. Өйткені жоғарыдағы компанияда жұмыс істеу кез келгенге бұйыра бермейтін. Ал маған сән қазаны қайнап жатқан Алматыға бару керек-ті. Жолдасым екеуміз бұрыннан үлкен қалаға көшуді ойлап жүрдік. Таңдауымыз Астанаға түсіп, үй сатып алғанбыз. Алайда таңдауды сән индустриясы дамыған Алматыға ауыстырдық. Себебі мықты стилистермен қоян-қолтық араласып, республикалық жобаларға қатысқым келді. Әрі қалаған киімді оңай іздеп таба алатының тағы бар. Иә, арман қалаға қоныс аударуым карантинмен тұспа-тұс келді. Меніңше, карантин көп адамның көзін ашқан сияқты. Байқағанымдай, біразы бизнес бағытын өзгертіп, өзін іштей тани түсті. Сондай-ақ карантин маған да ішкі дауысымды тыңдап, барынша жұмыс істеуіме көмек берді. Айтарым, «жұмысыңды тастап, Алматыға көш» деген пафос ұран емес. Біріншіден, «соқыр тәуекелді» ешқашан құптамаймын. Ал алды-артын ойлап, тәуекелге бару – батылдың ісі. Сондықтан сүйікті ісіңізге тәуліктен 25 сағат уақыт таба алсаңыз, сізге табыс әкелетініне сенемін. Сүйіп істейтін жұмыс қанаттантырады, көзіңіз жанып, шаршауды ұмытып кетесіз.
– Өзіңіз айтпақшы, қазақтілді аудитория сән туралы контентке шөліркеп отыр. Осының орнын қалай толтырып жүрсіз?
– Сенесіз бе, декреттік демалыс кезінде Google-дан «Как быть стильной?» деп іздегенімде ақпарат өте аз еді. Сол үшін бірнеше миллион салып жүріп, ресейлік стилистерден оқып-үйрендім. Оқығанымды қазақ аудиториясына бейімдедім. Расымен де, қазақтілді аудитория ақпаратқа шөліркеп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Instagram-да блог жүргізе бастадым. Оның үстіне, біз өте тәрбиелі халықпыз. Мәселен, үлкеннің алдында қымсынбай жүру, баланың алдында беделімізге нұқсан келмеу керегі бар. Осының бәрін ескере отыра, әдемілікке ұмтылу керек. Мысалы, әлемдік сән ұсынатын ашық-шашық, жырық киімдер біздегі менталитетке келмейді. Осыны біртіндеп ұсынғанымда, аудитория бірден лап қойды. Менталитеттің көлеңке тұсы, «сен кімсің, бізге көйлек киюді, өмір сүруді үйретесің бе?», «күйеуге тидік, бала таптық, бізге сән не керек?» дейтіндер де табылды. Сондықтан бастапқыда өте қиынға соқты. Бертін келе аудиторияның 80-90%-ына сән әлемі туралы сіңірдік. Бір жағынан бұл менің ғана емес, әлеуметтік желінің құдіреті. Қазіргі қазақ әйелі жан-жақты ақпарат алуға құмар. Осыған орай, жеткізгім келген дүниені теледидардағы бағдарлама, желідегі блог түрінде айтып жүрмін. Одан бөлек, «Қалай, қайтіп, немен кию жайлы» дейтін марафоным бар. Қосымша қазақтілді стилист дайындауды қолға алдым. Кейінгі жеті-сегіз ай ішінде бес қызды үйреттім. Қуантарлығы, қазақтілді стилистер қатары күн сайын толығып жатыр.
– Гардероб мәселесіне ойыссақ, қазақтың қыз-келіншектері жіберетін қателік пен артықшылықты тізсеңіз. «Гардеробта осы бес зат болса, ұтылмайсыз» деп нені атар едіңіз?
– Қыз-келіншектердің кемшілігі, жыл он екі ай киюге ыңғайлы қара шалбар іздейді. Мұндай шалбар денедегі артық-кем тұсты жасырады деп ойлайды. Оған қоса, неғұрлым шалбар тыртысып тұрса, жинақтап тұрады дейтін түсінік бар. Керісінше, мұндай түстегі шалбармен артық массаны көрсетіп алып жатамыз. Ал кейде пошымы дұрыс таңдалған ақ шалбармен дене бітімін коррекциялауға болады. Сондай-ақ қыз-келіншектер персонал стилистпен жұмыс істеуге әлі дайын емес. Олар «стилистке ақша төлегенше, өзім киінбеймін бе?» деп ойлайды. Мысалы, маманмен қателеспей, талғаммен алынған киім бес-алты жыл актуалды болатынын, басқа киімдермен үйлестіру құндылығын түсінбейді. Дегенмен арасында бір оқпен бірнеше қоян ататын қыздар бар. Оған қоса, киім пошымының актуал, актуал емес екеніне көз жеткізбейді. Себебі пошымы дұрыс таңдалған киім бәрімен үйлесетінін білмейді. Одан кейін қазақ аудиториясында «қымбат киім алсам, әдемі киінемін» дейтін қате түсінік бар. Жоқ, қарасаңыз, Dior, Prada сияқты брендке малынғанымен, талғамы жоғы көрінетін қаншама қыз-келіншек бар. Есіңізде болсын, талғамды ақшаға сатып алмайсыз. Базардан да талғаммен киінуге болады. Артықшылық, қыз-келіншектер өздерін жақсы көреді. Актуал болсын-болмасын киім сатып алуға қаражаты жетеді. Кей тұста қателескенімен, өзіне ақша жұмсай алады. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана бала мен күйеуді алға қойып, өзін кейінге қалдыратындар көп еді. Қазір керісінше, өзін күтетін қыз-келіншектер көп.
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ