Абақтыда жазасын өтеп жатқан суретші Геннадий Головкиннің портретін салды. Ол Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД №29 мекемесінде қамауда отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.Polisia.kz-тің дерегінше, сотталғандар боксшы Геннадий Головкинге Саул Альвареспен жекпе-жекте қолдау көрсеткен.
«Біз сіздің барлық жекпе-жегіңізге қасыңызда тұрғандай қатысамыз. Сіздің жеңісіңізге ешқашан күмәнданбаймыз. Сіз – біз үшін нағыз батырсыз. Жеңіс біреуден жақсы болуда емес, ол сенің жүрегіңде, халыққа және өз Отаныңа деген сүйіспеншілікте сезіледі. Геннадий, біз сізді мақтан тұтамыз! Мамандығым – суретші. Өзімнің соңғы жұмысымды сіздің жекпе-жегіңізге арнадым, онда сіздің бейнеңізді – қазақтың кәсіпқой боксшысы, Олимпиада ойындарының жүлдегері, Әлем чемпионы ретінде бейнеледім, – дейді суретші.
Мекеме қызметкерлері боксшының портретін Геннадий Головкин атындағы Қарағандыдағы денешынықтыру-сауықтыру кешеніне тапсырды.
«Суретші Геннадийдің жүзі жылы, рухы мықты екенін айна-қатесіз бейнелеген», – дейді Головкиннің GGG атындағы ФОК бас инженері Юрий Сергеев.
Бұған дейін Геннадий Головкиннің Сауль Альвареспен жекпе-жегі туралы жазған болатынбыз.